Тасын ала берсе, тау да таусылады

Тасын ала берсе, тау да таусылады
жеке
блог

Біз бұл бақытқа, бұл еркіндікке оңай жетпедік. 

Біз азаттыққа көздің жасы, кеуденің қанымен сан ғасырды артқа қалдырып, зор үмітпен жеткен халықпыз. Әр заманда сан қиындықты бастан кешсекте ұлттық сана биігінен өз дәстүрімізді, өз ұлтымызды сақтай алған елміз. Заман емес адам өзгерген сайын ұлттық мұрамыз "заманауи" кезеңде орнын жоғалтама деген қауіп бар. Кім кінәлі?

 "Тасын ала берсе, тау да таусылады" деген атам қазақ. Біз де  дәстүр-ұят дегенді бір күнде ұмыта салғанымыз  жоқ. Ақырын, көзге көрінбейтін қасиеттерден кейін ұлттық қасиетімізден алшақтап барамыз. Ұрпақ ауысқан сайын жоғалғанымызды іздеп, бізге қалдырған асыл мұраны сақтап қалуға әлде де болса қауқарымыз жетері хақ. Соның салдарын аңғарайық алдымен. 

Біздегі ең ұлы қасиет-үлкенді құрметтеп, кішіге ізетпен қарау еді. Тіпті өзге ұлттан ерек қасиетіміз, жазылмаған алтын заңымыз үлкендерден бата алу. Үлкеннің болашағына айтқан батасы ұлы еді. Ол да біртіндеп ұмытылып барады. Қазіргі жастардың бойындағы "бәрі өзімнен" қасиетінің арқасында бәлкім. 

Ата-бабаларымыздың сан ғасырлық сарабынан өткізіп, бізге қалдырған тағы бір қасиеті-тектілік, қанның тазалығы. Халқымыздың жадында, ми қатпарларында әлі де жеті атадан қыз алыспау тазалығы осы заманның таңғаларлық дүниесі. 

Алайда, біз еліктегіш халыққа айналдық. Қазақ та, ағылшын да, орыс та болғымыз келеді. Нағыз қазақ болуға ұялатындаймыз. Одан соң ешкімді қазақ қылғымыз келмейді. 

Біз көне халықпыз. Дәстүріміз даралықпен, салтымыз сапалығымен есті болған дара халықпыз. Шайқалса да шайыры сыртына шықпайтын, жел соқса да құламаған мықты елміз. Сол мықтылықты сақтап, ұлттық намысымызды биікте ұстау әр қазақтың міндеті. 

Ұлттық намыс деген мың толқыған теңізден, жүз сілкінген жерден биік парасат.