Мен жақында Әзілхан Нұршайықов ағамыздың Махаббат, қызық мол жылдар атты шығармасын оқыған едім, мүмкін барлықтарыңыз оқыған да боларсыздар. Ақылға тұрар, еске сақтар, тәрбиелік мәнге толы осы туындыдан алған әсерім мол. Шығарма кейіпкері Меңтайдың анасынан жазып алған нақыл сөздерін сіздермен бөліскім келіп отыр.)
Жазғы салқыннан жаныңды аяма.
Ешқашан да, ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да жақсылығы болады.
Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек. Себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген мақал бар.
Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясын.
Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу – дарақылық белгісі.
Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.
Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.
Ауыз шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы – бәрі де сайрап тұрған сөз. Сондықтан оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.
Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.
Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.
Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас үйірсек. Жақсы дос жаман әкеден артық.
Үміт күткен ұлы оңбаған боп кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы; сұлу деп алған сүйкімсіз боп шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ боп шықса – жар сорлы.
Ақ көңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс әдемі болса да жейркенішті.
Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен соң жеңісті баянды ету одан да қымбат.
Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ бол.
Кей адам кілт етпе келеді. Бірақ ол мінез жас балаға, сұлу әйелге, ұлы адамға ғана жарасады. Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық қырсықпен тең.
Махаббат – барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат та өзін байлық пен барлықтың қоса қолдауын ұнатады.
Екі адамның бір-біріне шын ықыласпен қалтықсыз қызмет етуі не арадағы адал махаббаттың, не асыл достықтың арқасы.
Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.
Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап жер бетін, тұрған үйіңді жұмақ ете біл.
Жақсы адам – магнит. Магнит бірнеше темір шегені өзіне тартып алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң – айналаңда досың көп, жаман болсаң – жалғыз жүресін, орташа болсаң – сен де бір жақсының жанын жағалайсын.
Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға боламын деме.
Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жақсы, ақылың парасатты болса – іздеген досың алыстан үйірліп өзі келеді.
Біреулер пәленше көп біледі деп мақтайды. Көп білген адам көп тындырса мақсатуға болар еді. Көп біліп, түк тындырмайтындар да бар. Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті жоқ. Ондай «білгіштіктен» аз біліп көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық.