Жастарды рухани байыту, мәдени сауаттылық сатысында тәрбиелеу мақсатында қаламыздың көрнекті орындарының бірі, қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мемориалдық мұражай- кешенінің мамандары қыркүйек айының жұлдызында ашық сабақ өткізген болатын. Бұл іс-шараға факультетіміздің музей ісі және ескерткіштерді қорғау мамандығының 3-курс студенттері және педагогикалық тарих мамандығының 2 курс магистранттары қатысты. Ашық сабақ барысында Д.А.Қонаевтың өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай өмір жолы, және қазіргі күнде өз құндылығын жоғалтпаған мемориалдық музей-үйінің ерекше тұстарымен таныстық. Баршаға мәлім, Д.А.Қонаев- аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері,үш мәрте Социалистік еңбек ері,Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі,техника ғылымдарының докторы ретінде еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосқан тұлға. Өз заманының ұлы саясаткері Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен, 43 қала пайда болған. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып,тың және тыңайған жерлер игерілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академигі ғылым саласында да орасан зор қызметтер атқарған. 100-ден аса ғылыми еңбектермен, зерттеулер жазған. Ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізген.
Азаматтық тұрғыдағы екі қырын екі елеулі қызметпен ұштастыра білген, ұлт жанашыры Қонаев мұражайы екі экспозициялық залдан тұрады. Бірінші экспозициялық зал Д.А.Қонаевтың «Балалық шағы мен студенттік кездері және еңбек жолының басталуы», екінші экспозициялық зал «Д.А.Қонаев саяси және қоғам қайраткер» тақырыбын қамтиды. Мұражай қорында 3 мыңға жуық жәдігер жинақталған.
Мұражай жәдігерлері қарапайым шаруа баласының тау-кен инженерінен үкімет басшысы деңгейіне көтерілген, тіптен бұрынғы Одаққа, шет елдерге де танымал болған еңбек жолын көрсетеді.
Кейіннен, 1952-1955 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Осындай жауапты қызметтерді Дінмұхамед Ахметұлы абыроймен атқарып, өзінің туған Қазақстан халқының биік деңгейден көрінуіне күш салады. Мұнда Д.А. Қонаевтың жекелеген заттары, техникалық, анықтамалық және көркем әдебиеттер, өнер жөнінде альбомдар, авторлардың жекелей қолтаңбасы жазылған кітаптары, жиһаздар, тұрмыстық заттар, мерейтойларына арналған көптеген сыйлықтар мен экспонаттар, басқа да әр алуан заттар бар. Бұлардың бәрі ұзақ жылдар бойы мұқият сақталған және Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың немере інісі Диар Асқарұлы Қонаев мұражайға табыс еткен.
Менің көзқарысымда бұл мұражайдың ерекше құндылығы – мемориалдық пәтер-мұражайының толықтығында және ауқымының кеңдігінде. Мұнда сақталған жәдігерлер Д.А. Қонаевтың дүние-мүлікке қызықпайтын қарапайым адам болғанын, оның қарапайым тіршілігін, қалай дем алып нендей дүниеге қызығушылық білдіретінін аңғартады. «Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер - музейі» - бұл өткен тарихымызбен таныстыратын орын әрі өнегелі өмірдің нағыз куәгері бола білген.
Өмен Арнұр
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
2-курс магистранты
Ғылыми жетекшісі: Сәуле УДЕРБАЕВА