Тәуелсіздікке....

Тәуелсіздікке....
жеке
блог

Тәуелсіздік – Махамбеттің арманы,

Исатайдың қында кеткен қанжары.

Хан Кененің жортып өткен жолдары,

Сырым батыр айта алмаған жан зары.

Тәуелсіздік – Шолпан жұлдыз толқыған,

Сұлтанмахмұт көрмей кеткен таңдары.

Мұстафаның қол жетпеген әуесі ,

Ахмет пен Міржақыптың мәуесі.

Мағжан ақын күңіренген құзар шың,

Жүсіпбектің қаламының сәуесі.

Тәуелсіздік – Махаңдардың арманы,

Қайраттардың көрмей өткен таңдары.

Мұқағали аңсап өткен бұл асыл –

Бабалардың кештеу жеткен мұрасы.

Тұрардың да шыға алмаған тұғыры,

Шәкәрімнің шорт үзілген ғұмыры.

Ұлы Абай да дәм татпаған бұл күннен,

Сом алтынның болса дағы сынығы.

Абай түгіл көрмеген ғой Құнекем,

Орта жүздің қайта тумас ұлығы.

Жүрегімен жыр арнаған бұл күнге

Қасымдайын қара өлеңнің тұнығы.

Момышұлы сыр арнаған бұл күнге,

Құрманғазы күй ғып қосқан күмбірге.

Асқарлар да арман болған бұл күнді,

Ел жанына қара сөзбен сіңдірді.

Тәуелсіздік – мен жырлаған осы жыр,

Кеудемдегі ұға білсең күмбірді.

Кетсе дағы келер күнге үн қатып,

Дінмұхаммед жете алмаған бұл бақыт.

АБАЙ ҚАЛШАБЕК