Тек қана қалған сол баяғы аялдама...

Тек қана қалған сол баяғы аялдама...
жеке
блог

аялдама Інжу бүгін тағы келді. Ол осы аялдамаға күнде келіп жүр. Үйіндегі бар шаруасын бітіріп, осында келуге үнемі асығады да тұрады. Үйіндегілерге құрбыма кеттім дейді. Осында келу үшін талай ұрыс та естіген. Бірақ Інжудің жүрегі бәріне шыдайды, ол қалайда амалын тауып аялдамаға келеді. Келеді де, күтеді. Ол оның әдетке айналған ісі. Жан-жақта қарап өткен жұртқа мән бермейді. Екі көзі талғанша сол бір жаққа қарайды да тұрады. Оған өзгенің ойы не сөзі қажет емес. Көзге де алмайды. Келерінде жүзінде үміт оты жанып тұрады, уақыт өткен өткен сайын Інжудің жанарына жас ұялайды, күдері үзіліп, мұңайып қайтады. 

Бірақ, осындай сәтсіздіктерге қарамастан ол мұнда, аяулы арманын тапқан жерге келуден еш жалыққан емес. Інжуге бұл аялдама сондай қымбат. Мұнда оның балалық шағы өткен, ең алғашқы сыры да осы жерде ашылған, арманындағы ақ бозатты жігітін де дәл осы жерде кездестірген. «Сүйемін, сағындым» деген ең аяулы сөздерді осы жерде естіген, өзі де талай айтқан. Сондықтан болар ол үшін бұл - бақ мекені. Алайда, ол бұл жерді сонша сүйе тұрып, сонша жек көреді. Мұның өз себебі де бар...

қыз

Бұл күнде Інжудің жан жолдасы ол - күту, төзу. Бүгін оның бала күнгі арманы орындалды, аңсаған оқуы құшағын айқара ашып Інжуді күтуде. Бәрі де қуанышты, құттықтап келіп жатыр. Үй қонаққа толы. Кеш болды уәделескен уақыт та келіп жетті. Ол үйден шығуға қамданып асығып жүр. Осыны байқаған анасы қызына қатты ұрысты. «Үйдегі қонақтар мен үшін емес, саған келді ғой. Қуанышыңды бөлісейін деп. Сен болсаң кетіп барасың, отыр үйде!». Інжу алғаш рет арманына бара алмай қалды. Аялдаманы бірінші рет жалғыз тастап кетті.

Кейінгі күндері Ерік басқа кейіпке енгендей болып жүр, қатты өзгерген, бұрынғыдай емес. Сол күні Інжудің жүрегі бір шымырлап қойып еді. Әлденеге алаңдады ма, көңілі жай таппады. Елеңдеп Ерікке телефон шалды. Ол да қаншама қоңыраудан соң, әзер көтерді. Жөнді сөйлеспеді де.

-Сәлем, алтыным.

-Суық қана сәлем.

-Қалың қалай?

-Болады.

-Алтыным саған айтар жаңалықтарым бар, бүгін кездесейікші?

-Қолым тимейді.

-Туу, жаным, онда телефонмен айтамын.

-Қолым бос емес, кешке айтасың. Сол жерге, күнделікті уақытта,-деді де тұтқаны қоя салды. 

                                       қуаныш

Кездесуге асыққан Інжу бақытты еді. Барды, бірақ көптен бергі уақыттағы күмәнді күдігі сейіле қоймады. Күтті. Ол жоқ. Ерік ары кетсе 20 минут кешігетін еді ғой. Неге жоқ? Абыржи бастады. Қас қарайғанша ұзақ күтті. Неше рет қоңырау шалды, өшірулі. Көзі жасқа малынып үйіне қайтты.

Келесі күні оның телефоны тіпті, байланыстан жоғалып кетті. Мүлдем мұндай нөмір жойылған. Достарына хабарласайын десе, санаулы ғана жандардың нөмірін біледі. Тәуекел деп телефон шалды. Бірақ, ешкім ештеңені ашып айтпады. Өйткені, Ерік бұл маңайдан алыстап кеткелі қашан...

