Тарихы тереңнен бастау алатын танымал сусын қандай?

    Күнұзаққа ормандардарда жеуге жарамды шөптер мен тұқымдарды іздеумен әлі құрыған қытайдың мифологиялық бейнесі Шэн-нун 72 рет уланып үлгерді. Ол уланып өлместен бұрын  аузына бір жапырақ келіп түсті. Шэн-нун жапырақты шайнап жұтып жібереді де жазылып кетеді екен. Осы мифке сүйенсек, шай осылай пайда  болыпты. Шын мәнісінде, шай уланудан құтқармайды, бірақ жер мен медицинаның қорғаушысы Шэн-нунның оқиғасы  ежелгі қытайдың өзінде шайдың ерекше маңызын көрсетеді.

   Археологиялық деректерде шай Қытайда 6000 жыл бұрын таралып, өсіріле бастады, яғни фараондардың Гиза пирамидаларынан 1500 жыл бұрын пайда болған. Ең алғашқы қытай шай ағашы –  әлемнің барлық жерінде өсіп жатқан шай ағаштарымен бірдей. Дегенмен,  сол кезде шай мүлдем басқа әдістермен тұтынылған. Бір қызығы, оны дастарқанда  көкөністерден жасалған тағам немесе дәнді ботқамен бірге ұсынған. 

     Шай - сусын ретінде осыдан 1500 жыл  бұрын адамдар жылу мен судың  үйлесімі шай жапырақтарына қанық дәм беретінін түсінгенде ғана саналған. Шай дайындау әдісіндегі жүз жылдық тәжірибелерден соң,  жапырақтарды кептіріп, оларды нығыздап, ұсақтап ыстық сумен араластыру - шай дайындау стандартына айналды. Осылай ұнтақталған маття немесе матча шайы пайда болды.  Әсіресе, бұл шай классикалық қытайлық және жапондық шай рәсімдерінің негізгі атрибуты.   Маттяның танымалдылығының артқаны соншалық, шай ішу мәдениеті бөлек пайда болып, дамыды. Ол туралы кітаптар мен өлеңдер жазылды. Шай – императорлардың сүйікті сусынына, сонымен қоса, суретшілердің шабыт көзіне айналды. Олар шайдың бетіне ерекше суреттер салды. Бір қызығы, қазіргі кофеханалардағы кофенің көбігіне салынып жүрген суреттер, яғни  эспрессо-арт матчаның дәуірлеу кезеңінде-ақ пайда болған екен. 

ІХ ғасырда Тан әулеті дәуірінде жапондық монах шай ағашын Жапонияға алып барады. Жапондықтар шайға қатысты бірегей  рәсімді  ойлап табады. Осылай жапондық шай рәсімі дүниеге келеді. ХІV ғасырда Мин әулеті дәуірінде қытай императоры шай дайындау стандартын өзгертеді. Оны нығыздалған күйінде емес, жапырақ күйінде бөлек сақтайды. Сол кезде Қытайға  әлемдегі барлық шай ағаштары тиесілі болды, ал шайдың өзі елдің экспортқа шығатын негізгі үш тауарының (фарфор мен жібек) біріне айналды.  Бұл аспан асты еліне  билік пен экономикалық  ықпал  берді. Себебі, әлемде шаймен қатар, шай ішуді әдеттену де кең таралды.

   Сусынды дәріптеу ХVII ғасырда Европаға  голландтық көпестердің шайдың үлкен топтамаларын жеткізумен бастау алды.  Португалдық ханшайым Елена Браганская 1661 жылы ІІ Карлға тұрмысқа шығып,  ағылшын аристократтарының арасында шәй ішуді сәнге енгізген деседі.  Сол уақытта Ұлыбритания өзінің отарлық иеліктерін кеңейтіп, әлемдік державалардың қатарына ене бастады. Әлемдік үстемдікпен бірге шайға деген қызығушылық та арта бастайды.

     ХVIIІ ғасырдың басында шайдың құны кофенің құнынан 10 есе асып түсті, бірақ шай  әлі де тек Қытайда ғана өсірілді. Сауданың табысты болғаны соншалық, сауда компанияларының арасындағы қатаң бәсекелестіктің нәтижесінде клипер – тез жүзетін үш мачталы (діңгек) кеме пайда болды. Барлығы максималды түрде пайда алу мақсатында шайды Европаға бірінші болып жеткізуге тырысты.

    Британдықтар қытайлық шай үшін бірінші күміс төледі. Алайда, бұл төлем қымбатқа шығып, олар қытайлықтармен айырбас саудасын жүргізе бастады.  Айырбас тауар – апиын.  Бұл тауарға я апиынға тәуелділіктің себебінен, қытай халқының денсаулығы күрт нашарлады. 1839 жылы императордың уәкілетті тұлғасы Британиядан келетін опиумның үлкен тотамаларын жоюды талап етіп, елдегі британдық ықпал етулерге қарсы шықты. Бұл жағдай екі елдің арасындағы бірінші апиын соғысына әкеліп соқты. Қытай жағалауындағы қанды шайқастар 1842 жылға  дейін созылды. Нәтижесінде, Цин империясы жеңіліп, Гонконг кемежайын Ұлыбританияға береді және сауданы өз жағына тиімсіз шарттар бойынша жандандыруға мәжбүр болады. Соғыс Қытайдың халықаралық жағдайы мен беделін 100 жылдан аса уақытқа түсіріп тастайды. 

    Британдық Ост-Үндістан  компаниясы шайды өздігінен өсіріп, нарықты басқарғысы келеді. Содан өсімдіктанушы Роберт Фортьюнге жасырын түрде Қытайдан шай ағашын алып келуді тапсырады. Сөйтіп, Роберт қауіпті саяхатқа аттанады. Ол Қытайдың таулы аймағында орналасқан шай плантациясына барып, тек бұтақтарды ғана алып қана қоймай, бірнеше тәжірибелі жұмысшыларды қызықтырып, Үндістанға тартып алады. Сол жерден шай ағаштары таралды. Шайды өндіру көлеміне байланысты ол күнделікті сұраныстағы тауарлардың қатарына кірді.  

  Бүгін шай – судан кейінгі танымал екінші сусын. Тым тәтті түрік шайынан бастап тибеттің тұз қосылған шайына дейін оның дайындау тәсілдері саналуан. Қазақ қоғамында да шайдың ерекше орны бар.  Шайды көп ішетін елдерге жүргізілген статистика бойынша, бір адамның басына шаққанда қазақ жылына 1-2 келі  шай ішеді екен.  Жапондық зерттеуші М.Киттар қазақтардың шайды қалай ішетіні жайлы 19 ғасырда  «Қазақтар шай ішкенде уақыт та, орын да талғамайды. Кез келген тамақтан бұрын да, кейін де іше береді» деген екен. 

Міне, тарихы тереңнен бастау алатын сусын жайлы қызықты ақпараттарды сіздермен бөлістім. Мақала сіздерге ұнады деген ойдамын.    



Бөлісу: