"Тегін билет" машақаты

"Тегін билет" машақаты
жеке
блог

қоғамдық көлік

                                                      «Тегін билет» машақаты

     Бүгінгі күнде қоғамдық көліктердегі жағдайға көңілі толмай, жүргізушілердің атқарып отырған жұмыстарын даттап жүргендер баршылық . Қоғамдық көліктердегі белгіленген ережелерге бағынғанды жат санайтын жолаушылар бүгінде сол қоғамдық көліктердегі жанжалдардың себепкерлері болып отыр. Барлығына белгілі, жолаушылардың қауіпсіздігі үшін түсіп – міну тек белгіленген аялдамаларда ғана жүргізіледі. Мұндай ережеге бағынбай, « ақшаңды төледім, мені осы жерден түсір» деп дөрекілік танытып жататын жолаушылар да бар. Бұл жүргізушіні басынғандық па, әлде қазағым қоғамдық ортадағы мәдениеттен жұрдай болып кеткенінің белгісі ме?! Көпшіліктің пайымдауынша, қоғамдық көліктегі жұмысшылар осы жұмысты атқарушы болған соң барлық талаптарын орындауға міндетті. Бұл қоғам тарапынан өте қате пікір дер едім. Менің бұл мамандық тарапынан білгенім көп деп те айта алмаймын. Алайда, қоғамдық көліктердің тұрақты пайдаланушысы болғандықтан жүргізушілердің жүйкесіне кері әсерін тигізіп, көптеген жолаушы тарапынан болған жанжалдар куәсі блдым. Жүргізуші міндеті әр аялдамаға тоқтап, сол уақытта жолаушының қауіпсіздігіне жауап беру екені баршамызға аян. Сол міндетін атқарып отырған жүргізушіге кедергі келтірген жолаушылар әрдайым өздерін биік санап, артық сөзбен жүргізушінің мазасын алып жатады. Неге ережелерге бағынбаймыз? Ағаттық кімнен көп кетеді? Жүргізушілер тарапынан да қателіктер болмайды емес, болып тұрады. Кейде жанжалдар, ұрыстың, ғайбат сөздердің куәсі болып қаламыз. Мұндай келеңсіздіктер кері әсерін тигізбей қоймайды. Кімнің жүйкесі тозған? Жолаушының ба, жүргізушінің бе?

     Кейінгі кездері қоғамдық көліктерге тегін жүруге мүмкіндік беретін «тегін билеттер» жаппай сатылымға түсіп, ай сайын Алматы және басқа да қала тұрғындарының қалтасынан табылуда. Бұл билеттің кімге пайдасы, кімге зияны бар? Жолаушы тегін билетпен қалаған көлікпен қалаған жеріне тегін бару мүмкіндігіне ие. Әрине, қалта шығыны азайып, қоғамдық көліктегі мүмкіндігі арта түседі. Ал көлік жүргізушілерінің жағдайы не болмақ? Айлық жұмысының еңбекақысының жайы қандай болып жүр? Бұл сұрақтар аясында ойланып жүрміз бе? Біз, қазақ жұрты, бұрын жанашыр халық, түсінігі мол, мәдениеті дамыған ұлт едік. Қазіргі кезде тасбауыр, жеке басының қамы мен мүддесін ойлап, өзгені сыйлаудан қалғанымыз ба? Кәдімгі қой секілді аяғын байлап бауыздауға дайындаса жүнімізді қырқа ма деп жатамыз. Билік басындағылар қоғамдық көлік тарапынан болып жатқан жайлардан бейхабар екені анық. Қазір екінің бірі тегін билет иесі болып табылады. Бұл жағдайға шектеу қойылса игі болар еді. Әрине, 80 теңгені көп жолаушының қалтасы көтере бермесі анық. Алайда, тегін билет иесі соғыс ардагерлері, көп балалы аналар, Желтоқсан қайраткерлері, мектеп қабырғасындағылар мен студенттер болса тепе – теңдік орнар ма еді?! Күллі Алматы бүгінде тегін билетпен қатынап жүреді. Мұның әсерінен жүргізушілер жоспары орындалмай, айлық еңбекақыларының саны да төмендей береді. Баршаға мәлім девальвацияның зиянының бір ұшы қоғамдық көліктегілерге де тимей кеткен жоқ.. Бүгінде қазақтың жанашыры тек қазақ болмақ. Ендеше, халық мүддесі үшін жұмыс атқарып отырған адамдарға неге қолдау көрсетпеске?! Бір жүргізушіден дөрекілік байқасақ барлығын солай көреміз. Бұл да біздің тарапымыздан – қателік. Жүргізушілермен жұмысының ауыры мен жеңілі туралы өзара әңгіме жүргізсеңіз олардың жайынан хабардар болып, түсіністік танытар едіңіздер. Осы бір қоғамдық маңызы бар істер жайынан бейхабар болмаңыздар. Қоғам үшін ең дұрысы не болмақ? Мен қоғамдық көлік жүргізушілерінің мүддесі үшін, олардың құқықтарының шектелмеуі үшін бұл тақырыпты қозғап отырмын. Сенің де әкең бар, ағаң бар. Солардың орнына қойып әкеңді ойла, ағаңды ойла. Бұл мәселе аясы тым кең. Ойланып, қоғамдық көліктегі жайға көбірек назар салсақ нұр үстіне нұр болар еді...