Жеке ел болып, тәуелсіздігімізді жариялаған кезең, жетпіс жыл бойы бодан болып келген халыққа жеңіл түспеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық - қаржылық, әлеуметтік проблемалар болып жатты. Бірақ мұнан өзге де еліміздегі болып жатқан хаосты пайдаланып, түрлі деструктивті діни ағым- бағыттарда енген еді. Көп адамдар сол тұста теріс жолға түсіп кеткен болатын. Қазіргі уақытта тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдай уақыт өтті. Осы 30 жыл ішінде мемлекетіміз көп жетістіктерге жетіп, әлемдік аренада өз орнын бекіте білді. Алайда ақпараттық-коммуникациялық заманда, жаһандану процесі жүріп жатқан кезеңде еліміз толыққанды өзге ағым-бағыттардан тазара қойған жоқ. Технологияның қарқынды түрде дамып,, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып отырған заманда дінге қатысты ақпараттарды мемлекет азаматтары интернет желісінен іздейді. Ал ғаламторда жарияланатын ақпараттардың барлығы діни басқарманың рұқсатымен шығып отырмағаны бәрімізге мәлім. Технологияның қолжетімділігін осы уақытта экстремистік және террористік ұйымдардан құралған деструктивті күштер жақсы пайдасына асырып отыр. Аbai.kz ақпараттық порталының мәліметінше: «Бүгінгі күнде статистикалық мәліметтер бойынша дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейтінін «Қазақстан Республикасындағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры хабарлады. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді.Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блог-платформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. Деструктивті діни ағымдар барлық тарихи кезеңдерде қоғамды ыдыратушы құрал ретінде өз белсенділігін жоғалтпаған.Саяси мүдделер мен қаржыны мақсат еткен діни ағымдар бүгінде технологияның жетістіктері арқылы прозелитистік әрекеттерін жаһандық деңгейде жүзеге асыруға қол жеткізді.Солардың ішінде салафизм идеологиясына негізделген Қазақстанда тыйым салынған «ИГИЛ», «аль-Каида» секілді халықаралық экстремистік ұйымдар қажетті қаржылық және адам ресурстарымен жабдықталған, трансұлттық деңгейде қанатын кең жайған дербес жүйеге айналып отыр. Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалауда. Порталда радикалды діни ұйымдардың идеологиясын шынайы діни сеніммен байланыстыруға болмайтынын мынадай айырмашылықтар арқылы көрсетеді:
- деструктивті ағымдар ымыраға келмейді және өзге дін өкілдерімен өзара келісім орнату мәселесін жоққа шығарады;
- деструктивті топ идеологтары адамдар арасында орныққан бауырластық, достық, туыстық және отбасылық қатынастарды бұзуға үндейді;
- радикалды топ мүшелері мақсаттарына жету үшін дінде тыйым салынған әрекеттерді жасаудан тайынбайды, тіпті көптеген бейкүнә адамдар мен эмиссарларды, соның ішінде БАҚ өкілдері мен елшілерді жазықсыз өлтіруде;
- радикалды ағымдар саяси және қаржылық мүдделер үшін мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын бұзуға, жергілікті халыққа заңсыз өз үстемдігі мен билігін жүргізуге әрекеттенеді;
- діни заңнамаларда бекітілген нормаларды сақтамай өз нәпсілеріне еріп, қылмыстық жазаны жүзеге асырады. Деструктивті ұйымдар жүргізіп жатқан қызмет шынайы діннің қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді, сонымен қатар халқымыздың мыңдаған жылдар бойы қалыптастырған әдет- ғұрып, жөн- жоралғыларына да қайшы. Демек, деструктивті ұстаным адамды өз елінен, ұлтынан, дінінен айырып, теріс жолға бастайды. Еуразия гуманитарлық институты: «Деструктивті діни ағымдардардағы адамдар қоғамдық қауіпсіздікке, неке және отбасы институтына, адам денсаулығына қатер төндіреді»- дейді. Радикалды және экстремистік ұйымдардың жақтастарының сипаты мынадай болады:
• Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерін (Наурыз мейрамын тойлауды, қазақ халқының «бет ашар», «сәлем салу» салттарын, өмірден озған жандарға Құран бағыштауды және т.б.) жоққа шығарады;
• зайырлы мемлекеттерге және зайырлы өмір сүру салтына қарсылық танытады;
• мемлекеттік рәміздерді және мемлекеттік мерекелерді құрметтемейді;
• мазхабтарды (Орталық Азияда және мұсылман әлемінің басқа да аймақтарында орныққан діни мектептерді), оның ішінде Қазақстанның көпшілік мұсылмандары ұстанатын ханафи мазхабын жоққа шығарады;
• дәстүрлі исламды ұстанатын мұсылмандарды күпірлік жасайды да айыптайды, өзге діндердің өкілдері мен дінді ұстанбайтын адамдарға төзімсіздік танытады;
• заманауи мәдениет және өнер түрлеріне (музыка, балет, бейнелеу өнері және т.б.) өшпенділік танытады;
• заңда белгіленген міндеттерді (әскерде қызмет ету, міндетті орта білім алу және т.б.) орындаудан бас тартады;
• медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен (қан құю, вакцинация, ағза мүшелерін трансплантациялау және т.б.) бас тартады;
• білім мекемелеріндегі жекелеген пәндерге (биология, дене шынықтыру, ән-күй, сурет салу және т.б.) қатыспауға шақырады. Деструктивті ұйым мүшелері тек қана өз отбасына, мемлекетіне, дініне ғана зиян келтірмей қоғамға өлшеусіз зиян келтіреді. Бір ұлт болып жұмылуға, бірігуге, дамуға кедергісін тигізеді. Мемлекетіміздің зайырлы ел болуы, таңдау мүмкіндігінің жасалуы қоғамға зиян келтіру дегенді білдірмейді. Жат ағымдардың ықпалынан қорғану, болашағымыздың кепілдігі үшін ҚР ДІАҚМ ДІК «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ Діни бірлестіктерді зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері М.Ж.Муслимовтің пікірін негізге алуымыз керек: «жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз».
Жетекшілер: Бағашаров Құдайберді, Мұқан Нұрзат
Пайдаланылған сілтемелер:
1. https://abai.kz/post/53116
2.https://egi.edu.kz/kk/studentterge/destruktivti-dini-a-ymdardy-aldyn-alu/