Қазақ халқының басынан небір зұлмат заман өтті. Бәрі артта қалды, құдайға шүкір. Бодандықты, аштықты, тепкіні көрген көздер бәрін бірдей ұмыта қоймаса да, жараның аузы едәуір жазылды. Алайда кешегі теперішті көп көрген ата-бабаның бүгінгі ұрпағы, әттең, қарны тоқтық, уайымы жоқтық салдарынан азғындыққа жол берді. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Бірақ тоғышарлыққа жол берушілер саны артып барады. Олардың дерті бір-біріне жұғып, көбейіп бара жатқандай. Сонымен, ол қандай дерт?
Қоғамда сотқар, тентек бала, қиын қыз деген тіркесті атау берілген жасөспірімдер қаншама. Өзгеге тұрмақ өз ата-анасына қол көтеріп, мерт қылғандар да бар. Соның бірі - жуырда ата-анасын балталап өлтірді деген суыт хабар. Ата-анасына қол көтермек түгілі, қарсы сөз айтпаған қазақтың қаракөздері неге мұндай әрекеттерге баруда? Бар мәселе – ертеректе қызына қырық үйден тыйым салып, ұлына жасынан жауапкершілікті болуға баулыған қазақтың бүгінгі бала тәрбиесі. Психолог маман Қожағұлова Жазира: «Қазіргі ата-ана баласына рухани байлықтан гөрі материалдық тұрғыдан жағдай жасауға тым қатты көңіл бөледі, яғни бірінші кезекке қояды. Осы тұста тәрбие де шетте қалады. Тәрбиені нақ көрмеген бала ертеңгі күні ата-анасына мейірімі оянды деп ойламасақ та болады»,- дейді. Елімізде жыл сайын 7 мыңнан астам қылмыс жасөспірімдер қолымен жасалатыны анықталған. Қазақстанда осындай қылмыскерлер үшін төрт түрме бар екен. Бұл – арту көрсеткіші.
Ата-ана, шіркін, балам жаман болсын дейді ме?! Қайта олардан асқан тілекші жоқ қой өмірде. Әрдайым шамасы жеткенше қорғап, жан беруге де даяр ғой. Қателік те осында. Шын мейірімді тек бар жағдайын жасау деп түсіну таяздық емес пе? Өмірге бейімдетіп, қаталдықтан өткізіп, сынға шыңдап өсіру, міне, нағыз мейірім, нағыз жанашырлық. Бүгінгі бала – ертеңгі дана. Бүгін олар қалай тәрбиеленсе, ертең өз ұрпағына да сол тәрбиені береді. Бүгін үзілген тамыр ертең қалай жалғанбақ?...