Театрға жастарға барудың қажеті қанша

Театрға жастарға барудың қажеті қанша
жеке
блог

    Бүгінде театрлардың репертуарында қай бағыттағы қойылымдардың барын көбі білмейді. Сол себептен жастар театрға қызықпайды. Жастардың заманауи бағыттағы көзқарасымен қойылған туындылар жоқ емес. Мәселен, Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры. Бұл театрдың ерекшелігі - қазіргі жасөспірімдердің көкейінде жүрген ойлары мен жан айқайы суреттелген спектакльдердің қойылуында.

    Солардың қатарына «Мұғалім» қойылымы кіреді. Атауын оқығанда қарапайым мұғалім жайлы дерсіз. Алайда бұл қойылымның мақсаты – қазіргі жасөспірімдердің мәселелерін суреттеу.

    Қазіргі жастардың дертіне айналған махаббат тақырыбын да әдемі бейнелейтін қойылымдары бар. «Махаббат қызық мол жылдарда» нағыз шынайы сезімнің қандай болатынын ұғындырса, «Қызыл орамалды Шынарым» бір-бірінің қадіріне жете алмаған ғашықтардың жүрегінен ерекше орын алады. Ал «Шағаланы» көргенде «Мен сені, сен оны, ол басқаны. Осы ғой махаббаттың адасқаны» деген тіркес еріксіз еске түседі.

    «Ұмытыңдар оны» жас көрерменге қазіргі заманның көрінісін көрсетеді. Яғни адамдардың бойында кездесетін екіжүзділік, пасықтық, менменшілдік секілді қасиеттерді суреттейді. Ең маңыздысы адамның қандай жағдай болмасын үміт үзбеу керектігін дәлелдейді.

    Егер жастар театрға жиі барса, өзін көріп қана қоймай, көкейінде жүрген біраз сұрақтарына жауап алатыны сөзсіз. Сол себептен жастарға театрға барудың маңызы өте жоғары.

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем тілдері университетінің студенті Кусаинова Шеслана