Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев! Қанықпаған құлақ пен айтылмаған ауыз қалмаған ерен есім. Қазақ қана емес, өзге ұлт та ұлықтай түсетін басшының қамқорлығына бөленгендер басым. Ораз Қауғабайдың "Таңғажайып Қонаев" роман-эссесін халқын ардақтаған ел ағасының ақылмандығын аша білген алғашқы кітап деуге болады. Қырыққа жуық тараудан тұратын туындыда естеліктер жинақталған. Кітапты парақтаған оқырман құран, саятшылық, ақын-жазушылар, жылқы, түс, шетел басшыларымен байланысы басым тылсыммен танысады. Пайғамбар, әулие атанған абыздың сөзді бағалайтыны ақын-жазушылар келгенде аптыға алдынан шыға сәлемдесетінінен аңғарылады. 366 беттік роман-эссені аяқтап болған соң, осы тұрғыдан сараптағанды жөн көрдім. Кешегі Мұхтар мен Мұқағали, Шәмші мен Нұрғиса, Сәбит Мұқанов пен Олжас Сүлейменовтың Димекең естелігінің басты кейіпкерлері екені көңіл қуантады.
Бірде Димекең шетелге іссапармен барады. Салтанатты кездесуде Шәмшінің "Менің Қазақстаным" әні орындалады. Үлкен әсер алған ол елге қайтқан соң Нұрғисаны (Тілендиев) жібереді. Алдына келген Шәмшіден үй-жайы, күйсандығы, жыр жинағы бар-жоғын сұрайды. Бәрі барлығын айтқанда, шыдамай сөзге Нұрғиса араласып түгі жоғын айтып салады. Осыдан көп ұзамай Шәмші үй мен жаңа күйсандықты болады. 3-тарауды тізгіндеген бұл оқиға ешкімді бей-жай қалдырмады. Ішкілікке салынып жүрген Шәмшіні шырғалаңнан алып шыққан кемеңгердің ақылды бейнесі осындада бой көрсетеді.
77 адамы бар Өскеменнен ұшқан әуе кемесінен жалғыз аман қалған Сәбит Досановты емдетуге үлкен күш жұмсаған ел ағасы, кейін жетпісінші жылдары Сәбеңмен кең кабинеттің ортасына келіп, құшақтай сәлемдеседі. Бірде: "Неге уақытында келмедің?Өлгенді тірілте алмаймын, қалғаны қолымнан келеді",-деп өз сөзінің орындаусыз қалмайтынын да серт беріп, сездірген...
18-тарауда Қонаевтың Әуезовты қорғауы керемет баяндалады. Алматыға ат басын бұрған КСРО "генсегі" - Бас хатшы Леонид Ильич Брежнев жиыннан соң Димекең пәтеріне қонаққа келеді. Қуықтай тар ас үйді көріп, досының жұпыны, бірінші басшыға сай емес пәтерде тұратынына көңілі түседі. Брежнев шешімінен соң, сәулетшілер Алматыдан орын таңдайды. Болашақ үй орынын көруге келген Димекең: "Мына киелі мекен-жай, жазушы Мұхтар Әуезовтың тұрған үйі. Қазір оның мұражайы". - Теңіз жанынан құдық қазба,-деген мәтел бар. Мен Әуезовпен қатар тұратын адам емеспін. Ол әлемге әйгілі адам. Мен көп басшылардың бірімін. Міне сондықтан Әуезов үйінен төмендеу жерінен орын іздегендерің жөн болады,-дейді сәулетшілерге ізетпен қарап.
Алматыны білетін қазақ ондағы Абай даңғылын білмеуі әсте мүмкін емес... Алайда осындағы Абай ескерткішін Димекең мен Мұхаңның кеңесе Кәкімжан Наурызбаевтың мүсіндеуімен салғанын алматылықтар біле бермеуі мүмкін. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театр да Асанбай Асқаровтың ұсынысымен Димекең тұсында қаланды.
Сөз өнерін айға балаған Димекеңнің есімі бұл күнде ақын-жазушылар мен елім деген ерен азаматтармен бірге аңызға айналды. Өзінен жоғары қойған Әуезовпен тең дәрежеде ауызға алатындар да аз емес. Бұл кітаптың санаулы беттерінің айтары. Димекең бірде Сәбит Досановқа: "Мен араласатын 8-9 ақын-жазушы бар, оныншысы өзіңсің",-деген екен.
2008 жылы "Қазығұрт" баспасынан аз таралыммен жарық көрген кітап, екінші қайтара 2010 жылы Алматыдағы "Толғанай Т" баспасынан қайта 100 данамен шықты. Қолыңызға түссе қалт жібермеңіз, іздегенге табылуын тілеймін!
МММ.... Мені оқымағаныма өкіндірген кітап қолыма кездейсоқ түсті. Оқу жылының басында сүйікті ұстазым Сейдолла Садықов сабақ үстінде замандасы, әрі бір кездегі топтасы, жазушы Ораз Қауғабайды ерте келді. Орта бойлы, жылы жүзді кісінің жүзіне "жазушы",-дегенді естігеннен үңілумен болдым. Құдды мен үшін жазушының кескіні бөтендеу болатындай көрінді. Қонаев туралы бірер естелік айтып болған соң, қолындағы көкшіл кітапты ұстазыма ұстатты. Көкейдегі сауалыма жауап алып үлгерген мендегі басты ұстаным "анааау бір" ұстазымның қолындағы қолтаңбалы кітапқа қол жеткізу болды. Ертеңгісін қолыма түскен кітапты рахаттана оқыдым... Мұндағы бір дүниемен таныстығым жоқ мен бейбақта өзімнен ұялуға да уақыт болмады... Ең, қызығы, ұстазыма қайтаруға әлі де қимааай жүрмін... Ертеңгісін иесіне табыстар кітап жайлы өздеріңізбен қолымда барда бөлісуді жөн көрдім...