Танысу амалдары
блог
Үлкен ағамның екі ұлы бар. Тұңғыш ұлы 1-курста оқиды. Жақында жолдан өтіп бара жатқанда, көлік қағып кетіпті. Абырой болғанда ауыр жарақат алмаған, етін ауыртып алған. Көлік тізгінінде өзінен 2-3 жас үлкен орыс қыз отыр екен. Екеуі ауруханға барып, тексерістен өткен. Кейін орыс қыз біздің баланы үйге әкеліп тастаған. Қазір екеуі жақсы дос болып кетті. Араласып жүр. Көлік қағыпты дегенде бәрімізі шыр-пыр болып қалдық. Інім болса, "Көлік қаққаны жақсы болды, за то қызбен таныстым" деп қояды.
Мектепте оқитын кезіміз. Жанымда отырған парталас бала ұялы телефонымдағы альбомды қарай бастап, көп суреттердің ішінен бір қыздың суретін байқап қалды. Ол қыз туралы, ата-анасы, тұратын үйі, оқитын мектебі, тіпті ұялы телефонының моделіне дейін барлық ақпаратты алып алды. Содан кейін, "Түрі онша емес екен, бірақ танысуға болатын сияқты" деген түйінге келді.
Әдеттегідей, сабақтан кеш шыққан едім. Такси тоқтатып, үйге қарай беттедім. Сөйлеуге шамам жоқ, ойда істелуге тиісті біраз жұмыстар бар. Келе жатырмыз. Бір кезде көлік жүргізушісі сөйлесіп, сұрақ қоя бастады. Менен құрғақ жауаптар кетті. Бір кезде "Таксист болған сондай жақсы, бір жағынан ақша табасың, бір жағынан қызбен танысасың" деді. Күліп жібердім. Оны ол еркелік деп түсініпті. Әңгімесі телефон сұраумен жалғаса бастады. Беретін мен жоқ, ол болса, сұрап қоймайды. Үйіме жақындаған сәтте тиын-тебенін бердім де, шығып кеттім.