Тәуелсіздік - тағылымы терең тарлан тағдырлы бағлан-батырларымыздың бізге аманат еткен көз-куә ерлігі. Қазақ елінің тәуелсіз ел болып күні бүгінге жеткені – сан ғасырлық жинақталған рухының жемісі. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, еркіндіктің бесігінде тербелгеніне биыл 29 жыл толып отыр. Жиырма тоғыз жыл ішінде Қазақстанның экономикасы дамып, шекарасын бекітіп, мақсатын айқындап, өз алдына тәуелсіз еркін ел болды. Бұл ата- бабамыздың аңсаған тәтті жеңісінің жемісі деп білемін. Егер бойларында Отанға, ұлтқа деген патриот сезім болмаса, тамыры терең тарихымызда бостандық пен болашақ бақыты жолында қылыш сермескен ата-бабаларымыз жеңіс тұғырынан көрінбес еді. Бір ғана желтоқсан оқиғасының тарихымызда өшпестей белең алуы –ұлтымыздың бойындағы рухтың мықтылығы емес пе?!
Қазақ халқы 1986 жылдың желтоқсанында тар жол тайғақ кешуден өтті. Шындығы шимайланған Желтоқсан оқиғасы қазақтың басы бірігіп бір жұдырықтай жұмылған әрі бақытты, әрі қайғылы күн еді. Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтың ар-намысы таразыға салынған сын сағатта дүлей күшке қамықпай қарсы шыға келген жастарымыздың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ол Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне алғашқы қадам болған, өз елінің тәуелсіздігі, еркіндігі, өз халқы үшін 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласының Брежнев алаңынан басталып, бүкіл аймақта арпалыс тудырған қазақ жастарының бейбіт шеруі. Бұл күні алаңға барған жастар оларды азаптап, соққыға салынатындықтарын, оларға «ұлтшыл» деген атақ беретінін білген жоқ. Олар тек өздерінің Қазақстан жерін қазақ немесе Қазақстандық азаматтың басқарғанын қалап, осы мәселе жайлы өз ойларын естіртпек болды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тек Алматы жастарын ғана емес, басқа облыстардағы жастардың бой көтеруіне де алып келді. Бұл кезде Жезқазғанда, Қарағандыда 60 адамнан ұсталып, соққыға жығылды, митінгілер мен шерулер Талдықорғанда, Арқалықта, Көкшетауда, Сарыөзекте, Талғарда, Шымкентте және басқа да қалаларда өтті. Қызыл империяның қатал саясатына қасқайып қарсы тұрған Қайрат Рысқұлбековтай батырымызды және басқа қатысушыларымызды ұмытпайық.
Жалпы желтоқсандықтардың мақсаты - өз алдына егемен ел атанып, КСРО бұғауынан шығу, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қол жеткізе алмаған тәуелсіздікке қол жеткізу еді. Ал негізгі себеп күрмеуі шешілмей тұралап қалған елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрт нашарлауы мен ауырлауы болатын.
Желтоқсан оқиғасы қазақстандықтардың есінен кетпейтін, ауыр және қайғылы жағдайлардың бірі. Дегенмен де 1989 жылы «Желтоқсан» қоғамдық-саяси ұйымы құрылып, желтоқсаншылар тізімі жасалынып, қазақ жастарын мемлекеттің ақтап алғандығына не жетсін. Желтоқсанның ащы шындығын айтатын бірнеше деректі фильмдер түсірілді. Соның бірі Талғат Теменовтың режиссерлығымен «Қызғыш құс» атты фильм өмірге келді. Әрине Қалдыбай Әбеновтың «Аллажар» атты фильміне де тоқталмай кеткеніміз жарамас. Бұл фильмді «Аллажар» деп атамағанымда сол кездегі қиын-қыстау заманда тағдыры басқаша болатын еді. Фильмді Алла атымен атағандықтан да, көптеген қиындықтардан аман өтті, – дейді фильмнің режиссері Қалдыбай Әбенов.
1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Бірде Орыс патшайымы ІІ Екатеринадан «Қазақ деген қандай ұлт?»- деп сұрағанда: «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алуына болады» – деген сөзін мысалға келтіруімізге болады. Расымен де, бұл оймен толық келісуге де негіз бар. Оған дәлел-біздің ержүрек ата-бабаларымыз, намыстың найзағайдай ұлдары мен қызыл тілін қылыш қылған қыздары. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой маған, саған оған да! – деп, Қалқаман Сарин жырлағандай, қорытындылай айтсақ, тамыры тек тұлпарының тұяғымен тапталған осынау ұлан-байтақ жер, кешегі күні қилы замандардан өткен елдің келесі тізгіні күн сайын көбейіп өсіп келе жатқан жастардың қолында. Олай болса, баба аманатын қорғап, мәңгілік ел болуға бірге ат салысайық!
Болат САЙЛАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
А. Өтеген,
1 курс студенті