Қазақта «тасын өрге домаласын» сынды ұлағатты сөз бар. Астарлы айтылған сөздің түбіне үңілсек, бастар ісіңнің жемісі оң нәтижесін берсін, іске сәт, ісің оңға бассын деген түп мағыналары бір тілектерді білдіреі. Көкейдегі ойды айқын түсіндіретін нәрсе адамның еңбек әрекеті. Сол еңбек әрекеті мақсаттан туады. «Бір нәрсеге жету үшін адамға алдымен табандылық қажет» деген өрелі ойды ұлы ойшыл әл-Фараби тауып айтса керек. Расында, қайсарлық, өжеттілік, табандылық сол іспетті өр мінезі бар адамның көздеген арманына жетпеуі екіталай. Десекте, әлемге әйгілі Сизиф туралы аңызды ойға оралтсақ, жоғарыдағы сөзге күдікпен қараймыз. Не үшін? Себебін іздеп көрелік. Қарап отырсақ, ерен еңбектің, тайсалмас табандылықтың иесі бола білген – Сизифтің ісі оңға баспауы, тасының жоғары өрлемей төмен жорғалауы «толассыз еңбек тосқауылды бұзып өтеді» деген пікірмен керағар келеді.
Бірақ...Қай заман болмасын, қай ғасыр болмасын аңыздың аты аңыз ғой шіркін қашанда!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, қандай әрекет, қанай іс жасасақ та, содан рахат табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады. Ешқашанда үлкен қиыншылықтарсыз үлкен істің болмайтыны ақиқат. Алайда, өрге жүзген өнегелі ісімізің соңы, Сизифтің сәтсіз ісіндей аяқталуынан аулақ болғай!!!