мұң 

Сағынған, жабыққан, күйзелісті күндер өтіп жатты. Кететін күн таяу. Арманы алыстан шақырады, сезімі кетпеші дейді. Екі оттың арасында күйіп жанды. Соңғы рет аялдамаға аяқ басты. Үнсіздік...Өткен күндердің естелігі тізбектелді. Бірде қуанады, бірде мұңаяды. Үміт пен ақыл күресті. «Соңғы рет келіп тұрмын, аялдама. Енді саған оралмаймын бұл маңайдан біржола кетемін. Көшеміз. Оқу оқимын. Енді саған келіп, Ерікті күте алмаймын. Өкінішті, білесің бе не үшін өкінемін осында айтылып орындалмай кеткен армандар үшін. Ізгі тілектер мен ниеттер үшін. Құрылмаған отбасы, қойылмаған есімдер, армандаған сәбилер үшін. Қош бол, енді өзге жандар келіп сенде қуанар, тек олар мен сияқты мұңаймаса екен. Мен сияқты сағыныштан сарғайып күтпесе екен бір-бірін. Қош бол, аялдама...»

жол

Сапар. Бәрі кетті, ауылдан. «Қош бол туған жер, қош бол, Ерік. Жүрегім жыламашы енді, жыламашы».

Өзге өлке, өзге өмір. Бірақ, ескі естеліктер бұл қалада да оралады екен ойға. Аялдамадағы ғашықтар, күлімдеген көздер бәрі де еске түсіреді, Ерікті. Уақыт өтіп жатыр, тек жүректегі жара жазылар емес. Жеті жыл өтті. Ешкімнен, ешқандай хабар жоқ. Табиғат заңдылығына бағынбасқа шара жоқ. Сүймесе де, өзін сүйетін жанға қосылды. Арада өткен жеті жыл, жетістік бермеді махаббатта өйткені. Ерік оралмады. Бір ауыз хабарласып тіл қатпады. Қайран өмір...

 

ұл 

Ерік болса өзге қалада. Бұл күнде ақылды Ерік ақылсызға, жігерлі Ерік жігерсізге айналған. Ол – маскүнем. Көрінгеннің есік алдында жатады. Үйінен безіп кеткен. Жеті жылдан бері, жанұяның жылулығын ұмытқан. Анасын аңыратып, әкесін бозартып, бауырларын бездіріп жоғалып кеткен. Ешкімге ештеңе айтпастан. Ол Еріктің қорқақтығы емес, керісінше мықтылығы болар. Өйткені, жастайынан біреуге масыл болып, өзгенің алдында мүсәпірленіп көрген емес. Көкірегі басым. Арқашан алда болуды қалайтын. Бірақ, оның жүрегі қазақтың даласындай дархан, кең. Ол бір сүйсе, құлай сүйетіндердің қатарынан, бір мұңайса мәңгі мұңаятындардың қатарынан. Еріктің досы – ащы су. Іше береді, іше береді. Іштегі күйігі жеп барады. Інжуді өлердей сүйеді. Оған деген сағынышын мәңгілік сағынышқа айналдырған. Сүйгенін күттіріп қойғаны үшін, аялдамада айтылып, орындалмай қалған армандары үшін өзін өшіккендей жек көреді. Қанша рет, Құдайға лағынет те айтқан, бірақ одан келер пайда жоқ. 

Дәрігерлердің айтқан сөзі оның өмірін түгелімен өзгертіп жіберді. Енді болашақта ешкімге бақыт сыйлай алмайтындығы үшін осындай күйге түсті. Жақындарына жаман сөз келмесін деп бөтен жаққа аяқ басты. Сүйгенінің жанарынан  жас тамшыламысын, жүрегі қанжыламысын деп табанын жалтыратты. Өмірде ұрпақ сүйе алмайтындығы үшін, аялдамада болашақ сәбилерге таңдалса да , қойылмайтын есімдер үшін ол маскүнемге айналды. Өмірде пайдасыздығына намыстанды. Еркектік көкірегіне, намысына қорғасын құйылғандай, мәңгі мыс басылды. Бірақ, жүрегінің Інжуді ойламаған күні болмады. Өйткені, шын сүйді, бақыт тіледі. 

                                                рельс

Осылай бұл өлкеден бәрі кетті. Ерік пен Інжудің релістері екі жаққа бөліне берді, бөліне берді. Тек қана қалған сол баяғы аялдама. Бірақ онда бұрынғыдай, жас күндегі Ерік пен Інжу жоқ. Олар кеткен, тек қалғаны аялдамадағы ескі орындық астындағы «Сүйемін сені, Інжу. Кешір мені, кешіре алсаң...»деген жазу. Мүмкін жазу өшер жөндеу болғанда бір күні, бірақ адам баласының жүрегіндегі сезім жазуы ешқашан өшпек емес, ешқашан...

                                                                                                                               Гүлжан Серік