ТАЗАЛЫҚ ПЕН ҚАТЕЛІК

ТАЗАЛЫҚ ПЕН ҚАТЕЛІК
жеке
блог

Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті филология факультеті жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен Республикалық дөңгелек үстел қашықтықтан өтті.

         Қазіргі уақытта алаңдатар мәселелердің бірі – қоғамдағы түрлі-түсті, көздің жауын алар жарнама тілі. Жарнамадағы тілдік қателіктер жайы қарапайым халықтың да талқысында екені жасырын емес.

         Осы орайда әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы, «Жерұйық» ономастикалық өлкетану клубының онжылға жуық атқарып, талықа түсіп жатқан жұмыстарының бірі екенін айта кету керек.

«Айналаңды нұрландыр» бағдарламасы аясында  Республикалық деңгейде өткен «Сауатсыз жарнама, жүйесіз сөйлем: қателіктері мен шешу жолдары» атты дөңгелек үстел осы қоғамдағы тіл тазалы мен қателігін талқыға сала отырып, шешу жолдарын қарастыруға тырысты.

Жиынға факультет студенттері, магистранттары мен PhD докторанттары, кафедра оқытушылары: филол.ғ.к., доцент С.Б. Бектемірова мен оқытушы А. Кайбулдаева және т.б., сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы ат. Тіл Білімі институтының Ономастика бөлім мамандары: Д. Садық, Ә. Сейтбатқал және Университетіміздің түлегі, қазіргі таңда Қызылорда обл., Ш. Уәлиханов ат. №26 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті мұғалімі И. Әбдіқалықова қатысты.

         Республикалық дөңгелек үстелді кафедра меңгерушісі, филол.ғ.д., профессор, «Жерұйық» ономастикалық өлкетану клубының жетекшісі Г.Б. Мәдиева ашып, алғысөзінде клубтың осы уақыт аралығында атқарған нәтижелі жұмыстары жайында айта келе, біраз жылдар бойы Алматы қалалық Тіл Дамыту Орталығымен байланыс орнатудағы  клуб жастарының, яғни студенттеріміздің нәтижелі жұмыстары, оған қоса дәстүрге айналған «Ономастика – Қоғам – Уақыт» атты Халықаралық ғылыми-танымдық конференцияға қатысушы отандық, шетелдік студенттер, магистранттар мен докторанттары және ең үлкен қатысушыларымыз мектеп оқушыларының  тың баяндамалары жайында сөз қозғады.

Профессор Г.Б. Мәдиева бүгінгі  қарастырып отырған тақырып аясында өз пікірін білдіре отырып, шешу жолдарына қатысты ұсынысын да жеткізді.

Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институты, ономастика бөлімінің маманы Ә. Сейтбақал өз баяндамасында жарнамадағы орфографиялық, емлелік қателер жайында айта келе, осы бойынша Ғылым Ордасындағы атқарылып жатқан жұмыстарды алға тартты және клуб мүшелерінен шешу жолына қосар үлестеріне қатысты өз ұсынысын білдірді.

Кафедра докторанты, оқытушы А. Кайбулдаева клубтың аталмыш тақырыптағы жиынына өз пікірін білдіре отырып, жарнамадағы қателіктерге қоса үлкен нысандардың қазақ тілінде берілуі, қателіктері жайында, сонымен қатар көше атауларындағы қателіктерге де тоқталды.

Жиынның қозғаған тақырыбы бұрын соңды айтылмаған деуге келмейді, десе де әлі күнге дейін, әсіресе үлкен қалалардағы көше бойын жайлаған қателіктер тілге, халқымызға деген құрметтен кенде қалып жатқанымызды білдіретіндей, дейді Қызылорда облысынан қатысушы И. Әбдіқалықова: «Менің байқауымша өзіміз тұрып жатқан өңірде де, жалпы қоғамымыздың кез келген жерінде жарнаманың түр-түрі көздің жауын алады, яғни байқамау мүмкін емес. Бір қызығы осы уақытқа дейін өзімнің тұрып жатқан жерімнен: жарнама болсын, көше атаулары мен ауыл атауларынан қателік байқамаппын. Шындығында, осындай үлкен қалаларымыздағы қателіктердің болуы қынжылтады. Осыған қатысты қазіргі уақытта барлық ақпарат көздері айтып, дәлелдеп жатқанымен әлі де болса жұмыла кірісетін тілшілердің шаруасы жетіп артылатыны анық. Осы орайда, «Жерұйық» ономастикалық клубының мүшелері, студенттер, яғни жастардың кірісуі орынды болар еді», сияқты өзге де ұсыныс-пікірін білдірді.

Қашықтықтан өткен жиын барысында «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығының магистранты А. Қызайбай, аталған мамандықтың 3 курс студенттері Р. Нұрлан, С.Самғар, А. Ұшан және тағы басқа да студенттер көптеген қателіктерді атап, оған қатысты аудармадан кететін қателіктердің қазіргі кезде көптеп орын алуы жайын қозғады. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі қателіктер, ауызекі сөйлеу барысындағы қателіктер жайы да қозғалды.

Жиынның аяғында кешегі университетіміздің түлегі, бүгінгі Ономастика бөлімінің маманы Д. Садық осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар легі жайын, осы клубтың жастарының сол қателіктерді суретке түсіріп, оларды жинақтап қаламыздағы Тіл Дамыту Орталығындағы Ономастика бөлімімен бірлесе атқарған жұмыстарының тоқтап қалғанын, сол жұмысты жандандырудың қажеттілігі жайын түсіндірді.

«Жарнаманың жарасы», «Қоғамдағы жарнама, ондағы қателіктер», «Жанға батқан жарнама» сынды мақалалар осыдан біраз жыл бұрын осы клуб жастарының БАҚ жариялаған мақалалары да аталып өткен жиынның өзектілігі орасан болды.

Қазіргі әлемдік карантинге байланыстты қашықтықтан өткен Республикалық «Сауатсыз жарнама, жүйесіз сөйлем: қателіктері мен шешу жолдары» атты дөңгелек үстелдің берері де, түзетері де көп болды. Атап айтсақ, тіліміздегі тазалық пен қателік мәселесін қарастырудың «басы» деп атаған жөн.

 

Мәдиева Г.Б.

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ,

Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері

кафедрасының меңгерушісі, филол.ғ.д., профессор

 

Медетбекова П.Т.,

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ,

Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері

кафедрасының оқытушысы, филол.ғ.к.