Сол бір жылдар...Көңілде қаяу, жаныңда мұн жоқ кездер...Тау-самалды мен осылай еске аламын.Кішкене мұңды,сарғайған сағынышпен. Бірақ, қуанышқа толы, бақытты күндер жайында.Бұл Алматы тауларының бөктерінде орналасқан, таң ғажайып, жүрегіне ерекше жылу беретін мекен туралы. Неге сағанышпен?! Өйткені, бұл жерге бармағалы, сол жердегі достарымды көрмегелі үш жыл өтті.
Тау-самал лагерінде мен жазда, сегіз жыл қатарынан демалдым. Бар жоғы он төрт күнге келсек те, бәріміз бір отбасындай тату-тәтті өмір сүрдік. Бұл мекенге келгенде автобустан түсе сала осы жердің ауасы өкпенді кесіп, ауыртып жібереді, басында қиындықпен дем аласың. Ол тау-самалдың ауасы таза екенін байқатады. Біз қаланың ластанған ауасына үйреніп алған соң, таза ауа жұтқанда өкпемізге ауыр тиеді.
Тау-самалдың қақпасынан кіре бергенде ұзын, үстіге қарай көтерілетін жолды көресің. Жолдың астында клуб пен үлкен асхана орналасқан. Клубта біздер әр кеш сайын көріністер қойып, әр түрлі жарыстар ұйымдастырып оны дискотекамен жалғастырып жіберетінбіз. Сол клубтың балконынан үлкен хауыз көрінеді.Күн жылы кезде біз сол жерде шомылатынбыз.
Жолға көз салсақ, жол бойында шыршалар қалың ормандай көп отырғызылған. Биік-биік, иісі аңқып тұрған шыршаларда тиындар ойнап, секіріп жүреді. Олар сені қарсы алып, қуанғандай кейіп танытады. Жолдан көтеріле бергенде, алдымыздан үш қабатты төрт корпус шығады. Бұл корпустарда біздің бөлмелеріміз орналасқан. Корпустардың ортасында, кішігірім алаңда әсем, әдемі гүлдер жайқалып өсуде. Корпустардан сәл жоғарырақ жазға театр алаңын таба аламыз. Жазға театр алаңында біз, бүкіл лагер болып ашық аспан астындағы ойындарды немесе көріністерді ұйымдастыратынбыз. Алаңның екі шетінде стадиондар орналасқан. Бұл стадиондарда әр түрлі спорттық жарыстар өткізілетін.
Алып терреторияны алып жатқан лагердің шетінде шырылдап, салқын сулы бұлақ ағуда. Осы жерді біз өзіміздің екінші үйіміздей көрдік. Үйге қайтқан сайын «қашан жаз шығып, тау-самалға ораламыз» -, деп, ұйқысыз өткен талай көңілді күндерді асыға күтетінбіз....
Осындай таң ғажайып, жүректе жарып тұрып орын алатын мекенді қалай сағынбасқа?! Әрине, сағынасың....кейде тіпті, уақытты кері айналдыра алмайтынына өкінесің....