Текті Абайдан үлгі ал, өскелең жас! (байқау)

  Сәлем сүйікті Массагеттік достарым! Жаз өтіп, байқау да аяқталар шаққа жеттік. Байқау басында мақсат қоярымда, ең қол жетімді әрі пайдалы дүние кітап оқуды таңдап едім. Бүгінде сол өзім оқыған кітаптар маған орасан зор рухани байлық сыйлады. Әрі соның ішінде өміріммен байланысты тұсы да кездесті. Бірге көрелік!

  "Абай жолы" романын бастап оқи бастаған кезде алғашқы бөлімдерінің бірінен Ырғызбай деген есімді көріп қалған едім.. Әңгіме содан басталды.

   Негізі біз отбасымызбен жыл сайын Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай ата деген үлкен әулие кісінің кесенесіне барып тәу ететінбіз. Кітапты оқып жатқанда осы кісі Абайдың туысы, аталасы немесе оның өміріне бір қатысы бар емес пе екен деп ойладым.

   Шынында, мен кітаптан оқыған Ырғызбай - ол Абайдың үшінші атасы, яғни атасы Өскенбайдың әкесі болып шықты. Ал мен бұрыннан білетін Ырғызбай әулие Абайдың туысы емес екен. Басында туысы деп ойлағаныммен Абайдың үшінші атасы - Ырғызбай Айдосұлы  (1744-1785) болса, Ырғызбай ата Ырғызбай Досқанаұлы (1787 – 1850) екен.

   Кішкентай кезімде Ырғызбай атаның басына ылғи барып жүргенімізбен ол кісінің тарихымен танысып көрмеп едім. Демалыстан Ақсуаттан қайтар жолда сол кісінің әулиенің басына кіріп, Құран оқытып қайттық. Ендігі ол кісі жайлы көптеген мәліметтерге қаныққан соң бір қызық жайтты оқыдым. Кітапта оқыған Ырғызбай ол кісі болып шықпаса да, расымен, Абайдың өміріне, оның әкесі Құнанбай мен атасы Өскенбайға қатысы бар адам екен. Қандай қатысы бар десеңізші?!

   Алдымен Ырғызбай Досқанаұлының өмірімен таныстыратын болсам, ол кісі 1787 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы Қарақия тауы баурайында өмірге келіп, 1850 жылы Тарбағатай ауданындағы Күмісті бастауында қайтыс болған. Қазақ жөнімен ататек шежіресін таратсақ, Найман ішіндегі қаракерейдің қыржы руынан шыққан. Жастайынан емшілік, көріпкелдік қасиет дарып, көптеген сырқат адамдарды емдеп жазған. Бала күнінен дәрілік шөптерді жинаумен айналысып, емшілік тәжірибесінде кеңінен пайдаланады. Сол заманда баурайы жыныс тоғайлы, биік шалғынды, қойнауы құт мекен Тарбағатай тауынан сан түрлі емдік шөптер мен шипалы өсімдік тамырларын жарғақ құлағы жастыққа тимей жинаған. Тамырларды бір бөлек, шөпті жеке, сабағын, гүлін бір бөлек жинап, көлеңке жерде кептірген де, үш қанат күркеде сөрелер, қапшық, қалталар әзірлеген. Шипагердің кәдімгідей өзіндік дәрігерлік лабораториясы болған. Тіпті Түйемойнақ тауының қиын құз, шатқалдарынан адамтамырды (женьшен) тауып, емшілігіне пайдаланған.Адамдарды тегін емдеген.
   Ырғызбай емші аурулардың тамырын ұстап, сырқатын айна-қатесіз білген, бет-әлпетіне, алақаны мен тырнағына қарап, тамырын ұстап ауру түрін ажыратқан.

  Абай өміріне қатысы жайлы айтсам,  Ырғызбай Абайдың атасы Өскенбай биді емдеген. Сол қызметіне ризашылық ретінде Ырғызбай әулиенің інісіне Өскенбай өз қарындасын берген екен. 

   Бала кезінде Құнанбай 1933жылы  шешек ауруымен қатты ауырыпты. Емін таппаған соң, Өскенбай би замандасы Ырғызбайды алыстан шақыртыпты. Ырғызбай ата сонда: «Ауру әбден өтіп кетіпті. Екі-үш айсыз беті бері қарамас. Алла емімді құп көрсе, мына қу шешек құр кетпей баланың жүзіне таңбасын қалдырады-ау», — деген екен әулие бабамыз. Кейін айтқаны айдай келіп, әлгі шешек Құнанбайдың бір көзін алып түсіпті.

  Солай бір мәліметті іздеймін деп екіншісіне тап болдым. Қазақ жерінде Ырғызбай Досқанаұлындай үлкен әулие емші болғаны - біз үшін мақтаныш.

   "Абай жолы" романын оқымай тұрып Абай туралы көкейімде көптеген сауалдар болды. Бүгінде соларға жауап таптым.

