Тәулсіздікті біз қалай түсінеміз?

Тәулсіздікті біз қалай түсінеміз?
жеке
блог

Тәуелсіздік, еркіндік деген сөздер кез келген адамның құлағына жағымды, жылы естілері сөзсіз. Міне, аңсаған, зарыға күткен, сағындыра жеткен тәуелсіздігімізге биыл бақандай 28 жыл толыпты. Әрине, халқымыз бұл құрметке бұдан бірнеше ғасыр бұрын-ақ жетуші еді. Дегенмен де білектің күшімен келген осы күнге де шүкіршілік етеміз.   Тамыры тереңге жайылған тарихыма көз жіберсем еркіндік, бостандық атаулы бізге оңайшылықпен берілмеген. Ойлап отырсам, ата-бабаларымыз бір ғана себеппен соғыспаған. Олар тек жер үшін қан төккен десек қателесеміз. Олар жермен қатар елі үшін, елінің тыныш ұйқысы үшін, бостандық үшін, жарқын болашақ үшін соғысты.Қолына найза алған батырдың да, қалам алған ақынның да асқақ арманы осы болды.   Біз, бәлкім, ең бақытты ұрпақ болармыз. Біз ата-бабамыз арман еткен Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Ата-бабамыз мұра еткен тәуелсіздік тізгіні енді біздің қолымызда. Ауыр азап пен саны жоқ сынақтардан құралған, бабаларымыз жүріп өткен жол енді өзгерді. Енді ол-Тәуелсіздік жолы. Жол емес-ау, бұл кешегі мен болашақты жалғайтын алтын көпірге айналды. Сол көпірде, сол жолда болашаққа қол бұлғап біз келеміз.   Әлемде әлі тәуелсіздігін алмаған, өз жері, өз өзен-суы жоқ, қыран құсы қалықтаған аспаны жоқ қаншама ел бар?! Сол елдермен салыстырғанда Қазақстанды бақытты ел демей, не дейміз?   Жалпы халық Қытай елін аспан асты елі, Жапон елін күншығыс елі дейді. Ал қазақ елін Ұлы дала елі деп атаса несі айып? Мен мұны мақтанышпен, зор дауыспен, зор үнмен айтар едім.   Тау халқының ұлы ақыны Р. Ғамзатов: «Мен үшін бәрінен өмір қымбат, өмірден де махаббат қымбат, егер қажет болса, елімнің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін екеуін де құрбан етер едім»,-деген екен.   Иә, бұдан артық қалай айтуға болады? Еркіндік деген- ерке жел емес пе?! Еркіндік пен тәуелсіздік үшін өз бастарын құрбандыққа шалып жіберген қаншама қазақ бар. Олардың ісі-бізге өнеге, сөзі-өсиет.   Қазақ халқы- ежелден-ақ еркіндікті, бейбітшілікті сүйген халық. Сол бабаларымыз ұрпаққа Ұлы даланы қалдырды. Біздер сол Ұлы даланың иесіміз.   Қорыта келе, мәңгілік елдің тәуелсіздігі мәңгілік болса екен! Сол тәуелсіздіктің таңы арайланып ата берсе екен!   Бабалардың аманатын абыроймен арқалайық, ағайын. Ақ қағазға ой түбінде жатқан сөздерімді жаза бергім келеді. Алайда оңашада келген ойларымды мына өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр:

Тәуелсіз менің Отаным,

Тәу етіп саған өтемін.

Бақиға озған бабалар,

Сендерге тағзым етемін!...