Таң шапағының сиқыры

Таң шапағының сиқыры
жеке
блог

   Әрбір күніміздің қарбаласқа толы екендігін мойындамасқа болмайды. Отбасы, жұмыс, үй шаруасы, бала тәрбиесі - осылай барлығына үлгеремін деп жүгіріп жүреміз. Ал аздаған уақыт артыла қалса демалып алғанды жөн көреміз. Үнемі отбасымызды, бізді қоршаған жандарды ойлап жүреміз де, өзімізге мүлде уақыт қалмайтынын тіпті де байқамаймыз. Сонда өзімізге уақытты қайдан табамыз? Түнде шаршағанымыз соншалық еш нәрсе ойлауға шамамыз болмайды. Түсте, шаруа арасында уақыт бөлсек қалай болады? Бірақ бір күні уақыт табыла қойса, бір күні босамай қалуымыз мүмкін. Сонда тек таң қалады ма? Таңертең онсыз да ерте тұрамыз, одан ерте тұру мүмкін емес қой деп қорқатын  боларсыз. Иә, ерте тұру оңай емес. Бірақ таңның сиқырына сеніп көріңіз. Күнде 1 сағатқа ерте тұрып көріңіз. Өміріңіздің қалай өзгергенін өзіңіз де байқамай қаласыз. Сонда таңертең тұрғанда не істейміз? Ең алдымен жан дүниеңізді гармонияға келтіріп, өзіңізбен үйлесімділікте өмір сүруге үйренетін боласыз. Ең басты орындалу керек 6 қағида бар:

1. Тыныштық. Ыңғайлы жерге отырып, өзіңіздің болашағыңыз туралы, асқақ армандарыңыз туралы ойласаңыз немесе жәй ғана тыныштықта отырсаңыз болады. Бұл жаттығуға күніңіздің 5 минутын арнасаңыз жетеді.

2. Аффирмация. Әр таң сайын өз қалауларыңызды қайталай берсеңіз ол сізді сенімге әкеледі. Ал бойыңыздағы өзіңізге деген кішкентай сенімділіктен үлкен істер бастау алады. Кезінде Мұхаммед Әли "Мен мәңгіге ұлы болып қаламын" деген сөз тіркесін қайталап айта берген екен, кейінде шынымен сол атқа лайық адам болды. Сіз де дәл осылай өзіңізге қажетті сөйлемдерді дәптерге жазып алыңыз.  Мысалы: "Менің денсаулығым мықты", "Менің отбасым тату", "Мен отбасымды толықтай қамтамасыз етемін" т.б. Әр таң сайын қайталай берген соң, сіз осылардың әрбіріне ерекше күш сала бастайсыз. Барлығының басы - сенім. Өзіңізге деген сенім.

3. Визуализация.  Бұл уақытта сіз жаңағы айтылған аффирмацияларды елестетуіңіз қажет. Тыныш әуен қосып, көзіңізді жұмып, барлық отбасы мүшелерінің саяхаттап жүргенін, ұлыңызды үйлендіріп, қызыңызды қияға қондырып жатқаныңызды елестетсеңіз болады.

4. Таңғы жаттығу. Егер сіз жаттығуға уақыт бөле алмасаңыз, демек ауруға уақыт бөлесіз деген сөз. Әр таң сайын жүгіріп, бірнеше жаттығу жасасаңыз - денеңіз рахаттанып, жеңілдік сезінесіз. Таңғы жаттығу көңіл-күйіңізді көтереді және осылайша келер күніңіздің жақсы басталары сөзсіз.

5. Кітап оқу. Күнініңіздің 20 минутын кітап оқуға бөлсеңіз миыңыздың жұмысы жақсарып, ойыңыз сергек болады. Күнделікті кітап оқу - сөздік қорыңызды молайтып, өмірге деген көзқарасыңызды жаңартады.

6. Күнделік толтыру. Күнделікке не жазсаңыз да өз еркіңіз. Болашаққа құрған арман-мақсатыңызды жазсаңыз болады немесе келер күнге жоспар құрсаңыз болады. Күнделікті осы 6 қағиданы ұстансаңыз, өміріңіз жаңа бояуларға толып, өзіңізді өмірге қайта келгендей сезім кешесіз.

Күнің қалай басталса, солай бітеді деген сөз бар. Таңертең сол аяғыңмен тұрғансың-ау деп ойнап та жатады. Таңғы шуақтың өмірімізде алатын орны ерекше екенін түсінген боларсыз. Таңғы шапақ жаңа күннің жаршысы ғана емес,  жаңа өмірдің бастауы іспеттес. Таңғы арай бойыңызға күш бітіріп, жаныңызға сергектік сыйлайды. Көкжиектен жаңа шыққан күн шуағына шомылып, таңғы арайға, жаңа күннің туғанына қуану да бір бақыт. Жан-тәніңмен үйлесімділікте болу – қарапайым қағидалардан басталатынын ұмытпағайсыз.