Өмірдің өзі мектеп. Адамзат осы мектепте адам болып, азамат болып жанұя құрады. Көбейіп әулет, одан бір рулы ел не тайпа, одан кеңейе-кеңейе ұлт болып, тұтас халық болып қалыптасады. Мемлекет болады. Қалыптасудың ақыры ұлы мақсат-мұраттарға жетелейді. Халық арасында елім деген ерлер, би-шешендер, батырлар, ғалымдар, ақын-жазушылар, кемеңгер тұлғалар өсіп жетіледі. Енді биік мұраттарға бастаушы алдыңғы күштер, міне, осылар.
Адамзатқа тәуелсіздіктен асқан құнды ештеңе жоқ! Адам баласы тек жаратушының алдында ғана тәуелді. Тәуелсіздік үшін күрес, ұмтылыс саналы өмірдің алғашқы туындысы десе де болады. Қолынан келсе, бірде-бір адам өзгеге тәуелді болғысы келмейді. Бұл өмірдің заңдылығы, құндылығы. Сондықтан да тәуелсіздік үшін шайқас тоқтаған емес, тоқтамайды да. Зұлымдық қанша құдіретті, аяусыз болса да, теңдік, тәуелсіз өмір сүру, тәуелсіз ұлт немесе мемлекет арманы тоқтамақ емес. Жер бетіндегі тіршілік иесі еркіндік үшін жаратылған. Өсімдік екеш өсімдік те қалағанынша жапырақтап, тамырын тереңге жайып, өз қуаты жеткенше күнге қарай бой созуға ұмтылады. Жан-жануардың да аңсары сол еркіндік. Ал ептілігі мен санасы арқылы тірі огранизмдерден ерекшеленіп тұрған адам ше?! Шыр етіп, іңгәләп, тепсініп, құндақтауға көнбей еркіндікке талпынған тірі пенде қашаннан-ақ жер қойнына кіргенше өз еркімен алға ұмтылып, тырбанып, талпынып өтпей ме?! Жаны жоқ өсімдік еркіндікті қаласа, жүрегі бар адамның еркіндікті қаламауы мүмкін бе?! Жоқ... Сананың, ойдың, жүректің қалауы – құшағын кеңге салып ұшу. Ондай көкірек бұлқынған арман мен ақ сәулелі мұратқа толы. Әр адам өмірде өз орнын табуды арман етеді. Әр адам ол тұтас мемлекет құрамына кіреді. Әлбетте, мемлекеттің де өз аңсар қалауы бар. Шыққан тегімен нәр алып, өскен тарихының әдет-ғұрпы мен мінез-құлқының, табиғи ортасы мен шаруашылығының, ең соңында ұлттық ойлауы мен тілінің, дүниетанымының тығыз байланысы бір ұлт етіп ұйытқан кез келген халық та, жекелеген адам сияқты ғұмыр бойы азат және тәуелсіз ел болуды, жұмыр жер бетінен, адамзат тарихынан өзіне лайық орын алуды арман етеді. Арманнан айырылған, сенімі мен мақсатын жоғалтқан адам да, халық та, тұлғалық сипатын жоғалтады.Азып-тозып, ақырында жойылып кетеді. Үш ғасыр бойы бодандық тұсауында болған қазақ халқының ұлттық мүдде жолында, ұлттық идеяны ту етіп тігуі, егемен ел орнатып, жиырма бес жыл ішінде төрткүл дүниеге танылуына жеткізген қандай күш ә? Әрине, ол елдің жігері мен рухы, мақсаты мен көкірегінен өшпеген намысы. Қазақтың үш жүз жыл, үш ғасыр бойы тауқыметті көп көтерген, көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай алған қасиетін көріп-ақ рухың оянады. Осындай бабалардың ұрпағы болғаның үшін мақтанасың!
Өмір пәлсафасы әрбір адамның қастерлейтін, қасиет тұтатын нәрсесі болуы керектігін көрсетеді. Ал біздің қастерлейтініміз – тәуелсіздік. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында Исатай мен Махамбеттің, Аманкелді мен Абайдың ұрпақтары қылышын фашисттің қанымен суарып сертін орындаған жоқ па? Сол жылдарда окопта бірге болған майдандастар, кейін жылдар өткенде бізге азап әкеледі деп кім ойлаған? Горький: "Адам деген – айбарлы үн" – деген екен. Бірақ, айбарымен қамал бұзарлардың ішкі сырына кім үңіліпті?
Адам айналаға қарағанда көзі жеткен жерді ғана көреді екен. Ал аспанмен астасқан, көз ұшы тірелер жер көкжиек еді ғой. Сол көкжиегіміз сонау жылдан бері тар болды бізге. Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқанда ғана көкжиегіміздің қаншалықты кең екенін сездік қой біз. Бабалар үшін ең қымбат арман, мақсат – тәуелсіздік еді ғой! Сол арманға жеткен күнді көре алмай, қаншама қазақ арманда кеткен жоқ па?!
