Тау тұлға - Амандосов!

Oтандық телеақпарат кеңістігіне танымал есімдердің бірі – Тауман Амандосов. Себебі бүгінгі ақпарат майданындағы журналистерді дайындаған да, қазақ журналистиканың негізін қалаушы да осы тұлға. Сан жылдар бойы буыны еліміздің ең үздік оқу орынында дәріс беріп, бар саналы ғұмырын сарп етіп, толағай теңіз ізденістен туған ғылыми-теориялық еңбектері қазіргі таңда құны жоғары, шəкірттерінің қолынан түспейтін асыл дүниелерге айналды.
Қазақтың «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» мақалы дәл осы тау тұлғалы жанға дәл айтылғандай. Ұстаздығы да, ғалымдығы да, қалемгерлігі де, қайраткерлігі де бір төбе. Бейне бір шеті мен шегі жоқ мұхит секілді. Өзгелер бұның бәрін аяқ-асты берілген бақ деп қабылдайды. Бірақ оны жеке танитын жандар Тауман Амандосовтың тағдыры оңай болмағандығын анық біледі. Балалар үйінен бастау алатын қиындық пен шырғалаңға толы өмір жолы оны оны сан түрлі сынақтан өткізіп барып, шығармашылық атты үлкен өмір жолына бағыттады. Алғаш əдеби қызметкер болып еңбекке араласқан кезінен бастап, журналистика саласынан бір елі ажырамай, қыл қаламды жанына өмірлік серігі етті.
Тауман Амандосовтың өміріндегі ең елеулі жылдардың бірі 1946 жыл. Осы жылы талай жыл армандап, аңсаған мақсаты орындалып ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистік бөліміне оқуға түсті. Сұрапыл соғыс жылдары енді аяқталып, елдің әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі əлі оңала қоймаған кез. Балалар үйінен шыққан шəкірт үшін үлкен қалада оқу оңайға соқпағаны айтпаса да түсінікті. Десе де 1950 жылы оқуын үздік дипломмен тəмамдаған жас маманды ҚазМУ аға оқытушы етіп өзіне алып қалуы да тегін емес-ті.
Тауман Салықбайұлы 1952-54 жылдар аралығында ҚазМУ-дің сырттай оқу жөніндегі проректоры қызметін абыроймен атқарды. Сөйтіп, қазақтың кəсіпқой журналистерінің ішінен мұндай лауазымға алғаш қол жеткізген талант иесі болып тарихта аты қалды. 1955 жылы «Қазақ кеңес əдебиетіндегі халықтар достығы идеясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сəтті қорғап, бірінші оппоненті М. Əуезовтен бата алды.
Ғалымдықты ұстаздықпен ұштастырған, жүректе түйіскен қос арнаны шығармашылықпен ұштаған, сол арқылы еліне қаламгерлікпен қоса танылған Тау-ағаның қайраткерлік қызметі де көңіл көншітпей қалмайды. Журналист Амандосовтың 1958 жылдан 1966 жылға дейін қазақ білімінің қарашаңырағы ҚазМУ-дің филология факультетінің, алдымен, бір жыл деканның орынбасары, одан кейін атандай тоғыз жыл тапжылмай деканы қызметін абыроймен атқаруы – айрықша əспеттеп айтуды қажет ететін елеулі еңбек. 1966 жылы Тауман Салықбайұлының ұсынысымен филология факультеті құрамындағы журналистік бөлімі негізінде ҚазМУ-де алғаш журналистік факультеті ашылды. Ол осы факультеттің тұғыш деканы болып сайланып, осынау абыройлы міндетті 1971 жылға дейін үлкен жауапкершілікпен, толымды табыстармен атқарды. Журналистиканы өмірінің мəні етіп қалап алған Амандосов бар саналы ғұмырын ҚазҰУ-дің, соның ішінде журналистика факультетінің қалыптастыруға, оны дамытуға, гүлдендіруге, журналистиканы ғылым саласы ретінде қалыптастыруға үлкен еңбек етті.
Ғалым Амандосовтың ғылыми еңбектерін еңсеріп айту да оңай дүние емес, себебі, қай ғылыми еңбегін алып қарамасаңызда үлкен мағынаға, үлкен жаңалықтарға ие. Тауман Салықбайұлы – Қазақ кеңес журналистикасының тарихы мен теориясын жəне алғашқы публицистерінің шығармашылығын зерттеп, зерделеген, осы бағытта 100 баспа табақтан артық ғылыми еңбек жариялаған қайраткер ғалым-қаламгер. 1982 жылы Мəскеуде МГУдың профессоры əлемге əйгілі ғалым Ясен Николаевич Засурскийдің жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының тарихы, өркендеуі жəне проблемалары» атты докторлық диссертация қорғап, Қазақстанда журналистік теориясы бойынша тұңғыш ғылым докторы, профессор атағын алған ғалым, ардақты ұлт қайраткері. Журналистика факультеті студенттеріне арнап шығарған «Қазақ кеңес баспасөзінің жанрлары» атты қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы. Сонымен бірге, 11 монографияның, соның ішінде күні бүгінге дейін журналистика факультетінің студенттердің қолынан түспейтін «Публицистика – дəуір үні», «Газет жанрлары», «Журналист жəне өмір» атты айтулы оқу құралдарының иегері.

Сондай-ақ, əлі маңызын жоя қоймаған «Совет журналистикасының теориясы» оқулығымен шəкірттер алғысына бөленген ардагер ұстаз.
Тауман Амандосовтың шəкірттері мыңдап саналады. Ұстаздықты тек білім берумен шектесек, қателескен болар едік. Мұны бір ғана қыры десек, одан басқа да өлшем таразысы болуға тиіс қой. Киім киіс, жүріс-тұрыс, мінез-құлық – бар мəнері, болмысымен шəкірт жанын жаулап, оны адами өмір сүруге баули алатын оқытушы ғана ұстаз атануға əбден лайық. Біз білетін Амандосов сондай жандар қатарынан болатын.
Мұнтаздай таза киіміне қыл түсірмей күтіп киетін, жаны жайсаң ұстазға шəкірттері қызыға қараушы еді. Шәкірттерін ішкі жан дүниесімен, таланты мен талабын тапжылтпай танитын дара тұлға ретінде есте сақталды. Тауман Амандосовты тума дарын иесі ретінде мәңгі есте сақтаймыз, оның қазақ журналистикасына қосқан үлесі өлшеусіз.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 1 курс магистранты Жамбулова Асемгуль Утепбергеновна

 



Бөлісу: