Таңбалы тасқа барғанда
блог
Қыркүйек айының соңғы күні, яғни, 30-ыншы жұлдызында Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің үшінші курс студенттері Аманқос ағайдың бастамасымен «Таңбалы тасқа» барып келдік. Ол жерден алған әсеріміз өте күшті. Бұл сапарда Кәкен Қамзин мен Аманқос Мектептегі ағайларымыз бізге мол ақпарат пен ақыл-кеңестерін айтты. «Бұл ата-бабаларыңның сендерге қалдырған жері. Бұл рухани жаңғыру. Сендер бұл жерден тек тастағы таңбаларды көріп кетпейсіңдер, ата-бабаларыңның батасын алғандай боласыңдар. Сендердің келгендеріңе олар риза болып жатқан шығар...» - деген болатын ұлағатты ұстаздарымыз Кәкен ағай мен Аманқос ағай. Бұл сөздер біздің санамызда мәңгілікке қалады.
Біз барған жер «Қыз Жібек» кинокартинасындағы Төлегеннің таудағы тасқа руының атын қашап жазған жері екен. Яғни, осы кең байтақ далада, көздің жауын алатын сұлулықта, мөлдіреген көл мен биік-биік тауларда қазақтың ең қымбат кинокартинасы «Қыз Жібек» түсірілген. Біз үшін бұл өміріміздегі ең қымбат күн, ұмытылмас естелік, өшпес тарих болды.
«Таңбалы тасқа» барамыз дегенде бәріміздің ойымызға тастарға ойылып жазылған таңбалар елестеген. Ол кезде аса бір қуанбадық. Ол рас. Бірақ қалай бардық, солай ерекше сезімде болдық. Естігенге қарағанда, көзбен көрген аса қымбат дүние екен ғой.
Пах, шіркін, тасқа ойылып салынған бір бейне көргеннен кейін, келесі бейнені тағы көргің келіп, қызығына түсіп, өзің-ақ тау-тасты тіміскілеп іздеп кетеді екенсің... Деректі фильмдерден көретін «садақ атып жатқан адамның бейнесі, жылан, жылқы, арқардың суреттері» бәрі-бәрі көз алдымызда тұрғанына мәз болдық. Сондай өзі бір қызық күн болды.
Ең бірінші, үш будданың суретін көрдік. Ортасында үлкен бейнесі және екі төбесінде екі кішкене бейнесі орналастырылған. Бұған қарасаңыз, алдыңда шынымен де буддалар отырған сияқты болады. Яғни, тірі бейне секілді. «Бұл бейне яғни буддалардың суреттері неге біздің жеріміздегі тастарда салынып тұр?» деген де сауал міндетті түрде туындайтыны рас. Біз бұл сұрақтың жауабын Аманқос ағайдан алдық. Ағайдың айтуы бойынша негізінде будда діні сақтардан тараған екен. Будданы қытайға апарған да сақтар болуы керек. Будда діні біздің ата-бабаларымыздан, яғни, сақтардан бастау алғандықтан да бұл жерде будда дінін ұстанушылардың бейнелері салынған. Міне, осындай тың ақпараттарды біліп қалдық.
Қазақ бір болғанмен, мың руға бөлінетіні белігілі ғой. Сол ру таңбалары да бір үлкен таста қашалып салынған екен. Ол жерде барлық рудың таңбасы да бар. Мысалы, ағай атап өткендерінен есімде қалғандары мына рулар: шапырашты, найман, албан және әрине менің руым адай.
Таза ауа жайлы айтпай-ақ белгілі. Таулы аймақ болғандықтан таза ауа мұрынды жарып жібере жаздайды. Өте керемет. Бір күн қаланың у-шуынан қашып, рахаттанып қалдық.
Менің жеке өз басым сол жерге барғаныма жүрегім жарылардай қуандым. Өйткені, жері, топырағы, тасы, тауы, шөбі, ауасы, соққан самал желі, жаңбыр жауғандағы топырағының саз балшыққа айналып жатқандығы бәрі-бәрі маңғаз Маңғастаудың даласы секілді. Тап бір Маңғыстауда жүргендей сезімдім шыны керек. Мен сияқты жырақта жүрген студенттердің әр нәрседен сағынышын басатын сылтау іздеуі жөнді шығар. Алайда расымен де сол жердің Маңғыстаудың даласына ұқсайтындығын құрбыларым да қостап жатты. Тауда өскен маған тау-тастың айырмашылығы мен ұқсастығы бірден білінеді. Сол себептен де осы қырым сол сөздеріме дәлел бола алады деп ойлаймын.
Қадір тұтатын ұстаздарыңмен бір жерде, таудың бөктерінде, көлдің қасында тап-таза ауада тамақтанып, әңгімелерін тыңдау, өз-арамызда күліп-ойнап жүрген деген өте керемет екен. Бұл жерде әзіл де бар, ойын да бар, қағытпа сөздер де бар, білім санастыру да бар, білгеніңді айтуда бар, өзгенің сөзін тыңдау да бар, белсенділік те бар, таулы аймақтың ыңзғарлы желінен тоңып бүрісу де бар... Жалпы айтқанда бәрі де өз орнымен болып, сапалы дүниелер айтылған, дара тұлғалармен өткізген айрықша күн болды.
Бала кезімізде «Ақсерек» ойынын ойнатын едік. Сол кездерді еске алып «ақсерек, көксерек, бізден сізге кім керек?» деп біз де есейгенімізге қарамастан ойнай жөнелдік. Ағайларымыздың да эмоциясын байқап тұрдық. Көтеріңкі көңіл-күй бәрімізге де ерекше әсер етті. Балаша мәз болып, бір сергіп алдық. Қазақстанның әр түкпірінен жиналған болсақ та бәріміздің де ойнаған ойынымыз да бір, жаттаған тақпағымыз да, айтқан әніміз де бір. Бұл бір қазақтың тәрбиесі бар қазаққа дарып жатқандығының көрінісі іспетті. Қуанарлық жағдай.
Қорыта айтқанда ерекше құрметтейтін Кәкен Қамзин мен Аманқос Мектептегі ағайларымыздың айтқынындай «ұмытылмас күн болды»...
Алматыға қайтар бағытта жол бойы қазақтың өшпес мұрасы болып саналатын өнер әлемін бір қозғап, көптеген өлеңдер айттық. Ағайларымыз да «жастық шақты еске түсірдіңдер» деп рақметтерін айтып жатты. Біз де шын ықыласымызбен рақметімізді жеткіздік. Осы күнімізге шүкір.
Бар алған әсерімді жаза алмадым, шыны керек. Ойымда бәрі сайрап тұрғандықтан ба, бәрін бірдей жазу мүмкін болмады. Сол себепті, таңбалы тасқа барған күнімізге қысқа да нұсқа шолу жасап өттім.
Таңбалы тас немесе Тамғалы жеріндегі бір күніміз өмір деген тарихымызда ойып таңбалатын болды. Қандай ғажап!