Тәрбиесіз тобырдың замандасы болмасыншы...
блог
Мен кішкентай, тым кішкентай кезімде ақын-жазушылардың барлығын керемет адамдар деп ойлайтын едім. Пендешіліктің ауылынан тым жырақта жүретін, керім адамдар деп ойлаушы едім. Сөзі мен ісі сәйкес келмейтін адамдар бар болса да, көп жағдайда адамды сөзіне қарап танып, ойына қарап ой түйеміз. Ол кезде оқитын ақындарымның шығармалары да барлығы бірдей керемет деп тапқанымнан, тіпті менің болашақ жарым ақын болса, мен соның мәңгілік музасы болып өтсем деген ойлар да миымды жиі шағатын. Сәл есейе келе, олардың «С-ға», «Л-ға», «Г-ға» деген неше түрлі қыздарға арнап шығарған өлеңдерін оқып, «Ақындар сезімге, махаббатқа тұрақсыз болады екен-ау. Ондай адамның маған керегі жоқ» - деген ой түйдім. Кейін, «Жарайды, бір сәттік сезім кімде болмайды дейсің. Болмашыға жүрегі жиі соғып кететін шығармашылық адамдары ғой» - деп кешіріммен қарауға тырыстым. Ал қазіргі ақындарды оқып, тіпті жерініп кете жаздаймын кейде. Бір шықса, ұлы тұлға осылардан шығады деп халық солардың сөзін бағады емес па? Ал олардың (барлығы да емес) жазғанына зер салсаңыз: қос бұрымды тәкаппар қызға емес, қос саусағына темекі қыстырған жеңілтек қызға, етек-жеңін буып ұстаған қызға емес, қысқа белдемшелі ұзын аяқтарға қызығатынын жазады. Мұны әркім өзінше қабылдап, мысқылынан жирене білсе жақсы-ау. Ал жаңа өсіп келе жатқан жас құрақ тура мағынасында түсініп «мен де сондай болам» деп, ертең-ақ етегін түріп, темекіге түтігіп шыға келмейді ма? Айналайын, ақындарым-ау, ел сіздердің ауыздарыңызға қарайды. Он күнәнің тоғызы тілден екенін барлығыңыз білесіздер! Бір адамның болса да күнә жасамауына жол ашып, қаламдарыңыздан төгілер дүниені түзесеңіздер екен.
Бауыржан атамыздың үшінші қорқынышы ақиқатқа айналмауына, ұрпағы салт-дәстүрін ұмытпауына себеп болсаңыздар екен деймін. Мен жай ғана келер өркен ғұрпымызды қаймағы бұзылмаған қалпында қабылдауын қалаймын. Болашақ балаларымның (бұйырса) тәрбиесіз тобырдың замандасы болмауын тілеймін!