"Тек" сөзіне қаншалықты мән бересіз?

 

        Аялдамадан күнделікті күйбең тіршілікпен таң сәріден жасы да, кәрісі де престеліп кәдуілгі автобусқа қарай жылжыдық. Біріміз жұмысқа, біріміз сабаққа асығамыз. Есіктен басыңды сұқсаң болды, ары қарай итеріліп-итеріліп кіріп кетесің. Соқыр адамдай сипалап жүріп, ұстайтың тұтқа таптың, таппасаң көліктің ішіндегі тығынға сенесің.
         Автобуста ілдәлдәлап тұрғанда біреудің қолы тиіп кетсе, енді біреу аяғыңды басып кетеді. Мұрның тыжырынып, аяқ киіміңді  үйден жақсылап майлап шыққаның есіңе түсіп, еңбегің еш кеткендей қаның қарайып, іштен тынасың.
         Осындайда ойға шомып кетемін. Кептеліс сөзімен қалаға келгелі таныспын. Жолдағы, көлік ішіндегі, университеттердегі қоңырау үзілісіндегі тығындар... Адам өмірінің өзі кептеліс екен ғой. Кәрісі кетеді, жасы қалады, орнын басады. Сонда өзімізді машинаға ұқсатып жіберемін.
         Міне, Абай даңғылына келіп те қалыптық. Есек арбаша ілбіп автобус та келеді.
         Осындай оймен аласапыран күй кешіп тұрғанда бір қарияның «тексіз» деген сөзі жүрегімді тіліп өтіп, құлағымды шыңылдатты. Жалт қарадым. Қазақтың ең ауыр сөзі тексіз тек ашынғанда ғана айтылатын еді. Кезекті аялдамадан түсуге ниеттенген әжейді, қағып-соғып екі жас жігіт сыртқа ұмтылыпты. Қалмақтай салмағы бар әжей билет тексеруші ағайға қарай құлайды. Құдай сақтап ағайымыз епті болып шығады. Әлгі екеуі кешірім сұрамастан алды-артына қарамай зытып барады. Көлік іші у-шу, орысша-қазақшасы бар боқтық сөздер әр жерден айтылып жатыр. Әжейді бақсам, әжімдері үлкейіп, көзі қанша қату болса да жасқа толып, еріндері дір-дір етіп, тек «тексіз» деген сөзді айтты да, аяғын ілбіп басып, көліктен түсті. Екі көзім терезеде әжейдің әрбір қадамын бағып тұрмын.
         Басында селтеңдеген ақ орамал, үстінде өң бере бастаған қызғылтым көйлек, оның сыртынан оюланған көк жәкет, аяғында мәсі. Жанындағы жалғыз серігі таяғына сеніп, жаңа жүрген баладай аяғын санап басып кетіп бара жатты. Көлік ішіндегі бұл жағдай тез ұмытылды, кейбір жерлерде күңкілдеген сөздер естіледі.
         Бағанағы айтылған сөз көңілімнен әлі кетпей, ойым сан жаққа шашырап мәңгүрт күй кештім. Тексіз деген сөз тек саған ғана емес, жеті атаңа дейін сүйектен өтетін сөз. Адамды жануарлардан, адамды адамнан ерекшелеп тұратын тәрбие емес пе?
         Бауыржан атамыздың «Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық» деген ұлағатты сөзі еріксіз ойға оралды. Қазіргі жастар «тек» сөзіне мән бермек тұрмақ, жеті атасын санамалап бере алмайды. Тілге тиек етер сылтауы, қазақ ішінде бөлінбеу керек. Иә, бөлінбеу керек. Бірақ өз ата-тегін білу міндетті емес пе? Сол арқылы қан тазалығын сақтаймыз ғой.
         «КазГУ» деген жүргізушінің сөзі ойымды бөліп жіберді. Асыға-үсіге түстік.  Аялдамадан сабаққа қарай асықтым. Автобустағы ойым сабақсыз үзіліп, көлікпен бірге кетіп бара жатты.



Бөлісу: