Тәуелсіздік деген не?
блог
Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Бұл дегенің - жақсы өмір сүруге алған құқығың. Жұмыр жерде өлшеулі өмірді бейбіт елде өткізгенге жететін бақыт бар ма екен?!
Таңертең ұйқыдан оянып, жалғанды жалпағынан басып, біріміз сабаққа, біріміз жұмысқа кетеміз. Үрей атаулыдан аулақ, емін-еркін тірлігімізге кірісеміз. Өзге елдің табалдырығын аттасақ, "Біз - Қазақстан деген тәуелсіз елденбіз" деп мақтанышпен айтамыз. Тәуелсіздік әрбір адамның өмірімен біте қайнасып жатады. Сіздің отырған-тұрғаныңыз, жүріс-тұрысыңыз, ішкен асыңыз уайымсыз өтеді. Біз тек "қайтсек ақша табамыз?" деген секілді тірліктің ұсақ түйткілдеріне бас қатырамыз. Қалғанын баяғыда-ақ батыр бабаларымыз шешіп қойған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп берген. Қазақтың пейіліндей баябан даланың әр пұшпағы үшін шыбын жанын қиған. Бізге Тәуелсіздік әперген. Тәуелсіздікті аманаттап қалдырған...
Аманат - біздің қолда. Сенің, менің қолымда. Осы жауапкершілікті сезініп, егемен елдің ұрпағы деген атқа лайық болу үшін тырысуымыз керек. Білім алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуымыз қажет. Бұл - біздің міндетіміз, бұл - бізге артылған жүк. Тәуелсіздік жолында құрбан болған әр қазақ қарақан басынан күллі жұртты жоғары қойған. Біз де биік ойлай білуге тиіспіз!
Бүгін - қуана отырып мұңаятын, мұңая отырып қуанатын ұлы мейрам.
Тәуелсіздік құтты болсын! Елімізде баянды бақыт, бейбітшілік үстемдік құра берсін!
Сурет: вокспопули