Тележурналистика - арнайы технологиялар арқылы түсірілетін бейнелік ақпарат тарату. Қоғамның көкейтесті мәселелерін,алуан түрлі пікірлерді қозғайды және шешудің жолдарын көрсетеді. Адамның санасына ықпал етеді, аудиторияның сұраныстарын қанағаттандырады.Көрерменді бейнелілігімен, болмысты көз алдыға келтіруімен, эмоциямен тартады. Осыған қарай халық сенімі жоғары. Сонымен қатар, тележурналистикада ақпарат тарату өте жылдам. Оған себеп уақытпен бірге дамып жатқан алуан түрлі технологиялар. Осының арқасында тікелей эфирде хабар тарату,ойын-сауық , тағы да басқа қызықтарды ұйымдастыру қиын емес. Тіпті қазір ұялы телефонмен де тікелей эфир жүргізуге болады.Тележурналистиканың негізгі ерекшелігі- көрерменге эмоционалды- психологиялық түрде әсер ету. Яғни, кез-келген адам алған ақпаратты көзбен жылдамырақ қабылдайды. Әрі тек құлақпен естігеннен әсері басқаша болады.
Қазақ тележурналистикасы 20ғасырдың 50 жылдарының соңына қарай қалыптасты. Теледидардың алғашқы телехабарларын тәжірибе түріндегі – кинофильм, театр және эстрада шығармалары құрады. Теледидарға газет және радио саласынан келген журналистер үшін телехабарлардың өзіне тән кәсіби ерекшеліктерін игеру алғашында оңайға түскен жоқ. Бүгінде телевизия техникалық даму үстінде. Қазіргі заманғы тележурналистикада әлеуметке ықпал ететін, көрермендерге бағыт-бағдар сілтейтін мүмкіндіктер жеткілікті. Теледидар бағдарламаларындағы ықшамдылық, өткірлік, айқындылық, маңыздылық – тележурналистикаға қойылар басты шарттар. Теледидарда көркемдік, публицистикалық сарын жалпы журналистиканың заңдылықтарынан туындайды. Телеэкрандағы хабарлардың көркемдік деңгейі, ішкі құрылымының қуаты, кіріспе сөздерден бастап шарықтау шегіне, шешім табуына дейінгі сыңарлар әрбір бағдарламаның өн бойынан көрініп отыруы тиіс. Мысалы, теледидардың әдеби-драмалық хабарларында әдебиетке тән көркемдік тәсілдер барынша еркін сақталып қолданылады. Эфирдегі көрініспен қатар естілетін не сөйленетін сөздің дыбыс мүмкіндіктеріне, дауыс ырғағына қарай құбылып, әсер, ықпалының арта түсетінін ескерсек, қойылымдардағы әдіс, тәсілдер сөздің реңін ашып, ойдың бейнелі түрде көрермендерге эстетикалық ләззат беріп, құлақтан кіріп, санаға сіңіп қалатындай көркем дүниелер ұсынуына мүмкіндік туғызады.
Журналистиканың бұл бағытына қызығушы жастар көп. Арманы көгілдір экран алдында жаңалық жүргізіп,халыққа өз пайдамды тигізсем дейтін әрбір азамат пен азаматша осы тележурналистиканы таңдайды. Қазақстанда бұл бағытты терең оқытатын, мол тәжірибе беретін оқу орындарының алдыңғы қатарында Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті тұр. Нағыз тележурналист болам деуші жас талапқа осы оқу орнын таңдауға кеңес беремін.
Кешегі арман - кемел келешек. Болашақ бүгіннен басталады. Ұшқыр ой мен киелі қаламды серік еткен өз ісінің шеберлері болуыңызға тілектеспін! Тележурналистика саласында бояусыз өзіндік дара жолыңызды салыңыз!
Өрісбай Аружан Нұржанқызы