Таңбалы тас: Будда дінінің іздері салынған тастар

Таңбалы тас: Будда дінінің іздері салынған тастар
жеке
блог

Алдыңғы аптада Алматы облысы ұйымдастырған "Рухани жаңғыру" жобасы аясында Қапшағай қаласына жақын маңда орналасқан "Таңбалы тас" тарихи жеріне блогтурға барып қайттық.

Бұл таңбалы тастың ерекшелігі бұл жерде Будда дінінің символдары салынған. Бұл жер жайлы ең алғаш рет 1889 жылы белгілі болған. Бұл жерде тек Будда дінінің символдары ғана емес, руна жазуларында көруге болады. Руна жазулары Будда символарынан бұрын жазылған болуы мүмкін дейді ғалымдар. 

Ғалымдар бұл суреттердің пайда болуы туралы үш нұсқа ұсынады. Бірінші нұсқасы: 16-17 ғасырда будда дінін ұстаған жоңғарлар салған дейді. Екінші бір нұсқасы: 9-10 ғасырларда Іле өзені бойымен сауда жасап келген Қытай саудагерлері салған деседі. Үшінші нұсқасы Қазақстан даласында Будда дінін ұстаушылар бұрын өмір сүріп, солар салып кеткен деседі.

Бізге гид болған Бақытжан Молбаевтың сөзіне қарағанда, "бұл жер бекер таңдалынып алынбаған. Себебі, бұл жерде 4 стихияның бір жерде тоғысуын көре аламыз. Бұл жерде суретте байқағандарыңыздай Іле өзені ағады, Шелек желі соғады, күннің сәулесінің түсуі жақсы, таулардың орналасуы ерекше. Будда діні үшін бұл төрт стихия өте маңызды екенін білеміз".  

Бізге гид болған Бақытжан Молбаев, 2017 жылы Алматы облысында «2017 жылдың үздік мұғалімі» болған Текелі қаласындағы №1 орта мектептің география пәнінің мұғалімі екен. Өзі мұғалім ғана  емес экстремал-альпинист екен. Мындағы тауларда жыл сайын альпинистерге алғашқы тауға шығу сабақтары өтеді екен.

Таңбалы тастың орналасқан жері: Қапшағай трассасымен жүріп Қапшағайдан өткесін Бақанас трассасына түскесін #ТаңбалыТас деген белгіден солға бұрыласыз. Алматыдан 120 км қашықтыққта орналасқан. Көлікпен барғанға еш қиындық жоқ. Жолы жақсы. Бір сағаттың ішінде баруға болады. 

"Рухани жаңғыру" жобасы болмаса да өз өлкеміздің тарихын біле жүрейік. Демалыс күндері тек ұйқыны ойламай осындай тарихи маңызы бар жерлерге саяхат жасап тұрайық. Бір жағы белсенді демалыс, бір жағы қосымша ақпарат, бір жағы таза ауа.