Тәуелсіздік терең мағыналы тұңғиық. Ол – ой-сананың еркіндігі, елдің егемендігі, мемлекеттің дербестігі, халықтың бостандығы, адамның азаттығы. Тәуелсіздік идеясы бір мезетте туындамайды. Ол бірнеше жылдардың, ғасырлардың жемісі. Оны қалыптастыратын адамның ойы, жүрегі һәм қайраты. Тәуелсіздік "ә"дегеннен келген жоқ, бізге. Оған жету үшін талай тығырыққа тіреліп, осы жолда зәредей кінәсі жоқ жастардың қаны жосадай жосылды. Мұның бәрі сен үшін, мен үшін, елдің дербестігі үшін. Бұл еркіндікке жету үшін кедір-бұдырды көп басып өтті елім дегендер. Түркі халқының арғы бабалары сақтар, ғұндар өз жері мен елінің тәуелсіздігін сақтап қалу үшін сыртқы жаумен күресті. Томирис, Зарина сынды сақ патшалары өздері мекен еткен жерді көздің қарашығындай сақтады. Ата-бабалары жатқан қорымды өзге жұрттың аяқ асты қылмауы үшін соғысты. Ғұндардың Мөде, Лаушан секілді тәңірқұттары өзінің елдігін мойындаған жұртпен бейбіт өмір сүрді. Дербестігіне қол сұққанмен қырғиқабақ болды. Тәуелсіздік нышаны ретінде көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қаңлы, үйсін секілді мемлекеттер бодан болмас үшін талай соғыста дес бермеді. Осыдан мемлекеттің басты ұстанымы тәуелсіздікті қызғыштай қорғау екендігін аңғарамыз. Кешегі Кеңес үкіметі тұсындағы көрер көзге жасалған қиянат, зомбылықтың ең сорақысы – өз ұлтыңның аяусыз қырылғанын, елді еңіретіп, іш-құса еткізіп, зиялыларымызды арқадан қағып, абыройын төгіп, жала жауып, түрлі зымиян, құйтырқы әрекеттермен көздерін жойып отырғанын былай қойғанда, ақын-жазушыларымыздың ой-пікірін бұғаулап, айтқызбайтындай халге әкелді емес пе?!
Қазақ халқы өзінің ұлттық бостандығы мен егемендігі үшін 260-тан астам ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқан екен. Соның соңғысы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Бұл көтеріліс – Қазақстанның тәелсіздігі мен егемендік алуының бастамасы болған қозғалыс еді. Қазақ ел болғалы небір тауқыметті бастан өткергені баршамызға аян. Кешегі жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батырларды енді ғана еске алып, еңбектерін елеп жүргеніміз ақиқат.
1986 жылы Алматыда болып өткен желтоқсан оқиғасы халқымыз үшін қайғылы да қаралы күндер болып саналғанымен, тарихымызға алтын әріптермен жазылуға тиісті. Ұлан-байтақ жердің тоз-тозын шығарып, тіпті ауа мен су түгіл адам санасын улап, халықты шатастырған демократия таратылғанымен, оның алғашқы құрбандары – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ жастары зардап шекті. Нағыз мақтауға, шынайы құрмет пен алғысқа солар лайық! Бүкіл өмірін жалтақтық пен жоқшылықта, езгілік пен құлдық, еңбекпен өткізген, бірақ намысын аяққа таптатпаған өр мінезді қазақтың балалары біздің егемен ел болуымызға түрткі болды. Тәуелсіздікке жеткізген жол даңғыл болған жоқ, ол ұлы белестерден, қиын-қыстау асулардан тұрды.
1986 жылғы желтоқсан айында үстемдік құрған қызыл империя жалаң қылыштай жаланып, бұрынғы істеген ісі аз болғандай, тағы да ойына келгенін істеуге айналғанда, жастарымыздың алқымына қадалған өксік, ар-намыс оянып мінез көрсетулеріне тура келді. Олар тереңге батқан ұлттық намысты оятып, өздерін көрер көзге құрбандыққа шалса да, елге бостандық сыйлады. Байырғы кезеңнен бастап қазақ елін орыстандыру саясатын ұстанғандар бар байлығын иемдену мақсатында, одан әрі әлсіретіп, адамдарын қорқытып, үркітіп, бұқтырып, жоғарғылар не десе соны орындайтын робот елге айналдырды. Қазақ елін еврей Голощекин, армиян Мирзоян, ұйғыр Юсупов секілді кім болса соған басқартты. Дегеніне көндірді. Сталиннің жеке басына табынушылыққа сын айтқан Хрущев дәуіріне, оны дамытқан Горбачевтің демократия, жариялылық, теңдікті, сөз еркіндігін ту еткен қайта құру кезеңіне де қазақтар үмітпен қарады. Осынау әділдікке бет бұрған өз ұстанымдарына қайшы келетін күңгірт қимыл жасаған орталықтың Қазақстанды дұрыс басқарып отырған Д.А.Қонаевты себепсіз орынынан алып, сырттан басшы әкелуін ерсі көрген қазақ жастары бейбіт шеруге шығып, өз пікірлерін ашық білдірді. Үкімет олардың пікіріне де назар салмады. Ұсыныстарға құлақ асудың орнына оларды соққының астына ала жөнелді. Мәселе ушықты...
