Таңмен бірге танылған құм қызы

Таңмен бірге танылған  құм қызы
жеке
блог

Балалық шағында Аралдың топырағында қарадомалақ қазақтың балаларымен ойнап өскен корей қызы қазақ тілін жетік меңгеріп, өз халқының мәдениетімен қатар, туған жері – қазақ жерін қастерлейді. Бүгінде корей ұлтының қызы Ирина Тен «Таңшолпан» таңғы бағдарламасының жүргізушісі ретінде танылып үлгерді.     

 

Қаншама ұлт пен ұлысқа құшағын жайған қазақ халқы өз кеңпейілдігімен ерекше. Қазаны оттан түспей, дастарқаны жиылмаған елдің жарасымды тірлігі өзге мемлекеттерге үлгі боларлықтай. Корей ұлты мен қазақтардың арасында қандай да бір ұқсастықтар болса, салыстырып, қызықтап өскен қыз қазақтың әр баласын бауырындай көреді. Корей ұлтының салт-дәстүрлерінің басым бөлігі де қазақ халқына жақын екен.

         «Корей ұлтының қызы бола тұра, қазақ тілін жетік меңгергендігіңнің сыры неде?» деген сауалымызға Ирина: – Орыс тілі мен қазақ тілінде тілім бірдей шықты десем де болады. Өйткені, үйде әке-шешем орыс тілінде сөйлегенімен, ауладағы балалармен, достарыммен қазақ тілінде сөйлесетінмін. Уақыты келгенде ата-анам мені орыс мектебіне беруді жөн көрді. Арал қаласының №14 орыс орта мектебінде білім алдым. Оқушы кезімде  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлдегер атандым. Қазақ тіліне қызығушылығым сол кезде-ақ оянса керек. Қазақ тілі – мен үшін тек жұмыс құралы емес. Қазақ тілін білгенімнің арқасында Алаштың ақын, жазушыларының мол мұрасымен ешқандай аудармасыз таныстым. Тілдің  құдіреті осы. Ал егер мемлекеттік тіл ретінде айтар болсақ, қазақ тілін білу әр азаматтың міндеті. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды көріп жаным ашиды, – дейді. Осылайша, ол өзінің ойын жасырмай ашық айтты. Студент қыз Ирина көгілдір экраннан көрінген сәтінен бастап көрермендердің көзайымына айналды.

– Журналист болу балалық арманым еді. Бала кезімнен қолдарына микрофон ұстап, түрлі бағдарламалар жүргізген журналистерді көріп, соларға ұқсағым келетін. Алайда, жоғарғы сыныптарда қызығушылығым халықаралық қатынастарға ауа бастады. Көп тіл меңгеріп, өзге халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін зерттеуге қызыға бастадым. Бірақ, қайткенмен де мектеп бітірер шақта балалық арман жеңіп кетті. Журналистика қызық сала ғой. Жаңалықтарды елден бұрын білетін, түрлі оқиғалардың ортасында жүретін – журналистер қауымы. Төртінші билік атанған мамандықтың иесі болу үлкен жауапкершілік. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, біз – «халықтың көзі, құлағы, һәм тіліміз». Барлығымыз халық үшін қызмет етеміз, – деп өз мамандығына деген сүйіспеншілігін жеткізді. «Білгенім тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген қағиданы ұстанған Ирина қазіргі таңда «Таңшолпан» бағдарламасының ең жас жүргізушісі бола тұра, әрбір күнінен сабақ алып жүргендігін айтады.

– «Таңшолпан» бағдарламасында жұмыс істеудің қызығы да, қиындығы да мол. Бүкіл ел күнделікті тамашалайтын «Қазақстан» телеарнасының шымылдығын ашу үлкен құрмет, екінші жағынан өлшенбес жауапкершілік. Алғаш эфирге шыққанда «жай қобалжыдым» деп қоя салсам, өтірік айтқандық болар. Жұмысқа аяғым дірілдеп келген болатынмын. Эфир барысында бар салмақ өз ісінің маманы, әріптесім Берік Көшербекұлына түсті. Жақында ғана алғашқы эфирлерді қайта қарап шығып, бүгінге дейін көп нәрсе үйренгенімді байқадым, – дей келе тікелей эфирде өткен талай қызықтарын еске түсірді. – Мысалы, алғашқы эфирлердің біріне «Сүйегі жоқ жігіт» атанған сиқыр әлемінің шебері бағдарламаның мейманы болған. Әңгіме барысында қонақ кәде ретінде бізге бір сыйқырын сыйламақшы болып, күтпеген жерде құрылыс жұмыстарында қолданылатын құрал-саймандарын сөмкесінен шығарып, өзінің құлағы мен мұрнына сала бастаған. «Жарақаттанып қалмаса екен» деп қорқып кеттім, –  дейді Ирина.

         Теледидардан жұртшылық тележүргізушінің бойындағы бар өнерін аңғара бермесі анық. Қолы қалт еткенде кітап оқуға асығатын Иринаның ән, би, музыка, жалпы өнерге жаны жақын. 2010 жылы университет қабырғасында «Ана тілі аруы» сайысына қатысып, «Сымбатты ару» жүлдесін жеңіп алған. Ондағы өткізілген «Өнер бәйгесінде» қазақтың ұлттық биін мың бұрала билеген қыз қазылар мен көрермендердің ыстық ықыласына ие болған. Сонымен қатар, қазақ халқының «жетім көрсең жебей жүр» деген қанатты сөзін биік ұстап, бос уақытында ата-ананың жылуынсыз қалған балаларға барып тұратын жақсы әдеті бар.

Тұрақты кездесіп тұратын бес балақай бар. Есімдері Эльвира, Дәурен, Арман, Ғани және Эдем. Әр баланың өз ерекше энергетикасы бар. Өте өнерлі, дарынды жандар. Бұл балаларға мемлекет тарпынан қаржылай көмек көрсетіліп тұрады ғой. Бірақ, ол жеткілікті ме? Шама келгенше түрлі сыйлықтармен балаларды қуантуға тырысамыз, бірақ әрқайсысына жеке-жеке берілетін жан жылуы маңыздырақ. Барған кезде махаббатымыз бен қамқорлығымызды аямай, бірге ойнап, сабақтарына қарасып, сырласып қайтамыз. Бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Алдағы уақытта арамыз ажырап кетпесе екен, – деген асыл арманымен бөлісе отырып, іштей балалардың өміріне алаңдаушылық білдіргендей болды. Осы тұста әңгімеміз үзілген еді. 

 

 

Ш.Ашықбаева