Таң қалдырған Таңсұлу
блог
«Қазақтың қызы қандай болуы керек?!» десеңіз, ойланбастан Таңсұлудай болуы керек дер едім. Әрі сұлу, әрі батыл болу қазақ қызына ғана тән дүние секілді. Бойындағы иба мен игілік тағы бар. Сұлумын деп мақтанбайды, батылмын деп кеудесін соқпайды. Бар жақсыны бойына жинай білген жан. Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» қойылымында айтылғанның барлығына көз жеткізуге болады.
ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің аясында 92 жылдық тарихы бар М.О.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Таңсұлу» қойылымын көрермен назарына ұсынды. Таңсұлу Ұлы Даланың жазылмаған заңы тектілік пен намыстың символы десе болады. Режиссер Алма Какишеваның «Таңсұлуы» көптеген көрермендерге жаңалық болды. Әсіресе, шетелден келген қонақтар үшін. Себебі, олар бұл тарихи оқиғадан бейхабар. Қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл білетін қазақ халқының бітім-болмысы көрсетілетін қойылым әділ қазылар алқасының көңілінен шықты. Әсіресе, басты рөлді сомдаған Ажарлым Бақытжанова тағдыр басқа салған тәлкекті көтере білген, өз сұлулығына өзі зақым келтірген Таңсұлудың бейнесін көрсете алды. Ол көрермендерді өзіне сендіре алды. Көрермен Таңсұлумен бірге қуана білді, онымен бірге мұңайды, онымен бірге тұтқындағы азапты көрді.
Таңсұлу толқытты. Таңсұлу ойландырды. Таңсұлу таң қалдыра алды.
Суреттер instagram.com/qazaqcocert парақшасынан алынды