Тел ағаның телеарнадағы тәжірибесі
блог
29 наурыз күні спорт журналисі, QAZSPORT телеарнасының корреспонденті Телжан Күдеровпен кездесу өтті. Кездесуді 2020 жылы елімізде тұңғыш ашылған Еуразия ұлттық университетіндегі Спорт журналистикасы білім беру бағдарламасының студенттері ұйымдастырды.
Сұхбат барысында ағамыздан өзі қатысқан бес олимпиада және жиырма үш мемлекет туралы сұрадық.
Сондай-ақ, спорт журналистеріне қай спорт түрлерінен хабар тарататынын таңдау туралы ойын білдік.
“Спорт журналистикасын таңдаған соң, өзіңе жақын, өзің түсінетін спорт түрлерін таңдап, сол туралы ғана ақпар таратып, сол туралы жазу керек екен. Күрес, бокс, дзюдо, самбо, қазақша күрес сияқты 5 спорт түрін таңдадым.”,- дейді.
Журналистикаға аяқ басқан кездегі қызықтарын, Амангелді Сейітхан ағамыздың жанында жүріп, басынан өткізген қызықтары туралы да айтты.
“Қазіргі журналистер өте бақытты, барлық құралдары дайын, жап-жаңа. Өмірлерің жеңілдеген. Біз енді бастаған кезде 1994 жылдары жағдай жасалмаған еді. Жазған эфиріміз өшіп кетіп, толықтай қайта түсіруге тура келетін.”,- деді Телжан аға.
“Журналист болу үшін білім мен құштарлық керек. Егер спортшының шыңы - олимпиада ойындарына қатысу болса, спорт журналисінің шыңы - олимпиада ойындарын көзімен көріп, хабар тарату.” - деп, олимпиада ойындарынан тікелей хабар тарату бақытына көп еңбектену арқылы ғана жете алатынымызды айтты.
Еркін форматта өткен сұхбат болғандықтан, ағадан спортқа қатысты да, спорттан тыс та сұрақтарымызды жаудырдық.
“Мәдениет пен спорт елді дүние жүзіне танытады. Спортшыларымызға осы орайда қиын. Оны мойындау керек. Жылдар бойы дайындалған еңбегіңнің нәтижесі үш-ақ минуттық ойында көрінеді. Сондай кезде, олардың сынып қалатындары бар, жеңілісті жеңіл қабылдайтындары да бар. Жалпы, өз еліңнің атынан шығып жатқандықтан, спортшылардың жеңісі мен жеңілісі саған тікелей әсер етеді.” ,- дейді Тел аға.
Жарты сағатқа келуін өтініп едік, бірақ әңгіменің қызығына кіріп, ағамызбен бір жарым сағаттай сұхбаттасқанымызды білмей қалыппыз.
Әңгіме барысында ағаның өз мамандығын қалай жақсы көретінін тыңдап отыра бергің келеді. Көз жанарының жайнап, сондай қызығушылықпен түсіндіруі маған ерекше әсер сыйлады. Арманыма одан сайын қанат бітірген Тел ағаға сүбелі сұхбат үшін тағы да алғысымды айтқым келеді.
Салтанат ШЕРХАН
Еуразия ұлттық университеті