Қырықта қамал алу үшін отызда орда бұзу керек. Отызға тақағанда сол орданы ортасына түсіру үшін бүгінгі жиырмадан асқан шағымда не істеуім керек? Бұл сұрақтың іздей берсең нұсқасы отыз, ал жауабы жалғыз: еңбекқорлық.
Еткен еңбегінен қорлық көргенді көрмегем. Бұл өмірдегі өзіміз білмейтін миссиямыз – Құдайдың әр адамға берген бір пайыз туа бітті дарынын жүзге толтыру. Демек, тоқсан тоғыз пайыз еңбектену керек. Адам еңбектенуді еңбектеуден бастайды.
Өмірдің заңдылығы бойынша жақсылықтың зұлымдығы, ақтың қарасы, Ринат Зайытовтың Найнти уаны бар. Сол сияқты еңбекқорлықтың қарсыласы – жалқаулық.Талай жұмыр басқа жалқаулық тас кенеше жабысады. Бұның антибиотигі не? Ойлап көрейік.
– Біреулер мотивация дейді. Алайда санаңды дүр сілкіндірген мықты мотивацияның өзі әрі кетсе үш күнге ғана жетеді емес пе?! Басқа тағы не болуы мүмкін?
– Сөгіс. Қой, сөгістің арты соғысқа ұласуы мүмкін ғой...
– Мүмкін, адам тағдырындағы ерекше бір оқиға бұл қасиеттен арылтар? Алайда, күтіп отыра берсе бақытын іздеген Қадірден оның қай жері артық?! Оның үстіне ол оқиға қабырғаны қайыстыратын қайғымен келуі мүмкін.
Қысқасы, түйгенім мынау, жалқаулықтан арылтатын жалғыз жол ол – ниет. Иә, сұмдық бомба нәрсе күтудің қажеті жоқ. Ішкі талпыныс болғанда ғана адамның жан қалауы шегініс жасайды.
Жалқауда не болмайды?
Қарасам жалқауда көбіне «ж» әрпінен басталатын құнды дүниелер болмайды. Ең негізгілерінің бірі, мұндай адамда жауапкершілік, жетістік, жылдамдық және жоспар болмайды. Ал материалдық жағынан жақсыдан басталатын дүниелер: жақсы тұрмыс, жақсы жалақы, жақсы үй, жақсы көлік деген сияқты жалғаса береді. «Ж» әрпінің өзі жалқаулықтың айқын символы болып тұр. Біз ғой жалқау, ағылшындарды қарашы, дәл осы «ж»-ны екі әріппен жазады ғой.
Айтпақшы, жалқау дегеннен шығады бір шенеунік көкеміз жиналыста қалғып кетіп, түсінде басына қазақы тақия киген, орта бойлы жігіт келіп аян беріпті.
"Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты", - деді де әлгі сұлба ғайып болды. Көкеміз де селт етіп оянып кеткен еді, жиналыс аяқталуға жақындапты. Бұдан шығатын түйін, құрметті көкелер, жиналыста ұйықтасаңыздар ұйықтай беріңіздер, бірақ жанағы көкем сияқты мағыналы түстер көрсеңіздерші!