Қазақстан халықтарының тілдері күні аясында Алматы қаласы Алатау ауданы №180 жалпы білім беретін мектепте қазақ, орыс, ағылшын тілі пән мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Қазақ атын танытсын үш тұғырлы тіл» атты әдеби-танымдық мерекелік кеш өткізілді. Оған ауданның 30-ға жуық мектебінен келген ұстаздар мен оқушылар көрермен ретінде қатысты.
Бұл шара бәсекеге қабілетті қоғам мүшесі ретінде жас буының патриоттық сезімін күшейтуді және үш тілді меңгерген жаңа буынның үлгілі имиджін насихаттауды мақсат етті.
Ана тілін ардақ тұтқан шәкірттеріміз Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасын және тіл туралы өлеңдер оқыды. Ал сахналық қойылымдарда үш тілде еркін сөйлеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Намыс пен ұлтжандылықтың үлгісі болған ұлт зиялылары Алаш ардақтыларының ұлтына деген сүйіспеншілігін насихаттауға бағытталған «Ахмет аманаты» қойылымы шәкірттеріміздің бойындағы патриоттық сезімін арттыра түсті.
Сонымен қатар 9-cынып оқушылары тіл туралы қызықты ақпараттармен бөлісе отырып, тілді үйрену ешқашан кеш болмайтынына, ол үшін тек ниет пен еңбектену ғана қажет екеніне тоқталды.
Мерекелік кештің көркін келтірген «Телқоңыр» ансамблі мен «Достық» хорының өнеріне көрермендер сүйсіне қол соқты.
Тілге құрмет – елге құрмет. Тіл болмаса ұлт жойылады. Сондықтан тілді ардақтауымыз керек. Жаңа көріністерде айта кеткендей, намысты болуымыз керек. Сонда біздің тілімізге ешкім тиісе алмайды, қауіп-қатер де болмайды. Тіл мерекесімен баршаларыңызды құттықтаймын. Өзге ұлттар тілі, ділі, елі, жері, ұлты бар бізді бақытты санайды. Біз сол бақытты бағалап жүре берейік, - деді кеш барысында сөз алған Алатау аудандық Білім бөлімінің әдіскері Смагулова Алия Белгібаевна.
№180 жалпы білім беретін мектеп директоры Дәулетбек Ләззат Байшымырқызы қатысушыларды мерекемен құттықтап, белсенділік танытқан шәкірттер мен ұстаздарға ризашылығын білдірді.
Тілдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осындай кішкентай бүлдіршіндеріміздің тіл деп соққан жүректеріне осы жерде бас иіп алғыс айтамыз. Үш тілді меңгерген ұрпағымыз барда, біздің болашағымыз жарқын боларына сенемін. Біз егемен елдің болашағын ойлаған халықпыз, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан тіл құдіретін сезінген, тіл қасиетін сезінген, соның бәрін сездіре білген, оқушының жүрегіне ұялата білген мектебіміздің ұстаздарына үлкен рақмет айтамын. Тіл ұлт болып ұйысып, салт-дәстүр, әдебиет пен мәдениетіміздің сақталуына сеп болып тұрған ұлы күш десек болады. Сондықтан оны құрметтеп, осындай мереке арқылы қадір тұтуымыз заңды да. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың санасына нұр сеуіп, тіл құдіретін танытуда тамаша тәлім болары анық, - деді мектеп директоры.
Қазақ халқы бар тарихын көшіп жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртына қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық жинаған сөз байлығын, күйі мен жырын бізге жеткізгені белгілі Ендеше осы асыл мұраны өз дәрежесінде сақтап, қадірлеу – әрбір жанның парызы екені даусыз.