Танымал топтан кетіп, бағы жанған отандық жұлдыздар кімдер?

Бүгінде көпшілікке танылып үлгерген бірқатар жұлдыздар кезінде топта ән айтып, сол "бэндтің" белді мүшесі болған еді. Бір қызығы топ құрамында аса танымалдылыққа ие болмаған олар жеке әнші ретінде көптің көңілінен шыға білді.

Халыққа кезінде "KZ" тобы арқылы танылған Рүстем Нұржігіт пен Бейбіт Көшқалиев осыдан бірнеше жыл бұрын екі жаққа тарап кеткен болатын. Әншілер осылайша өздерін жеке орындаушы ретінде сынап көрмек болды. Айта кетерлігі, Бейбіт Көшқалиев топ ыдырағаннан кейін, өзінің "Биле, биле" әні арқылы көпке тез танылып, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы болып шыға келді.


Өз жолын топтан кеткеннен кейін тапқан тағы бір әнші – ақтөбелік Ерке Есмахан. Эстрада жұлдызы бұрындары "Інжу" тобының құрамында ән салған еді. Алайда топтан кетіп, жеке әнші ретінде талай әнді орындаған Ерке Есмаханға танымалдылық бірден келе қоймады. Әншіге асқан танымалдықты соңғы жылдары шыққан "Ало", "Қайда?" хит әндері алып келді. Ал бүгінде Ерке гонорары көп, отандық шоу-бизнестегі ең танымал әншілердің бірі.

 


Топтан шыққан соң, көпшілікке кеңінен танымал болған тағы бір әнші – Кәмшат Жолдыбаева. Ол ән өнерінен бөлек, кино өнерінде де бағын сынап, шебер актриса атана білді. Сондай-ақ ол соңғы жылдары өз тыңдармандарына көптеген әндер сыйлап, бірнеше бейнебаянын ұсынды.

Жолдыбаевамен бірге өнер көрсеткен Айдана Меденова да атышулы "Kesh You" тобынан кеткен соң, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы атанды. Әнші бүгінде тұрмыс құрып, екі баланың анасы атанып отыр.


"Kesh You" тобының дәл осы құрамында Меденовамен бірге ән салып, кейін топ ыдырағаннан соң, өнерде биік белестерді бағындырған арулардың қатарында Жанар Дұғалова да бар. Әнші "Turkvision" байқауында топ жарып, жеке әнші ретінде қатарынан бірнеше бейнеклип түсіріп үлгерді.
Сол сияқты қазақ эстрадасы тарихында әйгілі "АБК", "A-Studio" топтарының әншілері де топ ыдырағаннан кейін, жеке орындаушы ретінде өз жолдарын таба білді. Олардың арасында Батырхан Шүкеновтан бастап, Медеу Арынбаевқа дейін бар.

 



Бөлісу: