Тәрбиенің түр-түрі бар

Тәрбиенің түр-түрі бар
жеке
блог

      Он бірінші сынып оқитын кезім. Қыздарға ұрлана қарайтын шақтан өтіп, оң-солды танып, жігіт болып, қыздарға қырындайтын кез. Әлі есімде, Айнұр деген қызбен сөз байласып, көңіл жарастырып жүрген шақ. Ауылымыз кішігірім. Әр қадамың - елдің назарында. Кездесу бақыты күнде келе бермейді. Он күнде – бір, кейде бір жетіде – бір жолығамыз. Айтайын дегенім,  Айнұрмен кездесетін күнім туды. Кездеспегенге бір жеті болған. Сол түні жолығатын болып уағдаласқанбыз.  

Қыс кезі еді.  Жарасымды, таза киімімді киіп, кол-бетке әтір жағып, сыланып-сипанып  үйден шығып бара жатыр едім, әкем: «Дастарханға отыр, ас дайын болып қалды» деді. Әншейінде, «Қайда барасың, түнде жүргенді қашан қоясың, сен бала?!» деп ақырушы еді. Бұл жолы ләм-мим демегеніне таң қалып, дастарханға жайғастым. Көп ұзамай анам дастарханға ас әкеп қойды.  Әкем: «Қәне, балам, тамақтан ал» деп асты жақын қойды алдыма. Бір кезде үстелде тұрған чеснокты тазалап: «Балам, мынау чеснок дегенді, қыстың кезінде көп жеу керек. Гриппен ауырмайсың. Же, жеп қой!» деді.(Әкем –қатал. Сөзі заң болу керек. Тілін алмасаң, жағдай қиын болады) Чеснок дегенге жатырқайтын адам емеспін. Қызға баратын болғасын әкеме: - Жемеймін, жегім келіп тұрған жоқ деп, біраз қипақтап едім, әкем аларып, бір қарады. Чеснок қалай ауызға түскенін білмей қалдым... Жеп жатып, ойға кетіп жатырмын «Иісі бір сағыз шайнасам кетеді ме екен, әлде екі сағыз шайнасам кетеді ме екен» деп. Солай бір чеснокты жеп алдым. Бірінші берген чесногын жеп болғаным сол еді, әкем екіншісін дайындап:

- Балам, чеснок деген іштегі микробты өлтіреді екен. Мә, мынаны да жеп ал- деп, тағы біреуін берді. Әкеге қарсы келе алмайсың. Іштен тынып, екіншісіне қолымды создым. Екіншісін жеп жатып, тағы ойға кеттім «әй-й, екіншісін кетіру, қиын болатын шығар» деп. Екіншісін жеп болсам, әкем үшіншісін беретінін байқап, қулыққа сала бастадым. Баяулатып жеп жатыр едім. Әкем:

- Жігіт емессің бе?! Жігіт болғасын, жігіт секілді жеу керек. Же! – деп, тағы қатқыл үнмен бұйырды. Жемеске амал жоқ. Екіншісін жедік. Әкем үшіншісін ұсынды: - Чеснок жесең, денің сау болады-деп. Үшіншісін жесем, ешбір сағыз кетіре алмасын біліп, қолымды қиналмай, еркін создым. Әкемнен тартып алғандай болдым. Үшіншісін жеп жатып, тағы ойға шомдым: «Бұл түріммен Айнұрға бара алам ба, бара алмаймын ба? Бармасам, ренжиді... Барсам, қолын ұстамақ түгіл, жанына жолай алмайсың. Қайтпек керек?...Қайран, Айнұр...»    

Үшіншісін жеп болып, енді маған бәрібір, тағы бересің бе дегендей әкеме қарадым. Әкем:

- Чеснокты көп жеуге де болмайды, асқазаныңа ауырлық қылады, -деді, аз-маз жымиып. - Қалғанына шәй іш, -деді.

 Әкеге деген балалық ашудан ба, ызадан ба, әлде іштегі махаббат өрті, жалынынан ба, білмедім. Әйтеуір, бет қызып, іш алаулап кетті. «Шәй ішпеймін» дедім де «әумин» деп, дастарханнан тұрып кеттім.    

Тысқарыға шықтым. Айнұрға бара алмасқа көз жетті. Сико деген көрші інімді үйінен шақырып, Айнұрға жібердім. Сылтау дайындап, сәлем айтып жібердім. Сылтаудың қысқа нұсқасы былай еді: Оқыс жағдай болды. Аяқ астынан жылқыдан құлап, белі ауырып қалыпты. Кездескенде мән-жайды толықтырып айтамын.

 

 

P.S.  Қазір есейген соң, әкенің тәрбиесіне таң қаласың. Таранып, әтір сеуіп шыққан бала, қызға бармағанда қайда барады? Әрине, қызға барады. Үйден дайындалып, оқталып кетіп бара жатқан балаға, «үйден шықпайсың» деп қанша бөгет болғанымен, амалын тауып, шығып кететінін сезіп, еш нәрсе білмегенсіп, чеснокты зорлап бергеніне қайран қалмасқа шараң жоқ...

Сурет: combucha.ru