Тәуекел Мүсілімді үйлендірген "Келіндер бәйгесі"

Тәуекел Мүсілімді үйлендірген "Келіндер бәйгесі"
жеке
блог

28 наурыз күні "31" арна жаңа жобаның тұсауын кесті. Аты "Келіндер бәйгесі".

Жарыс шарты

Әр апта сайын жарысқа отау құрып жатқан төрт жұп, нақты айтқанда, төрт қалыңдық түседі. Олар бір-бірінің үйлену тойына барып, дастархан мәзірі, декорацияның сәнделуі, той көйлегі және қонақтарға ұсынылған шоу-бағдарламаға баға береді. Ең көп ұпай жинаған қалыңдық жеңіске жетіп, бал айын шетелде өткізуге мүмкіндік алады. 

Жоба мақсаты

"Мирас" салтанат залында БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз-конференциясында жобаның атқарушы продюсері Әсел Тоянова былай деген еді: "Басты мақсат - келіндер арасында көре алмаушылық, қызғаншақтық секілді кереғар қасиеттерді ояту емес, керісінше, тәрбиелік мәні зор дүниелерді насихаттау. Адалдық, сыйластық, парасаттылық секілді құндылықтарды дәріптеу"

31 арнаның бас директоры Бағдат Қожахметов: "Өздеріңіз білетіндей, біздің арна отандық жобаларды көрсетуге тырысады. Осы күнге дейін көптеген жобаларымыз жарыққа шығып, көрермендердің қошеметіне бөленіп келеді. Биылғы маусымның ерекше жобасы осы - "Келіндер бәйгесі". Бұл жобаның да берері көп. Көрермендердің зор ықыласына бөленеді деген ойдамыз"

 

Бұл жобаға Тәуекел Мүсілімнің не қатысы бар?! Оның үйленгені рас па?!

Басында бұл сұрақты баспасөз конференциясына келген әрбір журналист қойды. Расында, ол мында не істеп жүр?! Баспасөз конференциясын той форматында өткізген Бейбіт Сарыбай да барлығымызды "Тәуекел келін алып келді" деп сендірді. Алайда, кейін барлығы да белгілі болды. Тәуекел Мүсілім мен оның жанындағы әдемі қалыңдық бұл кештің сәнін келтіріп, айналасындағы мына бізді күлкі-думанға бөледі. Бұл ұйымдастырушылардың жаттанды форматтан арылып, баспасөз конференциясын есте қаларлықтай ұйымдастырып, келген қонақтар тойға келгендей сезімде болсын деген ниеті. Ұйымдастырушыларға ол үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Жарайсыздар)

Бұл мақала неге кеш жазылды?!

Баспасөз конференциясы екі апта бұрын өткен-ді. Алайда, менің дер кезінде емес, елдің соңынан жазған себебім - бағдарламаны алдымен көріп алайын деп шештім. Баспасөз конференциясында бізге жобаның ықшамдалған бейне көрінісі көрсетілді. Әрине, қысқа болғандықтан, бірден түсіну қиын болды. Сол үшін де 28 наурызда болған алғашқы бағдарламаны көрдім. Ұнады. Әсіресе, жарысқа түскен қыздардың өзара пікір алмасуы ұнады.