Тәубе

Тәубе
Жаныма жалау етіп хақтың дінін,
Тәубеге келдім, Алла, кешір мені.
Өткенім қайта түрмес ақ түндігін,
Уақыттың қайтара алман көшін кері.

Өткенге өкініш бар өзекте көп,
Қайнаған жанартаудың лавасындай.
Сынаққа сырқырадым, тез өкпелеп,
Уақыттың білдім екен бағасын қай?

Нәпсінің орындаппын көп қалауын,
Өмірде бақыт сыры осы ма деп?
Тозақтың ойламаппын отты алауын,
Болыппын мініме мін қосып әлек.

Күнімнің бос өткіздім көп сағатын,
Түнімнің тыныштығын текке бұзып.
Бақыттың қаққан ізгі көк қанатын,
Білмеппін бағасын да кеткен ұшып.

Ең қиыны сұмдық бар арыма сын, 
Сөгетін намысымды, бақытты анық.
Ұғынбай мен шындықтың мағынасын,
Өзімше өлең жаздым шабыттанып.

Шемен жыр, шегелендің шер боп тұнық,
Өзгеге ризық болып татымадың.
Білмедім, білімімді жерлеп тұрып,
Ақынның пайғамбардай хақы барын.

Жаратқан, жарылқадың сый ғып беріп,
Ақын деп маңдайыма мөрді басып.
Өзге ақын жауһарларын жидық келіп,
Көңілдің жадыраттық көркін ашып.

Рухыма ризық етіп, Аллам ұлы,
Сый бердің берілмеген елге бөтен.
Малынған тұнығыма қаламымды,
Мұсаның асасындай сермек өтеп.

Сенделіп себепсізден жүргізбейтін,
Пайғамбар салып кеткен жол тамаша.
Дінімнің дестелетіп құндыз кейпін,
Өлең жазам,
Пайғамбар хадисіндей болмаса да.

Өлеңім бақытын әз сезінеді,
Танытсам әуезімен көпке реңін.
О, Алла,
Етпегейсің шабытты кезімді өлі,
Жауһардай жыр жазудан шектемегін.

Әмин...

Оразбай Жанұзақ



Бөлісу: