Тәтті «будильник»

Тәтті «будильник»
жеке
блог

Таңғы уақытта тәтті ұйқының құшағында жатқанымда құлағымның түбінен былдырлаған, сымбырлаған, жыбырлаған бір дауыстар, қимылдар естіліп жатты. Әрі-бері аунақшып, ия ояна алмай, ия ұйықтай алмай, дүдәмәл болып жатырмын. Бір кезде көрпем өз-өзінен ысырылып, денеме шымшыған секілді нәрселер тие бастады. Көзімді ашуға ерініп жатырмын, ашсам егер, ұйқым ашылып кете ме деген қорқыныш та жоқ емес. Кенет денемнің әр жерінен шымшып, жабысып, үстіме бірдеме мінгендей болды. Артынша кеудемнен басып, басыма жақындап, мұрнымнан тартты, екі бетімнен қысты, астыңғы ерінімді созды, құлағымды сүйрелеп тартып ойнады.

Маған түсініксіз тілде былдырлап, сөйлегендей болады. Бір кезде кеудемнің мойын тұсыма сұйық сілекей тектес бірдеме тамғандай не тигендей болып, соңынан бетімнен шөлпілдетіп, кішкентай еріндер сүйіп жатыр. Қытығым келгендей оянып кеткен сияқтымын, көзімді сығырайтып ашсам, кеудеме мініп алып, мені сүйіп отқан бір жарым-екі жасар сәби. Менің көзімді ашқанымды көріп, жүзінде күлкі ойнады, тура менің көзімді ашуымды күтіп жатқандай. Тағы не істер екен деп қызықтап жаттым. Қос алақанымен кеудемнен, бетімнен шапалақтап қояды. Ұйқым шайдай ашылып кетті.

Басқа біреу кеп оятса, оянбайтын, тұрмайтын, тіпті айқайлап, ұрсып беретін мен мынадай оятудан тура бір ләззат алғандаймын. Қандай тәтті, қандай рахат! Бір ашулана алмайсың, сондай бір сөз жетпес сезім. Менің әлі күнге дейін қалайтыным, сондай бір періште-сәбидің былдырынан, шымшуынан, жер бауырлап үстіме шығуынан, ең күштісі – бетімнен сүюінен ояну.