Тәуелсіздік-Ел бақыты!
блог
Қазақ елінің көк аспанында Тәуелсіздік туы желбіреп тұрғанына міне биыл 30 жыл толады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап ата-бабаларымыздың сан мыңдаған жылдар бойғы армандарын өзіне мақсат етіп қойды. Мемлекетіміздің ұлттық валютасы-теңгені енгізу , көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп алу, Ата Заңымызды бекіту – осының бәрі мақсатымызға жасаған алғашқы қадамдар болатын. Енді ғана бой көтеріп келе жатқан жас мемлекет болсақ та, 30 жыл ішінде жеткен жетістіктеріміз көп. Алайда мұның барлығына оңайшылықпен жеткен жоқпыз, егемендіктің өзі бізге аспаннан түскен сый емес. Жер көлемі бойынша әлем картасында тоғысыншы орын аламыз. Осынау ұшса құс қанаты талатын Алтайдан Атырауға созылып жатқан кең байтақ жерді ата-бабамыз жарғақ құлағы жастыққа тимей, қасық қаны қалғанша, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғағанын ұмытпауымыз қажет. Оған кешегі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай , Наурызбай сынды батырларымыз дәлел емей немене?! Сақ патшайымы Томирис: “Мен елімді, жерімді сүйемін ”,- деп ұрандап, талай қолды өзі бастап, қайсар болмысымен тарих беттерінен орын тапты. Әлия, Мәншүк апайларымыз Отан үшін отқа түсті, жандарын құрбан етті. Қан майданда соңғы демі үзілгенше жан аямай жауға қарсы тұрған сол батырлар үшін үнсіздік жарияласа, ол 50 жылға созылар еді. Соқтықпалы соқпақсыз халық тағдыры патша үкіметінің солақай саясатының кесірінен де талай бүлінді. Сол сәтте тарих сахнасына қаламды қару етіп Абай, Шоқан, Ыбырай аталарымыз шықты. Қара түнекте адасып қалған қазаққа сәулесін төккен шамшырақтай көрінді маған. Қазірде сол жандардың арманы орындалып, бір ту астында тату-тәтті өмір сүрудеміз. Кешегі күн – бүгінгі тарих. Біздің ендігі мақсат- өзге елдермен терезесі тең, еңсесі биік, Мәңгілік ел болу.
Уақыт ағымы жылжыған сайын бізді тарих беттерінен мәңгі өшпес 1986 жылдың қаһарлы желтоқсанынан алыстатып барады. «Қаһарлы» деуімнің себебі, сол күні талай жас тәуелсіздік жолында құрбан болды. Қайрат пен Ерболдай ағаларымыз, Сәбира мен Ләззаттай әпкелеріміз өздерінің адалдықтарын дәлелдеді, желтоқсан ызғарына нәзік те қайсар жүректерімен төтеп берді. Олар мұзда жанған алау сынды, тасты жарып шыққан гүл секілді. Өшпес үміті мен қайсар батырлықтарының арқасында олар жеңіске жетті. Тәуелсіздік таңы атты, аға-әпкелеріміз жандырған алау өшпеді, өшпейді де, ешкім де ұмытылмады,ешқашан ұмытылмайды да.
Қорытындылай келе, Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы-тұл, келешегі тұрлаусыз». Халқымыз бір шыңды бағындырса, екінші белес дайын тұрады. Қазақстанды құсқа теңесек, ол барлық асудан өтіп, шыңға жетпек ойда. Оның бір қанаты – тәуелсіздік. Қазақ елі «Нұрлы жол» бойында «Нақты 100 қадам» жасап, дамыған отыз ел қатарына кіре отыра, «Мәңгілік елге» айналады. EXPO-2017 көрмесі арқылы бүкіл әлемге қазақ халқының тарихы мен мәдениетін паш еттік, «Ұлы даламыздың жеті қырын» мақтан тұта айта аламыз. Біздің парыз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, тілімізді бұрмаламау , дінімізге берік болып, салт-дәстүрлерімізді құрметтеу. Қанатың талмасын Отаным! Тәуелсіздігіміз мәңгі тұрақтасын!
Жетекшісі: Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Дайындаған: Тұрсын Жансая Серікқызы ,Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.