Көне түркі даласын мекен еткен қазақ халқының да сан ғасырлық өмір көшін басынан өткізген мол, құнарлы тарихы бар. Сол тарихқа зер салар болсақ, осы уақытқа дейін халқымыздың басынан не өтіп, не өтпеді десеңізші?! Сонау сақ заманындағы Томиристен Қабанбай, Бөгенбайларға дейін, одан Кенесарыдан Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхандардан Қайрат, Ләззаттарға дейін қанша рет қазақ даласы қанға боялды, қанша рет жылғалар қан боп ақты, қанша рет халқымыз "Елім-айлап" зар жылады? Кезіндегі Кеңес Үкіметінің қабағынан қар жауып, қылышынан қан тамып тұрған шағында қанша қазақ тәуелсіздік жолында құрбан болды?
Сан ғасыр бойына қазақ даласында болған әрбір қанды шайқас, әрбір оқиға - тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Осындай адымдармен қазақ елі өзінің арманына қарай келе жатты. Желтоқсан оқиғасы- осы жасалған әрбір адымдардың ең соңғы, нақты қадамы болды. Бұл оқиға- қазақ халқының рухын көтерген, тәуелсіздікке тәуелсіздікке бастама болған айбынды оқиға.
Желтоқсан оқиғасының бастамасы- қырық жылдан астам уақыт бойы қазақ жерін басқарып келген Д.А.Қонаевті орнынан алып тастап, орнына қазаққа үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын, тілі бөлек, діні жат, қазақ емес, өзге ұлт Колбинді басқарушы етіп қою жастардың ашу-ызасын оятқаны анық. Осы хабарды ести салысымен-ақ өршіл жастар ұрандап алаңға жиналып, қарсылық білдірді. Бұл жайт бүкіл Кеңес Одағын елең еткізген құбылыс болды.
Сол алаңға қазақ халқының намысын ту етіп шыққан жастардың арасынан ерекше қайсарлығымен көзге түскен - Ләззат Асанова Ақжазық ауылының тумасы. Жасынан талапты, намысшыл қыздың ерлігі, қайтпас қайсарлығы кейінгі жастарға үлгі болмақ.
"Желтоқсан көтерілісі - ғасырлар бойына жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі - осының бәрінің қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы Патша Үкіметі мен Кеңес Үкіметінің қол астында бола отырып, азаттық пен тәуелсіздікті аңсау жолында әртүрлі деңгейдегі үш жүзден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастаған көтеріліс- Желтоқсан көтерілісі",- деді ақиық ақынымыз Мұхтар Шаханов. Демек, бұл тарихтың бір парағы ғана емес, бүкіл қазақ елінің бақытқа қол жеткіізген, арманы орындалған күн. Бұл оқиға азаттық қозғалыс шежіресіндегі ең бір жарқын белес болып қалады. Бізге "тәуелсіздік" деген бақытты алып берген желтоқсан жастарының алдында біз мәңгі қарыздармыз.
Бақытымыз да, намысымыз да - Желтоқсан!