Қазіргі уақытта 1986 жылғы көтеріліске қатысқандар ақталды. Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің жаңғыруына әсер етті. Ұлттық ар-намыс туралы түсініктерін күрт өзгертті. Тарқата айтқанда, сол жылдардағы Қазақстанда өткен көтеріліс социалистік жүйенің күйреуі мен коммунистік партияның өз қателіктерін мойындауында тоталитарлық режимді жеңуінде басты халықаралық фактор болды. Алаш зиялылары туған халқының көзін ашып, көмескі тартқан рухын оятып, біліммен қаруландырып, бірте-бірте егемен ел болуға жеткізудің қиын да болса, ең сенімді жолын саналылықпен таңдап алды. Бірақ осындай кәсіби зиялылар қаққан егеменділік қоңырауының сарыны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бостандық пен тәуелсіздікті, азаттық пен дербес дамуды аңсаған азаматтар рухын шыңдаумен болды. Бізді бүгінгі күшті беделді егемен ел болуға жеткізіп отырған да сол рух.
Қазақ елі – тәуелсіздік жолында ғасырлар бойы мың өліп, мың тірілген қазақ ұлтының тарихи Отанына құрылған ұлттық дербес мемлекет. Осы күнге дейін біздің халқымыз бұл тарихи жауапкершілікті сезініп, өзінің асқан төзімділігі мен сабырлылығының арқасында елдегі этносаралық та, әлеуметтік те татулықты сақтауға ұмтылып келеді. Иә, сағат тілі сырт ете қалғандай қысқа мерзімде Қазақстан осындай жасампаздық жолдан өтті. Елім деген ерге кәміл сенген, кәміл сенген соң екі тізгін, бір шылбырды қолына берген ел де, тарих сынына лайықты шыдап шықты. Елдігін, кеңдігін, далалық даналығын танытты. Жетпіс жылдай Одақтық ортақ шаңырақ астында болып келген Қазақстан өз бетінше отау тігіп егемен ел атанды. Ұлттың болмысына қарай небір өзгерістер өмірге келе бастады. Халқымыздың дәстүрі жаңғырды. Қазақы үрдістер қолға алынды. Ана тіліміздің мәртебесі көтерілді. Дінімізге бетбұрыс жасалды. Мешіттер салынды. Айта берсек, небір құбылыстар орын тепті. Кемелденген елге айналдық. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлап жатқан жалғыз біз емеспіз. ТМД елдерінің бәрі, Кеңес Одағы ыдырағанда тоқтап, тоқтамағаны тұралап істен шыққан ел шаруашылығын нарыққа айналдырып, өтпелі кезеңнен аман-есен өтіп, дербес мемлекет құру оңайға соқпаса да, бұлардың қай-қайсысы болсын қиямет қиындықтарды жеңе отырып, өсіп нығайып келеді.
Ширек ғасыр уақыт тұрғысынан қарағанда өте қысқа мерзім. Ал оның маңыздылығына келсек, өте салмақты да, құнды да. Осы ширек ғасыр ішінде Қазақстанымыз ғасыр жүгін арқалап көз көріп, құлақ бұрын-соңды естімеген жетістіктерге жетті. Әлемдік қаржы дағдарысы, түрлі шектеулермен халықаралық қарама-қайшылықтар, соғыстар, терроризм, экстремизм, ірікті салу сияқты толып отырған кедергілерге қарамастан Отанымыз білікті елбасымыздың тегеурінді саясаты, көрегенділігі арқасында қарыштап дамып келеді. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына ену үшін қыруар жұмыстар атқарды. Еліміз барлық көрсеткіштер бойынша қазір қырық бірінші орында тұрғанын ойласақ, бұл межеге жиырмасыншы жылда нақ жететінімізді айқын болжауға болады. Бұл елдігіміз бен бірлігіміздің табанды еңбегіміздің жемісі. Қызыл империя көсемдері мен оның жақтастары ойлаған қолдан жасалған көп ұлт-ұлыстардың жасанды одағы өз-өзінен қирап, күйреп кеткен жоқ. Елбасының сабырлылығы, жасампаз көреген саясаты арқасында көп ұлт-ұлыстар бір отбасыдай бірігіп әлемге таң қаларлық өнеге көрсетті. Бес саусақ бір жұдырықтай болып біріккен елді дағдарыста, ашықта жасырын жымысқы іс-әрекеттерде жеңіліске ұшырата алмайды. Бұндай күштерге қарсы тұрарлық Ассамблеямыз, мызғымас достастығымыз, ауызбіршілігіміз бар. Даналар көп айтақан – төртеуіміз түгел. Аллаға шүкір алтауымыз ала емес. Түрлі ұлт-ұлыстар мен этностардың басын біріктіріп тұрған Ассамблея бір кісісідей жұмылып ортақ отанымыз – Қазақстанның көркеюі, жарқын болашағы үшін ат салысып отыр. Мызғымас бұл бірлігіміз елімізді талай биіктерге көтеріп, талай белестерді бағындыруымызға жол ашады. Біз жас ұрпақ бұған сенеміз!