   Бірінші сауалым: Неге Абай өлеңдерінің көбінде оқу-білім, өнер-ілім жайлы насихаттайды?                Жауап: Ол жастайынан медресе мен мектепте оқығанымен кейін одан қол үзіп қалды. Орта жасқа келгенінде оқу үйренуге деген құштарлығы басым болғанымен, ендігі жастық шағы қайтып келмейтінін түсініп, алдыңғы буын ұрпаққа міндеті ретінде оқудың пайдасы ешқандай қазынамен салыстыруға келмейтінін, адам болуға жетелейтінін жете түсіндіріп жеткізгісі келген.

   Екінші сауалым: Сонымен қатар, неліктен Абай жалпы Адамзаттың қас жауы өсек, өтірік айту, мақтаншақтық, надандық, қанағатсыздықты өз өлеңдерінде қатты сынға алады?                                      Жауабы: Абай өмір бойы надандықпен күресті. Қараңғы санасын жарыққа алып шыққысы келмеген халықтың надандығы Абайды әбден қажытады. Көрші ауылдардың бір-бірінен мал ұрлауы, жала жабуы немесе біреу жоғарыға сайланса (уездікке, болыстыққа) екіншісі көре алмай аяқтан шалуы, бәрі бәрі Абайдың осындай өлеңдер жазуына себепші болған.

  Үшінші сауалым: Халқы арасында қыздарына Зере, Ұлжан, Әйгерім, Тоғжан есімдерін қойғандарды өте жиі кездестіреміз. Негізі, қыздарға олардың есімі қандай ниетпен қойылғаны жайлы аз-кем естігеніммен, олардың өмірімен жақынырақ танысқым келді.                                                                    Жауабы: Зере - Абайдың ұлы анасы, әжесі. Бүкіл ауылдың шешен тілді, данагөй, ақылшы әжесі болған. Көп заманды көрген көнекөз әже немересі Абайға өте жақсы тәрбие берген. Әрі бала-шағасының тәрбиесін жіті қадағалаған.                                                                                                  Ұлжан - нағыз қазақ әйелінің бейнесі. Ол жасынан өнерге, шешен сөйлеуге, қағытпа қалжыңға жақын болғанымен, келін болғаннан кейін жарыммен жарыспайын деп ол әдетін қойған-ды. Бірақ, бұл қасиеті кейін баласы Абайға дариды.                                                                                                      Тоғжан - көршілес Бөжей ауылының қызы. Абай оған бозбала шағында ғашық болады. Сәніне сымбаты жарасқан, асқан сұлу болған деседі. Бірақ, ол Абайдың қосыла алмаған ғашығы.                        Әйгерім - Абайдың сүйіп қосылған жары. Өз қатарластарының арасында ерекше танылған, күміс көмей, жез таңдай әнші болған. Абай алғашында оның керемет даусына ғашық болады. Кейіннен ақылына көркі сай ару екеніне көзі жетеді. Ол Абайдың өмірінің соңына дейін бірге болған.

   Төртінші сауалым: Неліктен Абай мен әкесі Құнанбайдың көзқарастары әртүрлі болған?                     Жауап:Құнанбай ескінің адамы.Ал Абай жасынан орысша тәрбиеленген. Кейін де әлем әдебиеттерін оқып,әсіресе соның ішінен Шығыс  әдебиетін сүйіп оқыған және сонымен тәрбиеленген. Сондықтан екеуінің көзқарастары бірдей болмаған соң, Абайдың әкесіне қарсы шыққан кездері де болды.

   Бесінші сауал: Абайды ақындығымен қоса композиторлық қырынан да білеміз. Бірақ осы Абайдың музыкалық білімі бар ма екен деп ойлайтынмын.                                                                                    Жауап: Негізі Абайдың музыкалық білімі жоқ. Бірақ, ол бала кезінде үйіне келген ақын-жыршылардан домбыра үйреніп, шығармашылығы содан басталған. Мықты композитор болғанын "Айттым сәлем Қаламқас!", "Көзімнің қарасы", "Желсіз түнде жарық-ай", "Сегіз аяқ" сынды әндерінен білеміз.

   Биыл Абай атамыздың туғанына 170 жыл толады. Ең алдымен Адамзатты адам болуға шақыратын ұлы тұлғаның тәні өлсе де әлі күнге жаны өлмегендей өлеңдері талайлардың жүрегіне нұр сәулесін шашып тұр.

    Биылғы жылдан бастап Абайтану пәні нақты пән болып кіріпті. Бұл, әрине, мен үшін де аса қуанышты жаңалық болды.

                             

   P.S. Сонымен, Абайдың өмірі туралы Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романын оқып бітірдім! Мақсатыма жеттім! Текті Абайдан үлгі алыңдар, өскелең жас!  

 


Бөлісу: