Үңіліп терең, тарихты ашып, қозғайын ойды түбірден,
Жыр етіп жерді, мадақтап ерді өткен ғой мынау өмірден.
Айтылмай аты, өшседе ізі, ұмтылып қылған ерлігі,
Еш күш жоқ оны таптап та, езіп, өшірер терең көңілден.
Ызғарын соғып тұрсада тіктеп, Желтоқсан түні албыртқан,
Сұм қиғаш іспен, жалмауыз ермен, жүрекке жара салдыртқан.
Қаз – қатар тұрып, сұқтанып алып, қаруын мезеп жастарға,
Келеді таптап ел деген ерді жасалған әскер қалбырдан.
Атойлап жастар, алаңға толды, тербетіп қайғы шер – мұңын,
Далада жатыр қабағын шытып, шерткендей желмен ел мұңын.
Ұмтылып алға тазартпақ болып, жасанды билік беделді,
Ойнақтай келеді, жастарың лаулап, шапқандай айғыр, кер – құлын!
Күтеді халық, күтеді күнді, Тәуелсіз күнді асыға,
Күн кешті елім, қайғыдан илеп кигендей қамыт басына.
Тәуелсіз таңның шуағын аңсап, жаққызып әлсіз үмітті,
Сол үміт оты сілтеді жолды жігерлі сан мың жасыма!
Қалбырлы әскер атқылап суды, татқызды жасқа азапты,
Тепкілеп ерді, қудалап елді езгіге салды қазақты.
Аруды сан мың шашынан тартып, жанарын жасқа толтырып,
Көрсетті елге қан мен зар шатыс, жауыздық алып мазақты.
Сан ерді тергеп, сан жасты қорлап, кейбірін тіпті езгілеп,
Қыршыннан қиды қыранды қайсар жалмауыз басшы, без – бүйрек.
Азайды көкте қырандар қайсар қанатын қағып, қасқайған,
Көбейді бірақ арландар емес, қанды көз, жауыз без – бүйрек.
Тартсада талай сыңдарлы азап, жасымады елім, қазағым,
Жасымады елім көрседе талай өзімшіл басшы мазағын.
Аңсаған күні, Тәуелсіз таңы шуағын төкті еліме,
Шуағын төкті, жылытты нұрмен жаураған алып қазағын.
Тасадан шығып, көк бұлтты қиып, шуағын шашты еліме,
Зор бақыт әкелді ел қамын жеген өр қасқа сан мың еріме.
Қазақтай алып қауымым қалады іргесін берік сол тұста,
Дарыды бақыт, тұғыры бекіп, бақ – шаттық қонып еліме.
Тұғырлы елім, азатпыз қазір, тең болып өзге елменен,
Тәуелсіз нұры азапсыз бізге ешқашан оңай келмеген.
Шуақты нұрда, бейбітшіл күнде сүрсін деп өмір ұрпағы,
Тұлғалар талай, өр қасқа жандар, ерлеген елім, терлеген.
Сан бөгет бұзып, сан қорған қалап, іргесін берік бекітті,
Сұм заман кетті көтерген көкке шешендей сымақ кетікті.
Нұрланып өлке, бақ – шаттық дарып, қырандар көкте самғады,
Түнекке кетті түлкілер өңшең жалаған қара етікті.
Көк туым көкте желбіреп, шарпып көк бұлтта биік көлбейді,
Жұмырмыз берік, шайқалмас алып, еш күш жоқ, бізді бөлмейді.
Ән – жырым асқақ, ел – жұртым адал, халқым бар берік, мызғымаз,
Тәуелсіз күннің шуағы дарып, лаулайды, шарпып сөнбейді.
Барыстай батыл, арландай адал, қырандай қайсар ерім бар,
Кең – байтақ жазық, көк нұрға толған, байлығы асқан жерім бар.
Құрметтер жұртты, қонағын сыйлар, төрінен орын беретін,
Қазақтай алып, қазақтай қайсар кең көңіл алып елім бар.
Қақым бар менің, көкірек керіп, мақтанар барша ғаламға,
Қақым бар менің, ойнақтай шауып, аунауға шексіз даламда.
Қақым бар менің, қазақтай алып елімді мақтап өтуге,
Өр тұлға елім, шайқалмас жерім есімің сенің санамда.
Мақтанам, толқып, қуанам, жасып, кей сәтте тіпті алқынам.
Ел деген өршіл ер болу үшін тер төгем, елім талпынам.
Азулы ақын Абайдай болып жүрмесем халқым ренжіме,
Бас ұрам саған Тәуелсіз елім айнымашы осы қалпыңнан.
Жасағын елім, жасағын мәңгі, Тәуелсіз таңым өшпегін,
Абыройың асып, атағың өрлеп, тұғырдан биік түспегін.
Шаң басқан архив астында қалмай ереулі ердің істері,
Ұмытпа халқым қазақтың сол түн у татқан азап кешкенін.
Самғайық биік, талмасын қанат, болайық барыс азулы,
Ерлігі елдің болсыншы әркез жүректе қашап, жазулы.
Жасағын мәңгі қазақтай алып, тайсалмас өжет өр халқым,
Жыр етті сені балапан жүрек, шала ақын өршіл, азулы!