Тәтті дәрі - таңсық тосап
блог
Сәлем МАССАГЕТТІКТЕР! Бақ-бақ жайлы алдыңғы блогымда сөз еткен болатынмын. Бүгін тағы да сол бақ-баққа қайтадан оралдым (мынау бақ-бақтан айналшықтап шықпады ғой деп сөгіп жатқан боларсыздар). Бүгін бір сәтке дәрілік рецептерді қоя тұрып, өздеріңізге бақ-бақтан жасалатын тамаша тосаптың рецептін ұсынатын боламын. Дәмді, әрі пайдалы рецепт.
Жасалу жолы:
Таңертең бақ-бақтың 500 басын теріп алу керек (тек қана басын). Үлкен әрі ашылғандарын теріңіздер. Үйге әкеліп, ұқыпты жуып тазалап, салқын суға салып қойыңыз. Салқын суда 1 тәулік тұруы керек. Бірнеше рет суын ауыстырып қойғаныңыз абзал. Келесі күні суды мұқият төгіңіз, гүлдерді сығудың керегі жоқ. Одан кейін гүлдерді 1 литр суға салып, 10 минут қайнатыңыз. Қайнағаннан кейін гүлдерді жақсылап сығып, сүзіп алыңыз (гүлдерді жақсылап сығып алғаннан соң гүлдер керек емес). Содан соң қайнаған суға 1,5 кг қант, 2 лимонның шырынын қосыңыз. Отты жай жағып, 1 сағат қайнатыңыз. Тосап дайын. Стирильді банкаларға салып, жауып қоя берсеңіз болады.
Жалпы жақсы тосап, балаларғада ұнайды. Бірақ, балаларға көп беруге болмайды, 1-2 қасық. Ыстықты түсіретін дәрі ретінде әсер етеді. Мұндай тосапты әр-түрлі бәліштерге, нанға, блинчикке қосуға болады. Ештеңеге қоспай өзін ғана қолдансаңызда пайдалы.
Бұл тосап көпшілігімізге таңсық шығар. Сіздер бұрын бақ-бақтан тосап жасайтынын естігенсіздерме? Мүмкін қолданып көргендеріңізде бар шығар.