Тайм-менеджмент немесе уақытыңды тиімді басқару 14/90

Өткен блогтардың бірінде Таңшолпан Мұратқызы экспериментімнің алғашқы апталарын қалай жоспарлағаным туралы сұраған болатын. Келесі бір блогта ол туралы егжей-тегжейлі жауап беруге уәде еткенмін. Сол уәдемді орындамақшымын.

Табиғатымнан өте жалқау адаммын. Орыстар айтпақшы, "Пингвин- өте тәкаппар құс. Теппейінше, ұшпайды", мен де сол пингвин секілді өзімді қинап, күш-жігерімді жинап алдыма қойған мақсатыма әрең жетемін. Таңғаларлығы, жалқау бола тұра, өзіме жүктелген тапсырманы күн демей, түн демей бітіремін. Ал егер сол тапсырманы жүктейтін адам-өзің, нәтижесі өзіңнің өміріңе байланысты болса, не істеу қажет?

Осындай кездері маған тайм-менеджмент (ағ. time management) көмектеседі.

Қазіргі шапшаң өмір ағымы мен қатаң цейтнот кімді болсын эмоциялық күйзеліске ұшыратпай қоймайды. Өз кезегінде ол сіздің жұмыс істеу нәтижелілігіңіз бен жалпы өмір сүру сапаңызға қатты әсер етеді.

Табысты адамдар, тіпті бәлкім кейбір таныстарыңыз қалай бәріне үлгереді деген сұрақ қойған шығарсыз?! Оларда да тәулігіне 24 сағат, сізде де 24 сағат. Бұл уақытыңды тиімді басқарып, басым тапсырмаларды тез әрі уақытында орындаудан басталады. 

Жоспарлау мен істерді ойлауды ӘРҚАШАН қағазға жазыңыз. Ақпараттар легі заманында мида барлық қажетті істеріңіз бен ақпаратты сақтау мүмкін емес.

Істерді 4 типі бойынша бөліп қарастыруға болады, ол Эйзенхауер әдісі деп аталады.

1. Шұғыл және маңызды. Бұл істерді ертеңге қалдыруға БОЛМАЙДЫ, сондықтан жылдам кіріскеніңіз жөн.

2. Маңызды, бірақ шұғыл емес. Бұл істерді шұғыл емес деп ертеңге қалдыруға болмайды, себебі болашақта қиындықтар туғызуы мүмкін. Мүмкіндігінше ерте орындағыныңыз жөн.

3. Шұғыл, бірақ маңызды емес. Бұндай істермен айналысу жұмыс өнімділігіне еш әсер етпейді. Нәтижесі де көрінбейді. Сондықтан, мүмкіншілігіңізге қарай, осындай істер санын азайтып, не мүлдем алып тастаған жөн.

4. Шұғыл да, маңызды да емес. Істердің бұл түрімен айналысудың қажеті жоқ. Сондықтан оп-оңай тізіміңізден сызып тастасаңыз болады. 

Тағы атап кететін жайт, ол Абай атамыз айтпақшы, "... Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.." ("Сенбе жұртқа" өлеңінің тармағы). Яғни теледидар көре тұрайын, интернетте отыра тұрайын деп алтын уақытыңызды сарп етпеңіз. Өз-өзіңе "ЖОҚ" айтып үйрену де пайдалы.  

Кішкентайымнан түрлі-түрлі блокноттар, дәптерлер ұстағанды ұнатамын. Блог жазарда қашан жазамын деген мәселе туындаған жоқ. Себебі, күнделікті маңызды, әрі шұғыл шаруаларымды жазып жүремін.

Жазбаларым келесідей (қараңғы мезгілде түсіргендіктен, сапасы нашарлау, айып етпессіздер).

Мысалы, бүгінгі күнімнің жоспары:

Аптаның жоспарын былай жасаймын:

Апта ішінде немесе келесі апта жоспарына шұғыл шаруалар тізімін қоса беремін. Бұндай таза парақтарды интернеттен оп-оңай таба аласыздар.

Ал жеке ойларым мен кітаптардан алынған қанатты сөздерді өзімнің сүйікті блокнотыма жазамын. Қорытындылай келе, тепе-теңдік қағидатын ұмытпаған жөн. Яғни жұмыстағы (оқудағы, тағысын тағылар) уақыт сапасы мен отбасыңызға бөлетін уақыт тең болуы қажет. Қандай шаруа болмасын, Сіз және отбасыңыз бірінші орында тұруы шарт. Сондықтан уақытыңызды басқарып, өміріңіздің сапасын арттыру үшін тынбай жұмыс істеуіңіз қажет.



Бөлісу: