Таңғы сыр...

Таңғы сыр...
жеке
блог

Бүгін де аунақшып ұйықтай алмадым. Ой деген нәрсе бәрібір қажытады екен. 

Дұрысы – уайым дейінші. Әйтпесе, ойланған жақсы ғой. 

Тым әсершілмін. Өзімді қойшы, жүрегімді аяймын. 

Байғұс жүрек баянсыз махаббатты да, сатқындықты да көп көрді. Әсіресе, жақындарың қиналғанда, жаныңды қоярға жер таппайды екенсің. 

Осындайда қайран, балалық шақ дейтіндерге таңғалам. Балалардың да өз уайымы бар. Тек өздері сияқты кішкентай. "Бүгін анам маған кәмпит бермей қойдыдан" басталатын уайым "Өмір маған өзіме тиесілі сыбағамды бермей қойдыға" дейін өсе беретін тәрізді. 

Тура кішкентай баланың бойы өскені сияқты.

Үнемі жадырап, күліп, әзілдеп жүретін адамдарды екі есе аяймын. Олар уайымын күлкімен жасырғысы келетіндер немесе уайымын уақытша ұмыта тұрғандар.

Олар мен сияқтыларды аяйтын шығар. "Е, бейшара, қашан көрсең де, әйтеуір қажып, көңілсіз жүргені... Өмір қысқа!"

Өмірдің қысқа екені рас. Бірақ сол қысқа өмірдің өтіп болмайтын ұзақ күндерін айтсаңызшы...  

Жарқын болашақ қандай болады екен? Қалауымның бәрі-бәрі орындалса... Жан-дүнием ше?

Жарқын болашақ деген адамның алдамшы үміті екен ғой... Бала кезімде оқуға түсуді армандадым. Сол күнге... Сол күнге жетсем... Оқуға түссем бәрі керемет болатындай, одан әрірек ойламаппын. Бала кезімде жарқын болашақ оқуға түсу ғана болыпты.

Ал қазір... 

Қазір жоспарым да, арманым да басқа. Өзіме мұнартқан таудай болып көрінеді. Жүріп келем, жүріп келем. Әлі жете алар емеспін. 

Айтпақшы арманымның аты бар. "Килиманджаро". Токарева деген орыс жазушысының бір кейіпкері екеуміздің арманымыздың аты бірдей. Бәлкім сол кітаптағы кейіпкер мен шығармын. Токарева мені танымаса да, жазушылық түйсікпен дәл мені сипаттап берген болар... 

Бір күні бәрібір жететін сияқтымын.

Өзімді әйтеуір бір нәрсеге татитын адам сезінем. Осының өзі неге тұрады десеңізші, шіркін?! Мен өзіме деген сенімге ие болу үшін көп күрестім. 

Әйтеуір бір рет болса да жеңдім. Өз-өзімді. 

Адамның ең басты жауы - өзі екен. Біреуді тану, біреуге баға беру өзіңнің қасыңда әлдеқайда оңай ма деп қалдым. 

Өзіңді жеңсең, өзіңді бағындырсаң, қалғанын қойшы...

Сурет: elitefon.ru