Ата–бабам аңсап кеткен тәуелсіздік қолымда,
Арда қазақ қанын төккен ұлы жеңіс жолында.
Дербес елдің болашағы – жалындаған жастары,
Ербол, Қайрат, Ләззаттардың аманатын орында!
Сүйегіңнен өтіп кетер желтоқсанның ызғары,
Бас көтерді қазағымның ұлдары мен қыздары.
Абақтыға қамап жатты, қырып жатты шетінен,
Қиналғанын елестетсем, мендік жүрек сыздады.
Бастамасы ащы тұздың соңы болды балшекер,
Төгілген қан, қиылған жан болмапты ғой құр-бекер.
Еркіндікке қол жеткіздік, қанат қағып қыран боп,
Керегі жоқ енді азаптың, көрген азап – сол жетер.
Кіндік қаным тамған жерім, бір-ақ Отан бар менде,
Мұндай елде өмір сүрген бақытты ғой әр пенде.
Тәуелсіздік – бас тұғырым, баға жетпес байлығым,
Ұлттық рухқа бай болсыншы «қазақ» деген жан-кеуде.
Талай шыңды бағындырдық, жеттік талай жеңіске,
Бағдарладық оң бағытқа, еш бұрылмай теріске.
Алаш атын асқақтатар ұлы елдің ұраны,
Дамуына үлес қосқын, елің үшін беріспе!
Көкіректен «қазақ» деген рухты жалын өшпесін,
Көк туымыз көк аспанда желбіресін, түспесін.
Тәуелсіздік – нұрлы таңым, түнектен соң қараңғы,
О, Жаратқан, нұрлы таңның ғұмыры еш бітпесін!
Оңалбаев Дәрмен
Тараз "Білім-Инновация" лицейі