Танысы бардың шансы бар (фельетон)

Тынысы тарылған бөлмеде халық арасында «Месқарын» бастық болып аталып кеткен адам тектес дене ары-бері теңселіп жүруін қоймады. Ол, тіптен, өзінің шағын ауданына тексеріспен «Ревизор» келетінін ести сала, ірі денесіндегі қарыны дір-дір етіп, аянышты күйге түсе бастады.

Аядай бөлмеде бастығы былшиып, төңірекке сыймай, тербеліп жүргеніне хатшы қыз таңғалмады. Ол үшін бұл қалыпты, үйреншікті жағдай. Бастығы тексеріс кезінде еріксіз 10-15 килограмм салмақ тастап, кейін өз салмағына қайта келетінін де ол жақсы біледі. Хатшы қыз деген артық болар, бастықтың көмекшісі, оң қолы деген дұрысырақ сияқты. Ол қыз бастығына, түптеп келгенде, туған ағасының қызы болып келетін туысқандығы тағы бар.

Арамтамақ бастық өзі үшін бәле аталып кеткен «Әтчөтті» жоғары жаққа өткізбегеніне бірнеше айдың жүзі болды. Сол себептен жұмыс аяқ астынан басталып кетті. Жоспарды орындау керек қой. Үстел беті тамақ қалдықтарына жиналып, быж-быж еткен шыбыннан көрінбей қалды.

Бұл көріністен хатшы қыздың жүрегі айнып, жұмыстың көптігіне қарамастан: «Бастық менің ағам ғой, керек болса, өтірік есебін өзі жасап алсын, ұрса қоймас»,– деп қолды бір сілтеп, кетіп қалады. 

Хатшы қыз кете салысымен бөлмедегі телефон шыр ете қалады. Бұл дауысты естіген бастықтың жүрегі су етіп, көзі мөлтілдеп, денесі бүлкілдеп, телефон тұтқасына ырғалып-жырғалып әрең жетті.

«Әлөу»,– деген жоғары жақтан келген әлдебір дауыстан телефон тұтқасын көтерген бастықтың жегені желкесіне тығыла бастады.

«Сұмдық-ай, бұл облыс ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы ғой»,– деп қобалжыды ол.
Телефонның арғы жағынан: «Құрметті, Кеңесбек Қыңырбаевич! Ертең сіздің басқарып отырған ауданыңызға шұғыл іс-сапармен облыс әкімі келеді. Оның келгендегі мақсатын айқындап, ебін, көңілін тауып, сый-сыияпат көрсетіп, күтіп алыңыз»,– дегенде, мес қарын бастық төбесінен жай түскендей күйде аңырап қалады.

Ол бұрыңғы айқайына басып, хатшы қызды тағы шақыртады. Осы кезде, оның бүкіл денесін үрей сезімі билеп, шыдамдылық танытпағандықтан, жүрісі ырғалаң-ырғалаң етіп, хатшы қызға қарсы жүгіреді, үстінен арам терісі судай аға бастайды, май басқан денесі арс-арс ете түседі.
Хатшы қыз болса, ағасына еркелеген түрі ме, басқа бөлмеде аяғын аспанға көтеріп тұрып, ұйықтап жатыр екен.

«Тұр, Тоқашгүл»,- деп айқай салады ол, өзінің дауысынан өзі қорқа түсіп.
Қарындасы болса оған, ұйқы үстінде: «Тамақ, тамақ беріңдер, қарным ашып тұр»,-деп сандырақтай жөнеледі.

«Тұр, Тоқашгүл, анау үлкен әпкеңнің баласы күзетші Танысбекті білесің ғой, соған қоңырау шал, ақылдасатын шаруа бар»,- деп, басеке, тамағын қарлыға жұтынады.
Оған Тоқашгүл сасқалақтап:«Ойбай, аға, біз құрыдық»,-дейді де, жерге бір құлайды, есін жоғалтқандай болып.

Біраз уақыт өткен соң, Тоқашгүл өзіне келіп, ағайынды үшеуі бас қосады, сөйтсе, бұлар бір адамды ұмытып кетіпті. Ұмытқандары-көзі тас төбесіне шыққан, көзілдірігі бетінен дәу, есепші Кезіргүл Жақтырмасқызы екен.

Енді есепші Кезіргүл Жақтырмасқызымен қоса төртеуі жиналып, сырттан келген бастықты күтіп алу жоспарын қызу талқыға салады. Осы кезде мес қарынды бастық баяғыға басып, «Шықбермес Шығайбайдың» кейпіне ене бастайды да: «Дастарханға салар менде ештеңе жоқ»,– деп іші бұратылған төбеттей, тарау-тарау, күс-күс алақанын алдына жаяды.

Сонда есепші Кезіргүл Жақтырмасқызы күйеуінің сөзін қуаттап: «Уайымдамаңыздар, жолдастар! Қам жемеңіздер, біздің басты көзіріміз-халық, яғни ел. Барлық кетер шығынды халық өзі көтереді, олар ондайға үйренген, несіне байбалам саласыздар?».

Сонда хатшы сымақ әлгі ерке-тотай қыз:«Иә, иә, осы жеңешемнің сөзі орынды»,-дейді.
«Ағайындарым, бауырларым. Біз кім үшін, таңның атысынан, кештің батысына дейін қызмет етіп жүрміз? Әрине, халық үшін. Болды, болды, халық көтереді бар шығынды», -деп бастық байбаламға басады.

Сол күні бастық түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмай шығады. Содан не керек, көптен күткен сырттан келетін «ревизор» атанған бастықтың да басы көрінеді.

Келген қонақтың түріне қарасаңыздар, бетінде жемқор, нан соғар екені жазылып тұрғандай, өзіміздің мес қарынды бастықтан аумай шығады. Таныса келе, олардың рулас екендігі де белгілі болады. Бұл оқиғаның ақыры – қорқыныштың сейілуімен аяқталады. Содан не керек, екі бастықтың әңгімесі жараса кетеді.

Ағайынды жемқорлар жолы үлкен-келген бастықтың аяғын жерге тигізбей, әулие деңгейіне көтереді. Қонақ күткен бастықтың үйінде қазаны қатты, сорпасы тәтті болып, дәм-тұздары жараса кетеді. Тамақтан-тамақ, шараптан-шарап судай ағып, халықтың жағдайы жайына қалады, келген бастық оған жасалынған күтімге риза болып, еліне оралғанда барған ауданы туралы ауыз толтыра мақтай, ауыл халқының пейілін өзінің денесіндей кең екендігін айтып, келесі ауданға жол жүріп кетеді.

Ол жерде де оны-мұны ортақ бөліске салатын басқа бастық-руласы, бауыры не қарындасы күтіп тұрмағанына кім кепіл, айтыңыздаршы, ағайын, дұрыс-бұрысын?!



Бөлісу: