Танитындар бар ма өзі?

Көп болды, кездейсоқ бір ауылға адасып келіп, ас-су ішуге бата алмай жүрген жандаймын... Сонымен күллі жазбамды өшіре салып, сәлем-сауқатымды түзеп, үсті басымды реттеп, массагет ауылының қақпасын қайта қаққан жайым бар... Байқағандарыңыздай айтар ойымды жеткізе алмағандай боламын да жүрем бе, болмаса "ауру қалса да әдет қалмайдының" сарынын сүйрелеймін бе, әйтеуір, көп нүктені(...) көбіреек пайдаланқырап жіберетін тұстарым бар...Айып етпейсіздер, асыға сөйлеп, тағы да амандасуды алдап кетейін деп отырған секілдімін... Армысыздар, массагет ауылының тұрғындары!

"Аяғына қарап асын іш"дегендей мұндағы кілең жақсыларды көріп жаным жадырап жүрген жайым бар-тын... "Қой көрмеген қойды қуалап өлтіреді"дегендей көптен демалмай, терең демдердің дәмін татып көрем деп уақыт жоғалтып алыппын. "Ештен кеш жақсы"... "Асыққан шайтанның ісі" деп асығыс жазылған жазбаларыма көңілім толмай, енді жазарымды ойланыңқырап түртіп отырған түрім осы...

Оқу орнымда ылғи оқытушым: "Бірінші өздеріңді таныстырыңдар!"- деп жиі ескертіп жүруші еді... Менің өмірбаяныма кімнің ынтығын қайдам, өзімде өзгенің тағдырын білуге деген өлермендік басым... Ал мендей қызығушылар болса бастап жіберейін...

Оңтүстіктің Ватиканы саналатын ағашқа бай Кентау қаласында туылыппын... Анам 1994-тің 11 қаңтарынан қаймықты ма,мінезімнің жұмсақ болуын қалап Мақпал атаған екен... Әкем ТұРЛЫБЕК, менің сенімді сырласым... Мектепте ана мен әкеге жақын балалар деп екі топқа бөлгенде, жалғыз өзім әкемнен алыстай алмай жалғыз қалып қоюшы ем... "Мен баспаған тау бар ма?" демесем де, 4 бірдей мектепте ауысып жүріп оқуды тауыстым. Аллаға шүкір, өзім армандаған мамандықтың үшінші сатысына аяқ бастым. Киелі Түркістандағы Яссауи бабамның атымен аталар білім ордасынан шыққан білімді журналисттердің бірі болсам деген үмітім мол...

Балалығым жәйлі жарытып ештеңе айта алмаймын... Есесіне ес білгелі өзіме есеп бергенді қатты жақсы көрем. "Абай жолын" тауыса алмай жүрген, оған сансыз қара өлең қаптаған заманды кінәлап құтылатын, поэзияға құмар, көргені мен естігенін түрткіш арманшыл студентпін...

Арман демекші, арманым... Арманым ақын болу... Өмірімнің соңына дейін өзімді осылай өзім атамағанмен, басқалар атайтын күнге жетуді мақсат етемін... Телевизияда тіке тұрып тіл қату қолымнан келсе де, соңғы кездері радионың ауа-райын ұнататынды шығардым. Демек радиожурналист болу - басты міндетім!

Жазушым - тағдыры бөлек жазушылар...

Ақыным - Оңайгүл Тұржан...

Өмірді өмірден бұрын кінәлағанды жақсы көремін... Егер өзім армандаған Францияға аяқ баса алмасам, өз Отанымды түгел аралатып үлгертпеген "ТАҒДЫРДАН" ала жатармын өшімді... 

Меншігімде бары... Жүрегім ғана... Кейде ойланамын, ол да Алланың меншігі емес пе деп...

Эстафеталардан хабарым болғанмен, таяқшаның кімнің қолында жүргенін іздеймін деп ізімді суытып кетермін деп те қаймықтым... Жақсыы жазбалар жариялауға қолымнан келгенше тырысатын боламын... Төрден орын ала қоймасам да көптің ортасынан орын бұйырар деп түннің ортасында ойымды аяқтаймын... 

Мақпал Тұрлыбекқызы Төребек



Бөлісу: