Тәуелсіздік-басқа қонған бақ

Тәуелсіздік-басқа қонған бақ
жеке
блог

Тәуелсіздік. Еркіндік. Кешегі бабаларымыздың асыл арманы.Бодандықтың бұғауында жүрген боздақтарымыздың бостандықты ту еткен ерен ерлігі.Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп, қыршындай жанын қиып күрескен арыстарымыздың алған көк байрағы.

Тәуелсіздік -ащы термен келген тәтті жеңіс.Сол жеңіс жолында талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді.Төбеден төнген дұшпанның қара бұлтына төтеп берді.Жұбан ақын жырлағандай, қазақ " мың өліп мың тіріліп", осы күнге жетті.Осы тұста елбасымыздың мына бір сөзін тілге тиек етуге болады."Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды.Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп,қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды".Қазақ халқы ел болып бірігу, ұлт болып ұйысу жолында талай белестерден өтті. Ғасырдан астам уақытқа созылған қазақ пен жоңғар арасындағы қанды қырғын соғысты, соның салдарынан халық тартқан қасірет - «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубетін, үш ғасырға созылған Ресей империясына тәуелді болған бодандықты, бодандық құрсауынан шығып, еркіндікті, егемендікті аңсаған ұлт-азаттық көтерілістерді,ұлт мүддесін қорғаған, ұлт мәртебесі үшін қызмет жасаған қазақтың аса білімді, еңбекқор азаматтарын,зиялы қауым өкілдерін жаппай қырғын «репрессияны», аштық жайлаған жұтты бастан кешті. Міне қазақ халқы қаншама миллион адамынан,ата-бабамыз ат үстінде жүріп қасық қаны қалғанша қорғап алып берген кең-байтақ жеріміздің үштен бірінен, зиялы азаматтарынан айырылып, жер қойнауындағы байлығы тоналып,даласының төсінде атом және сутегі бомбалары сыналып,ғажайып төлтума мәдениеті көмескіленіп, тілі мен діні тоқырап,есепсіз мехнат-азаптарды бастан өткеріп қазіргі күні тәуелсіздікке қол жеткізді.

Биыл міне тәуелсіздіктің таңын атырып, бейбіт күнді өткеріп жүргенімізге, көк туымыздың көк аспанда қалықтағанына - 30жыл.Еліміз орда бұзар отыздың да бір белесін алқымдап отыр.Отыз жылда еліміз  талай белестерді бағындырып,еліміздің рухын, көк байрағын көтере түсті. Ендігі мақсат - осы тәуелсіздігімізді мәңгілікке қалыптастыру.

Елбасымыздың сөзін түйіндей келе, болашағымыздың баянды, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жастардың қолында.Еліміздің болашағы жалынды жастар.Жас ұрпақ ұлттымыздың ұлылығын ұлықтап, саяси сана-сезімді сезініп,қазақы қасиетімізді қастерлей білсе,қазақ деген халықтың аты тарихқа алтын әріптермен таңбаланары хақ.