Тәуелсіз ел
блог
Адам баласы, адамзат қоғамы қашанда алдағы болатын оқиғаны әрі аңсай, әрі абыржи тосқан ғой. Әсіресе, ғасыр, мыңжылдық сынды,тарихта өшпес ізі қалатын межелі кезеңдер таянғанда қатты қобалжығаны рас. Үшінші мыңжылдыққа аяқ басу үшін де бір ғасыр бойы дұрыстап әзірленіп, әр қилы милленаристік қозғалыстарды бастапты.
Сарыуайымшылдар қауымы: «Киелі кітапта айтылатын қиямет-қайым деген орнаса, осы жолы орнайды. Жасаған күнәміз,істеген жаман істеріміз шашымыздан да асып кетті. Ол үшін күллі адамзат болып жауап беретін кезіміз енді келді», – деп қорқыпты. Қиялшылдар қауымы: «Жаратқанның жердегі,ақ желкенді кемемен жақсылық жағасына асыққан үмбетін тегіс жарылқайтын заманы енді орнайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнауын талай күтсек, енді сол заманға аяқ бастық», – деп қуаныпты. Сөйткен жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдық келді.Сол ғасырдың қызығын көріп өмір сүріп жатқан біз бір пендеміз.Сәуегейлер қанша құйқылжытқанмен, әзір бәрі бәз-баяғысынша. Таң орынынан атып тұр. Күн орынынан батып тұр. Қиямет-қайым болған жоқ. Адамзат жиырмасыншы ғасырдың табалдырығын неше түрлі әлеуметтік алақызбалыққа ұрынып, еліре аттапты. Енді сол өткеннің бәрі су сепкендей басылды. Тәңірім, жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық табалдырығынан аттап отырған біздерді де қай-қайдағы әулекіліктерге ұрындырмай, етек жиып, ес түгендеп алуымызға мұрша бергізгей.Алтын уақытымыз тәуелсіз елдік бейбіт күндеріне ғана жұмсалсын деп тілейміз. Төңірегімізге осы тұрғыдан көз тастасақ, көкте бір Тәңірге, жерде бір өзіңе ғана сеніп, көреміс жарықты көріп, бұйырмыс ырзықты татып, сүйгізген ұрпағын сүйіп, өлшеулі ғұмырға пейіл болудан басқаның бәрі күпірлік екендігіне көзіміз тегіс жете бастағандай. Оған да «шүкір» дейміз. Көңілге медет қыларымыз тек бір бұл емес.
Ең бастысы, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа егемен ел, тәуелсіз ұлт болып аттадық. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Өйтіп, біреуді көріп шүкір етіп, біреуді көріп пікір ету үшін де өткенге ой, бүгінге көз жіберуге тура келді. Ол үшін, ең алдымен, бір сауалға – бұл күнге қалай жеттік? – деген сауалға жауап іздеуіміз қажет сияқты. Егер біз сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен көз жүгіртіп байқасақ, ежелден–ақ ата-бабаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. Отанымызды қорғаған еліне деген сүйіспеншілігі, ерлер сияқты қолына қару алып, ат құлағында ойнап жүріп жауын жеңуі сақ қызы — Тұмар падишаның ерлік істері. «Маған туған жердің бір уыс топырағы да қымбат. Сонда енді не бар?!» деп тұрсыңдар ғой… Менде ел бар, менде жер бар, мен елімді-жерімді қорғадым, — деген Тұмар падиша осындай байтақ та бай дархан Отанымызды жұдырықтай жүрегіндегі ерлік сезіммен қорғағаны сөзсіз. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» — деп қыздарға сеніммен арқа сүйеген де, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан,ержүрек батыр қыздардың Қазақ топырағында болуы бізді зор мақтанышқа бөлейді.Сол аға-апаларымызды еске алсақ біз олармен мақтанамыз,ерліктеріне сүйсіне қараймыз.
Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар,кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарына: қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан ғайыр ата-қонысының (этникалық территориясын) қалыптасуын; ұлттық мемлекттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының құрылуы мен дамуын; өзі отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлап,жау қолына тойтарыс берген хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген,кемшілікті айта білген ұлы билер дәстүрлерін; ата-бабаларымыздың елімзге,халқымызға тән өзіндік шаруашылық жүргізу жүйесін қалыптастыруын, таңғажайып этномәдени үлгілерін жасау арқылы әлемдік өркениетке қосқан алып үлесін, батырларымыздың жер мен ел тәуелсіздігі мен ата-қоныс тұтастығын сыртқы,тіпті қала берді ішкі жаулардан қорғаған үлгісін жатқызуға болады. Алла Тағала біздің елімізге осыншама кең жерді нәсіп еткенін түсінуге ұмтылсақ, ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата-бабларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген.
Ата жауымыз болған сан жылдық қарсылас жоңғарлардан даламызды арашалап қалған батырлардың ерлігі туралы дәстүрлі тарихи жырлар Исатай, Махамбетке байланысты мұралар, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстың басты кейіпкерлері туралы жыр-дастандар біздің ұлттық сана-сезімімізді көтереді. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. Қазақтың соңғы ханы Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Қаша ұрыс салып жүргенде қапы кетті. Ханның басы қанжығада кете барды… Ата дініміз ислам болғандықтан, мұсылмандық сабырлықпен, ұстамдылықпен соғысқан Кенесары жауынгерлері әуелі «Алла» деп, содан кейін «Абылай», «Ақжолтай» деп, өз ерлерінің қадірін бағалай біліп, ұранға айналдырғаны мәлім. Әруақтарын ұран қылғанда ол есімдерге Алланың ерекше нұры түскенін мойындап, сол арқылы сол кезде қажет рухани күштің әсерін сезінгендері белгілі. Бізге бүгін қажет жігерліктің, батырлықтың, біліктіліктің, адалдықтың, Отансүйгіштіктің мысалдары өткен тарихи оқиғаларымызда жатыр. Ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан, халық мүддесі жолында, табандылығында, тапқырлығын да таныта білген хан Абылай Қазақ халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, Қазақ елін аса іргелі елге айналдырды. Батырларын, елін сүйген ерлерін, ақын-жырау өнерпаздарын достық –бірлікте ұстап, оларды жүзге бөліп жармады.Жауын торғайдай тоздырып, тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен, қоқңдап қоңқылдаған Қоқанмен де, қалың қара Қытаймен де, ормандай орыспен де тіл табысқан бабамыздың даналығының арқасында, осы біз өмір сүріп отырған аяулы Отан- Қазақстан жері сол бабалардың сақтап қалған, бізге қалдырған асыл мұрасы екні сөзсіз.
© www.ZHARAR.com