Кеше бір кездесулер болды. Арасында бір өзге ұлыстық замандасымызбен қырықпышақ болып, біраз қызылкеңірдіктенуге тура келді.
Дау бүгінгі Аза күнінен шығып кетті. Біздер, қазақтар үшін бұл аса маңызды күн, қазақтың 70 пайызынан айрылып, ұлт ретінде жойылып кете жаздадық дегендей әңгіме айта бастап едім, "Осы сендер қазақтар соның барлығын қайтесіңдер?" дегендей дүңк ете қалмасы бар ма...
Жағамды ұстадым...
- Бауырым, осы репрессиядан жапа шеккен халықтың бірі емессіңдер ме? Аталарыңды малвагонға салып, жолай қырғанын, қаншасының аштан қатқанын білесің бе?
- Ия, білем, - деді.
- Енді соларды еске алып, тіршілік жасау ұрпақтық міндетің емес пе?
- Қайтем оны? Маған ол не береді? - дейді сонда сабазың.
- Сенің бала-шағаң бар, соларға не үйретесің? Өз тіліңді, тарихыңды айтасың ба оларға?
- Оларға оның не керегі бар? Болашаққа қарап, болашақты ғана ойлау керек қой...
- Сонда сен тұрып жатқан жердің, халықтың пайымы, жады, тарихы сен үшін бос сөз бе? Бұл жер тек тоқшылық болса ғана Отан, болмаса басқа ма сен үшін?
- Ия, болмаса кетіп қалам!
- Олай болса, қарағым, енді маған жоламашы. Егер сенің аталарыңа жасалған қиянатты ұмытып, оны шыбынның өлгені құрлы санасаң, онда маған жолаушы болма! - деп кесіп, шотымды төлеп кетіп қалдым.
Бір тәуліктен астам уақыт өтті, әлі шок болып отырмын.
Айдос Сарымның фейсбуктегі жеке парақшасынан