Қазіргі таңда компьютерді немесе ақпараттық технологияларды ақпараттарды өңдеу, сақтау, тасымалдау құралы ретінде жиі қолданатын болдық. Осының арқасында ақпараттарды өңдеу жылдамдығы мен сапасы артты, ақпараттарды сақтаудың тиімді де ықшамды түрлері пайда болды. Ең бастысы адамдардың уақыты үнемделді. Бірақ дербес компьютерлердің жаппай, кең көлемде қолданылуы қылмыстың жаңа түрі – киберқылмыстардың пайда болуына әсер етті. Қылмыстың бұл түрінің киберқылмыс аталуының басты себебі, бұл қылмысты жасау кезінде есептеуіш машиналарды, соңғы үлгідегі телекоммуникациялық байланыс құралдарын, ақпараттық технология жетістіктерін пайдаланады және де қылмыс cyber деп аталатын жасанды кеңістікте жүзеге асырылады. Компьютерлік қылмыс түрлерінің ең алғашқы шыққаны да, ең көлемді зиян келтіретіні де – вирустық программалар. Мұндай компьютерлік программалар дербес компьютердің жұмысына кедергі келтіріп, ондағы ақпараттарды жою, өзгерту, ұрлау т.б. заңсыз әрекеттерді жасайды. Бұдан басқа да киберқылмыстың көптеген түрлері бар: ақпараттық технологияларды пайдаланып алаяқтық жасау, үлкен серверлерге немесе кішігірім компьютерлік желілерге шабуыл жасап, заңсыз ену, құнды ақпараттарды ұрлау, программалық өнімдерді заңсыз пайдалану, өзгерту т.б. Кибер кеңістіктегі қылмыстың бұл түрлерінің күн санап артып келе жатқанын осы саламен айналысып жүрген мамандар жиі-жиі айтуда. Жалпы дүниежүзі бойынша тіркелген компьютерлік зиянды программалардың түрі миллиардтан асып кетті. Мұндай зиянкестерден зиян шекпеген компьютерлік қолданушы жоқ сиқяты. Жалпы алғанда, кибер қылмыстың жүзеге асуының үш түрлі мақсаты бар деп ойлаймын. Біріншісі – компьютерлік технологиялар арқылы заңсыз пайда табу. Бұл әрине, алаяқтық болып саналады. Ғаламтор арқылы адамдардың жеке мәліметтерін ұрлап, олардың электрондық әмиянына қол сұғу немесе қолданушылардың сауатсыздығын пайдаланып, оларды алдап ақша, қаражаттарын иемдену т.б. Екіншісі – компьютер арқылы бұзақылық жасау. Бұл бұзақылар ғаламтордағы әртүрлі ақпарат көздерінен алған зиянды программаларды жазу туралы нұсқаулықтарды оқып, сол арқылы зиянды вирустарды жасап желі арқылы таратады. Нәтижесінде қарапайым қолданушылар жапа шегеді. Мұндай бұзақылар осындай жапа шеккен қолданушылардың дәрменсіздігін көріп ләззат алатын сыңайлы. Бірнеше жыл бұрын біз вирустық программа жасаушылардың өзара қақтығысына қуә болдық. Бір жағынан Bagle, Mydoom, екінші жағынан Netsky деген пошталық вирустардың авторлары өздерінің вирустық программалары арқылы өзара қақтығыстарын жүргізді. 2004 жылдың 3 наурыз күні 3 сағаттың ішінде «Касперский лабораториясы» мамандары жоғарыда аталған пошталық вирустардың жаңа 5 түрінің пайда болғанын тіркейді. Қақтығысқа 3 киберқылмыскерлер тобы қатысқан. Вирустың әрбір жаңа түрі екі жақтың бір-біріне жолдаған дөрекі сөздерден тұратын хабарламаларды қамтыған. Осы қақтығыстың салдарынан пошталық вирустың бірнеше жаңа түрі пайда болып, ғаламтордағы көптеген компьютерлерге тараған. Қаншама компьютерлер істен шықты, қаншама шығын келді, оны анықтап айту қиын. Екі топтың қақтығысы арасында қарапайым қолданушылар жапа шекті. Осы кезде бір де бір мемлекет, үкімет, компаниялар, тіпті арнайы қызмет орындары жаппай дәрменсіздік танытты. Үшіншісі – компьютер арқылы құнды ақпараттарды іздеп иемдену немесе жою. Бұл түрді басқаша өндірістік тыңшылық (промышленный шпионаж) деп те атайды. Жалпы «өндірістік» деп айдар таққанымен, оның астарында үлкен мән жатқандай. Оны өткен жылдары пайда болған Duqu, Flame және Stuxnet атты зиянды программалардың іс-әрекеттерінен көруге болады. Осы зиянкестердің арасында тығыз байланыс болғанын және олардың бір-бірінің жалғасы екенін арнайы мамандар дәлелдеп отыр. Бір қызығы бұл зиянды программалар Иранның ядролық реакторының құрылымы туралы ақпарат жинауды және осы реакторды істен шығаруды көздеген. Бұл жерде әрине, мемлекеттердің кибер кеңістіктегі өзара қақтығысын, нақтырақ айтқанда, соғысын көріп отырғандаймыз. Сонда олар бір де бір жансызды тікелей жібермей-ақ, ақпараттық технологиялар арқылы құнды ақпараттарға қол жеткізуді немесе құртып, жоюды көздеп отыр. Бұл жерде де қарапайым халық зардап шегуде. Вирустар Иранға жеткенше, жолда қаншама мемлекеттердің компьютерлеріне еніп, ондағы ақпараттарға қол сұқты десеңізші. Соңғы кездері, ғаламторда АҚШ пен Қытай мемлекетінің өзара кибер кеңістіктегі заңсыз іс-әрекеттері бойынша бір-біріне жала жабу туралы ақпараттар көптеп тарауда. Бұл әрине, екі алпауыттың ақпараттық технологиялар арқылы дүниежүзінде өз үстемдігін жүргізуге талпынып жатқанын аңғартады. Міне, бұл картаның тек бір жағы ғана. Екінші жағынан алып қарасақ, ақпараттық технологиялар адамдарды арбап, бағындырудың немесе қақтығысқа айдап салудың басты құралына айналып барады. Оны елімізде соңғы кездері кең таралып бара жатқан экстремистік топтардың іс-әрекеттерінен байқауға болады. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер – нағыз соғыс құралына айналып бара жатқан сияқты. Осындай желілер арнайы тапсырмалармен құрастырылып, белгілі бір топтардың мақсаттарын жүзеге асырып жатқанын бұхаралық ақпарат құралдары жар салуда. Біз агент немесе Facebook арқылы өзара байланысып, пікірлерімізді, сезімдерімізді білдіріп жатамыз. Осы желіге өзімізге қатысты ақпараттарымызды енгізіп қоямыз. Ал шын мәнінде, бұл желінің ар жағында не болып жатқанын желіні қолданушылар біле бермейтін сияқты. Менің ойымша, осы желідегі ақпараттарды өңдеп, арнайы сараптама жүргізетін ұйымдар бар. Бұл ұйымдар арқылы кез-келген мемлекеттің ішкі құрылымын, халқының тұрмыс-тіршілігін, гео-әлеуметтік саяси жағдайын білуге болады деген сөз. Айта берсек дерек көп. Бірақ, шығатын қорытынды біреу ғана. Адамдардың мақтан тұтып қолданып жүрген ақпараттық технологиялары өздеріне қарсы жасалған қауіпті қару екенін әлі сезінетіне уақыт жетті деп ойлаймын. Технологиялар күресі жалғасуда, кімнің жеңетінін уақыт көрсете жатар...